"Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бүгінгі басқосудың маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтіп, осындай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде оның қызметі барынша тиімді болғанын қалайтынын айтқан еді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қаржы саласындағы байланысты нығайта түсу керектігін, осы ретте Түркі орталық банктерінің кеңесін құру қажет екенін айтты.
Оған қоса Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейрсеми саммитінде жасанды интеллектінің көмегімен "Үлкен тілдік түркі моделін" әзірлеуді ұсынды.