Zakon.kz тілшісі өнер иесінің мұрасын сақтап, дамытып отырған және Қазақстандағы музыканттарды қолдайтын Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қордың директоры Наргиз Шүкеновамен тілдесті.
Әншінің мерейтойына орай қоғамдық қор 20 мамырда Алматыдағы Абай алаңында (Республика сарайы) үлкен арнау концерт ұйымдастырып жатыр. Бұл жолғы ән шашу өзгеше болмақ. Себебі BATYR.GUL ALMATY деп аталатын үлкен кеш симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Қазір концертке қызу дайындалып жатырмыз. Батырхан Шүкеновтің «Отан ана», «Сағым дүние», «Твои шаги», «Джулия» сияқты әндері симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалады. Концертте оркестр ғана емес, гитаристер, бас гитаристер, тамаша вокалистер де өнер көрсетеді. Қатты қобалжып жүрміз. Себебі бұл – қордың ұйымдастырып жатқан алғашқы концерті. Бұл жолғы кеш симфониялық эпос сияқты өтеді деуге болады. Қуат Шілдебаевтың музыкасы өте ауқымды. Оны кең көлемдегі құраммен де ойнап, ұсынуға болады.Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қордың директоры Наргиз Шүкенова
Сонымен қатар биыл Батырхан Шүкенов атындағы қор балаларға арналған кітап шығармақ. Туынды күзде, екі тілде жарық көреді. Батырхан Шүкеновті жас буынға таныстыру мақсатында шығарылады. Қор директоры Наргиз Шүкенованың айтуынша, Батыр туралы жинақ бірнеше кітаптар сериасының бастамасы болады.
Балаларға кітап арқылы Батырды таныстырғымыз келді. Онда еңбек ету, таңдау жасау, шешім қабылдау, өмірде құлау, бірақ қайта тұру, өз жолыңды іздеу деген сияқты бәрінің басынан өтетін жағдайларды айта отырып, балаларға пайдалы болатын дүние бергіміз келеді. Менің достарым мен менен кішілер Батырхан Шүкеновті ата-аналарының кезіндегі тұлға ретінде ғана білуі мүмкін. Батыр біраз адамдарда бұрынғы Алматымен ассоциацияланады. Оның өмірі балалардың жетістікке ұмтылуына, өмірді тануына көмектесетіндей оқиғаларға толы деп ойлаймын. Наргиз Шүкенова
Қор жетекшісінің айтуынша, кітап кішкентай қалада дүниеге келіп, өзін іздеген, сол үшін көп саяхаттаған, тұрғылықты жерін, ортасын ауыстырған, кейде тосыннан шешім қабылдаған адамның өмірі туралы болады.
Адамның кейбір шешімі айналасына түсініксіз болғанда ол өзін жалғыз сезінуі, қорқуы мүмкін. Дәл осындай сәттер қалыпты жағдай екенін, барлық адамның басында болатынын балаларға айтқымыз келеді. Өз жолыңды іздеу, қателесу, жалғыз қалу, отбасыңнан жылу іздеу, айнымас достар табу – осының бәрі қалыпты екенін жеткізетін кітап болады деген үміттеміз. Қазақстан балаларының өз батыры, үлгі алатын тұлғасы болғанын қалаймыз. Себебі елімізде өмірі, жүрген жолы үлгі болатындай тамаша тұлғалар көп. Батыр туралы кітап сол балаларға арналған тұлғалар туралы кітаптар сериасының алғашқысы болады.Қор директоры Наргиз Шүкенова
Сурет: Instagram/shookenation
Бүгінде Батырхан Шүкенов атындағы қор Қазақстандық музыка және өнер иелерімен жұмыс істеуді көздейді. Оның ішінде әсіресе жас таланттарды қолдап, еліміздегі мәдени институтты қалыптастырғысы келеді. Жетекшісінің айтуынша, қордың ең бірінші ден қоятын жұмысы – Батырдың мұрасын сақтап қалу. Одан кейінгі қызмет – жас музыканттар мен өнер иелерін қолдау. Осы қызмет үшін арнайы ұйымдастырылған «Batyr Lab» музыкалық резиденциясы бар. Резиденция – Батырхан Шүкенов атындағы қор мен Болат Өтемұратов атындағы қор құрған музыканттар мен композиторларға арналған Орталық Азиядағы алғашқы білім беру және тәжірибе алаңы.
