ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Ресей азаматтарының Қазақстанға келу және осы елде болу тәртібі туралы мәселеге түсініктеме берді.
Ресей Федерациясының біздің елге келетін азаматтары санының өсуіне байланысты кейбір қазақстандықтардың алаңдаушылығына орай мына мәселелерді түсіндіру қажет деп санаймыз. Шетел азаматтарының ҚР-ға кіру және болу тәртібі бар, оларды бақылауды ҚР ҰҚК Шекара қызметі және тиісінше ҚР ІІМ жүзеге асырады.ҚР СІМ баспасөз қызметі
Министрліктің мәлімдеуінше, қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етуде.
Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының ҚР аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс екенін атап өтеміз. Сондықтан, қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек.ҚР СІМ баспасөз қызметі
Ведомство өкілдері мемлекетте ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті екенін, бұл орайда ұлттық мүдде бәрінен де жоғары екенін атап өтті.
Айналамызда болып жатқан кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетін боламыз. Әлемде орын алған құбылмалы ахуал біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін сынақ болып отыр. Сонымен бірге, халқымызға тән адамгершілік қасиеттер белгілі бір моральдық ережелерді сақтауды талап етеді. Азаматтарымыз өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болады деп сенеміз.ҚР СІМ баспасөз қызметі
Сыртқы істер министрлігі "Қазақстан – егеменді және тәуелсіз мемлекет, қуатты әрі ұйымшыл ел" екенін тағы да еске салып өтті.
Мемлекет басшысы кез келген жағдайда халық бірлігінің маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі қиын кезеңде кез келген өткір мәлімдеме немесе әрекет жағымсыз әсер тудыруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.ҚР СІМ баспасөз қызметі
Сондай-ақ министрлік өкілдері бүгінгі таңда Қазақстанның инфрақұрылымы көші-қонның қазіргі жағдайынан салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз өтуге мүмкіндік беретінін де тілге тиек етті: қызмет көрсету және сервис объектілері де өз қуаттары аясында жұмыс істейді.
Біз ағымдағы ахуалға мұқият мониторинг жүргізіп отырмыз және елеулі бір қатерлер туындаған кезде халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманы ескере отырып, тиісті шаралар қабылданатын болады. Біз мемлекеттік органдардың ресми және объективті ақпаратына сену маңызды деп санаймыз, бұл қажетсіз алаңдаушылықтың алдын алуға көмектеседі.ҚР СІМ баспасөз қызметі