Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның макроэкономикалық дамуы оң динамика көрсетіп отырғанын айтты.
"Болжамдарға сәйкес, одаққа мүше мемлекеттердің жиынтық жалпы ішкі өнімінің өсім қарқыны 2026–2027 жылдары шамамен 2,5%-ды құрайды. Әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық пен құбылмалылыққа қарамастан, өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 95 млрд доллардан асты. Ал биыл өзара сауда көлемі 6%-дан артық өсіп, 100 млрд доллар межесінен асуы мүмкін", – деді Президент.
Оның айтуынша, халықаралық ұйымдардың әлемдік экономикаға қатысты болжамдары көңіл көншітпейді.
"Халықаралық валюта қорының есебіне сәйкес, биыл әлемдік экономиканың өсу қарқыны 3%-ға дейін баяулауы мүмкін. Бұл жаһандық өзгерістер ЕАЭО экономикасына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан одақтың жаңа жағдайларға бейімделуі, ішкі тұрақтылықты күшейту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру міндеттері ерекше өзекті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алдағы дамудың негізгі бағыты – ЕАЭО-ның цифрлық негізін нығайту.
"Цифрландыру мен жасанды интеллектке негізделген жаңа технологиялық кезеңде табыстың басты факторлары – деректерді жылдам өңдеу, автоматтандыру деңгейі және инновацияларды енгізу тереңдігі. Сарапшылардың есебінше, жасанды интеллектке салынған жаһандық инвестициялар 1 трлн доллардан асты. Алдағы жылдары оның әлемдік экономикаға қосатын үлесі 7 трлн доллардан асуы мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол цифрлық трансформация ЕАЭО аясында жүйелі сипат алып келе жатқанын, бұл үдеріс өнеркәсіптен бастап ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтып отырғанын атап өтті.
Президент Қазақстанның мүше мемлекеттердің цифрландыру саласындағы тәжірибесін жоғары бағалайтынын да жеткізді.
"Әрбір ел цифрлық трансформацияның түрлі бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Бірлескен технологиялық бастамаларды дамытып, үздік тәжірибелермен алмасу қажет. Бұл ЕАЭО-ның цифрлық дамуын жеделдетеді", – деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін 28 мамырда өткен Еуразиялық экономикалық форумда Президент жасанды интеллекттің ЕАЭО елдерінің дамуына әсері туралы пікір білдірген болатын.