Қазір біз Алматыда болғанымызбен болашақта өңірлерде де жұмыс істегіміз келеді. Болашақта білім беру бағдарламаларын көбейтіп, қазақша бағдарламалар жасағымыз келеді. «Batyr Lab» музыкалық резиденциясы мәдениет жағынан қалыптастырушы, дамытушы әрі білім беруші институт болғанын қалаймыз. Мысалы, мұғалімдермен кездескенде олар «Елге, жастарға осы бағытта білім беру бағдарламалары жетіспейтін сияқты» деген ойды айтты. Жас қор болғандықтан кез келген ұсынысқа ашықпыз, жасап көреміз, қателесеміз, өзгеріп отырамыз. Қолымыздан бірнәрсе жақсы келіп жатса, соны әрі қарай дамытуға ден қоямыз. Наргиз Шүкенова
Биыл Батырхан Шүкеновтің туғанына 60 жыл толып отыр. Атаулы датада әнші туралы, оның қалдырған еңбегі туралы естелік айтатын, жылы лебізін білдіріп, көзіне жас алатын жанкүйер көп. Наргиз Шүкенова да солардың бірі екенін айтты. Ол «Батыр сіз үшін қандай адам болды, есіңізде ерекше қалған оқиғаны айтыңызшы?» дегенде біразға дейін үндемей тұрып қалды.
Мен үшін ол жай ғана әнші, музыкант, өнер иесі емес, ол – мен үшін Бата аға, жақын ағам. Сондықтан бұл күні Батыр ағам туралы жай ғана естелік айта салу мен үшін қиын. Ең ерекше атап өтетін нәрсе – ағамның менімен бала демей, тең дәрежеде, сыйластық, құрмет танытып сөйлеуі және тыңдауы. Қазір ойлап қарасам, оның бұл әрекеті ең маңызды нәрсе екен. Бала кезден маған тұлға деп қарағаны, менімен санасқаны, құрмет танытқаны мені дәл қазіргі Наргиз етіп қалыптастырды. Қоғамда бала кішкентай, әлсіз ретінде дискриминацияланса, ол адам ересек болғанша өзін іздеп өтеді, таңдауы болмайды. Ал Батыр ағамның арқасында менің таңдауым, еркіндігім әрдайым болды. Наргиз Шүкенова
Сурет Наргиз Шүкенованың жеке архивінен
Батырхан Шүкенов 1962 жылы Қызылордада дүниеге келді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті болып жүріп Байғали Серкебаев, Болат Сыздықов, Владимир Миклошич сияқты музыканттармен танысты. Кейін музыканттар Батырханды өз топтарында саксофонист болуға шақырды. Осы кезден әншінің музыкадағы жолы басталды деуге болады. Кейіннен 2000 жылдары Батыр жеке өнер көрсетіп, этникалық музыкаға келуге бел буады. Осы жылдардан бастап оның жеке альбомдары, ел есінде мәңгі сақталатын әндері жарық көрді.
2015 жылы 28 сәуірде Батырхан Шүкенов дүниеден өтті. Сол күні бүкіл Алматы сүйікті Батырдың әндерін бірге шырқап, бірге жылады. Сол күні Қазақстан Батырымен қимай қоштасқан еді.
Батырхан Шүкеновтің бір ұлы бар. Ұлы Мақсұт қазір АҚШ-та тұрады.
Батырхан Шүкенов тірі кезінде «Мен өмірде маған бірнәрсе үйреткен, ақылын бөліскен, көмектескен адамдарға алғыс айтып жүруге тырысамын. Алғыс айту жүректе мәңгі бақи қалады» дейтін.