Ресми ақпаратты 2026 жылдың 5 наурызында Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы елшілігіне барып, қайғылы оқиғалар салдарынан аталған елдің рухани көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеидің, мемлекет басшылығы өкілдерінің және бейбіт тұрғындардың қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты.
Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесіп, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
"Ирандағы қайғылы оқиғалар салдарынан Иран Ислам Республикасының рухани көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеи мен елдің басшылық өкілдерінің, сондай-ақ, бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың қаза болғаны туралы суыт хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадық. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Қазақстан халқының және Парламенттің атынан барша Иран халқына және қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Мемлекет басшысы халықаралық дау-жанжалдар мен шиеленістерді тек саяси-дипломатиялық жолмен және БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтық нормалары аясында шешу қажет екенін үнемі айтып келеді. Қарулы қақтығыстар кезінде бейбіт халық пен азаматтық нысандарды қорғау басты міндеттердің бірі екені анық. Қазақстан бұл бағыттағы жаһандық бастамаларды қолдай отырып, кез келген жағдайда адамгершілік қағидаттарға табан тіреу және халықаралық шиеленістер мен қақтығыстарды диалог пен келіссөздер арқылы шешу керектігін ерекше атап өтеді. Жағдай тезірек тұрақталып, жанжал реттеледі деп үміттенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Әли Акбар Джокармен әңгімелесу барысында Иран Қазақстанның жақын көршісі және серіктесі екені атап өтілді. Сондай-ақ Сенат Төрағасы еліміздің қақтығысты бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесуге дайын екеніне тағы бір назар аударды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірқатар араб мемлекеттерінің басшыларына қалыптасқан қиын ахуалға байланысты қолдау білдіріп, көңіл айтты.
Соның аясында Қазақстан бауырлас араб елдеріне кез-келген көмек көрсетуге дайын және олардың жоғары басшыларымен тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға үмітті екеніне де мән берілді.