Тиісті Жарлыққа бүгін, 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Ақмарал Әлназарова 1971 жылғы 16 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын "Педиатрия" мамандығы бойынша, 2006 жылы Қорқыт ата атындағы университетті "Экономист" мамандығы бойынша бітіріп, экономика бакалавры дәрежесін алған.
Қазақстанда және шетелде қосымша білім алып, біліктілігін арттырған. Жоғары санатты ұйымдастырушы-гигиенист дәрігер және жоғары санатты педиатр. Медицина ғылымдарының докторы (2010).
Еңбек жолы
Қызылорда қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігер болып жұмыс істеді.
1997-1999 жылдары Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Қызылорда филиалында кіші ғылыми қызметкер болды.
1999-2001 жылдары облыстық Денсаулық сақтау басқармасында бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
2001-2003 жылдары Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері болды.
2003-2004 жылдары Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасын басқарды.
2005-2007 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің облыстық басқармасының бастығы қызметін атқарды.
2007-2013 жылдары Қызылорда медициналық колледжінің директоры болды.
2013 жылғы ақпаннан 2015 жылғы қарашаға дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2015 жылғы қарашадан 2019 жылғы сәуірге дейін Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасын басқарды.
2019 жылғы сәуірден 2020 жылғы маусымға дейін "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды.
2024 жылғы 6 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарады.