Қашықтан тапсырыс берілген тауардан ол жеткізілмей тұрып кез келген уақытта бас тартуға болады. Сатушы оны алуды талап ете алмайды. Тіпті тапсырыс беріліп қойса да, өнім жеткізу бөліміне жеткен болса да оны алуды талап ете алмайды.Заң кеңесшісі Жасұлан Айтмағанбетов
Заңгердің айтуынша, Азаматтық кодекстің 452-бабына сай сатушы тауарды сатып алушыға жеткізген сәттен бастап қана шарт орындалды деп есептеледі. Тіпті тауар жеткізілгеннен кейін де Азаматтық кодексінің 454-бабы 14 күнде тауарды айырбастауға, қайтаруға (кей тауарларды қоспағанда) мүмкіндік береді.
Қайтаруға және айырбастауға болмайтын тауарға мыналар жатады:
дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдары;
ішкиімдер;
шұлықтар;
жануарлар мен өсімдіктер;
өлшеп сатылатын тауарлар. Атап айтқанда талшықтардың барлық түрінен жасалған мата, трикотаж және перде матасы, жасанды тері, кілемдер, тоқыма емес материалдар, ленталар, шілтер, тоқыма бау, кабельдер, линолеум, багет, пленка, клеенка;
ұялы байланыс абонент құрылғысы.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалса немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмесе, тұтынушы сатып алу фактісін дәлелдесе, тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс. Жасұлан Айтмағанбетов
Тауарды сатушыға қайтару үшін не істеу керек?
«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңда егер тауар алушыны қандай да бір себептермен қанағаттандырмаса, 14 күнде тауарды айырбастау немесе қайтару мүмкін екені айтылған. Бірақ ол үшін тауар не өнім пайдаланылмауы керек. Сонымен қатар тауарды сатып алғаныңызды көрсететін дәлел болуы қажет.
Сатушы айырбастаудан немесе қайтарудан ауызша бас тартса, онда 14 күнде жазбаша түрде өтініш берілуге тиіс. Шағым электрон түрде де берілуі мүмкін.
Заң талаптарын орындаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы уәкілетті органға, тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне, одан кейін сотқа жүгінеді.