Парламенттік реформа бойынша қазақстандықтардың ұсыныстары e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылданады

Фото: Zakon.kz
2025 жылғы 14 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір азаматтың ұсынысын ескерудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Парламенттің Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің айқын нышаны екенін ерекше атап өтті.

"Бұл – ешқашан өзгермейтін ақиқат, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Жалпы, реформаның негізгі мақсаты мен алда атқарылатын жұмыстардың бағыт-бағдары Жолдауда кеңінен айтылды. Референдумға дейінгі барлық жұмысты мұқият әрі байыппен жүргізу қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, білікті сарапшылар өз ойларын ашық айтып, тиімді ұсыныстар әзірлеуі тиіс.

"Дұрыс әрі әділ шешім қабылдау үшін айтылған әр пікір мұқият сараланып, жан-жақты талдануы қажет. Бұл – аса маңызды мәселе. Сондықтан жұмыс тобы өз міндетін жоғары кәсіби деңгейде орындауға тиіс", – деді ол.

Президент нақтылап өткендей, азаматтардың барлық ұсыныстары e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылданып, талданады.

"Біз Әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеруіміз керек. Ата заңға енгізілетін әр өзгеріс мұқият дайындалуға тиіс. Әр бап пен норманың мән-мағынасына терең үңіліп, құқықтық және рәсімдік тұстарды нақты айқындау қажет. Сонымен қатар басқа да көптеген мәселелер туындауы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, атқарылатын жұмыс ауқымды. Сіздерге табыс тілеймін!", – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті бір палаталы ету және Сенатты тарату туралы бастама көтерген болатын. Президенттің айтуынша, бұл реформа елдің жоғары өкілді билігін жаңғыртуға бағытталған және бұған дейінгі саяси өзгерістердің, соның ішінде президенттік билік реформасының, қисынды жалғасы болмақ.

Ал 8 қазанда Мемлекет басшысы "Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы туралы" өкімге қол қойды.

Қазақстан
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда танымал шай түрлерінен қауіпті қоспалар анықталды

Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға сотталды

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер алуға болады – Отбасы банк

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Қазақстан халқының нақты саны белгілі болды