Ақтөбелік инженер өзіне күн көлігін жасап, сонымен Қазақстанды шарлап жүр

Ақтөбелік Владимир Силевич өзінің гаражында күннен қуат алатын көлік жинап, онымен Қазақстанды аралап, саяхаттап жүр. Жиһангез Қарағанды Экомузейінде осы бастамаға қайдан шабыт алғанын және өзі жасаған машинасы туралы айтып берді.

Идея қалай пайда болды?

Владимир Силевич – инженер-электроншы. Техникаға бала кезінен жақын. Өзі ерекше көлік жинауды көптен армандапты. Алты ай бойы осы мәселені зерттеген. Содан кейін Mantana деп атаған көлігін  жасау үшін екі ай және шамамен екі миллион теңге қажет болыпты. Ақпаратты Қарағанды әкімдігі бөлісті.

"Мені блогер Никита Поддубнов шабыттандырды. Былтыр ол Қазақстанда қолдан жасалған күн көлігімен жүріп өтіп, автошеру ұйымдастырды. Мұны неге маған да жасамасқа деп ойладым. Қаражат пен уақыт таптым. Мен өзімнің күн көлігімді екі айда гаражымда қолдан келген материалдардан жинадым. Жартылай автомат, дәнекерлеу, тегістеуіш қолдандым, қалғанын қолымның көмегімен жасадым", – дейді ол.


Сурет: Қарағанды әкімдігі




Көліктің әлеуеті қандай?

Машина жеңіл автомобильге өте ұқсас: руль тура сондай, педальдар және басқалары да ұқсайды. Қосымша дөңгелектері "Фольксвагеннен", жүріс дөңгелегі "Жигулидің" компоненттеріне негізделген, электр қозғалтқышы мен панелі Қытайдан жеткізілген. Ал қалған бөлшектер – гаражда дәнекерленген қарапайым металл профиль. Көліктің максималды жылдамдығы – сағатына 47 шақырым. Бұл – саяхаттауға арналған жазғы нұсқа. Машинаның салмағы – 300 келі. Бір адамға есептелген. Ұйықтайтын орын бар, көліктің төменгі бөлігінде азық-түлік, құралдар бар. Саяхатшы көлікке міну ғана емес, онда ұйықтау да ыңғайлы екенін айтты. Владимир екі айдан бері өзінің күн көлігімен саяхаттап келеді.

Күн көлігі жарыстан нешінші орын алды?

Әуелі Владимир жарысқа қатысып, кейін Қазақстанды аралаймын деп шешім қабылдаған. Күн көлігі жарысында Владимир Силевич екінші орын алды. Жарысқа Ресей мен Қазақстаннан 10 конструктор қатысқан. Бағыт 2700 шақырым еді. Старт Оралда берілді, ал үш аптадан кейін жарыс Алматыда аяқталды. Орташа алғанда, қатысушылар 40-45 км/сағ жылдамдықпен күніне 150-200 шақырым жүрген.


Сурет: Қарағанды әкімдігі


"Бұл – менің екінші көлігім. Біріншісін былтыр жинадым. Онымен Алматыға бардым, содан кейін оны фураға тиеп, үйіме пойызбен қайттым. Ал биыл бүкіл Қазақстанды аралап шыққым келді. Көлікті әлі де жетілдіргім келеді. Мысалы, батареяны көбейту керек, аэродинамика туралы ойлану керек, өйткені қарсы жел қатты әсер етеді", – деді Владимир.

Халық пен жол полициясының қызметкерлері мұндай ерекше көлікке қалай қарайды деген сұраққа саяхатшы "Жолда кездескендердің барлығы фотоға түсіп, көлік туралы білгісі келеді" деп жауап берді.

Қарағандыда Владимир алғаш рет Астанаға сапарлап, Көкшетау, Қостанай қалаларына соғып, Ақтөбедегі үйіне қайтпақ.

Қазақстан Ақтөбе Қарағанды
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: