Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты әртүрлі салаларда дамытуға бағытталған нақты уағдаластықтарға тоқталды.
"Келіссөз барысында жасанды интеллектіні және заманауи цифрлық технологияларды жаппай енгізу стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өттік. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті:
"Біз агроөнеркәсіп кешеніндегі әріптестікті жандандыруға мүдделіміз. Әсіресе өсімдік шаруашылығы мен тұқым өндірісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Сербиялық "Mambikom Agrar" компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бұл қадам аграрлық сектордағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық, білім беру және туризм саласындағы байланыстарды дамытуға уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады.
"Атом энергетикасы саласында бейбіт мақсаттағы тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырдық. Бұл екі елдің ғылыми және техникалық потенциалын арттыруға сеп болады. Сонымен қатар энергетика, көлік-логистика, инфрақұрылым және инвестиция саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға келісімге келдік, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, екі елдің ынтымақтастығы тек экономикалық және ғылыми бағыттармен шектелмей, мәдени-гуманитарлық және білім саласындағы әріптестікті де күшейтуді көздейді. Бұл келіссөздер Қазақстан мен Сербия арасындағы стратегиялық серіктестік қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.