Дәрігер жатыр мойны обыры мен папиллома вирусы туралы айтып берді
Дәрігерлердің айтуынша, әйел мен ерлердің көбі жыныстық қатынасқа түскеннен кейін көп ұзамай АПВ жұқтырады. АПВ инфекциясы жыныстық жолмен берілетін ауру ретінде жіктеледі, дегенмен инфекция енбейтін жыныстық қатынас, яғни жыныс мүшелерінің қарапайым жанасуы арқылы да жұғуы мүмкін.
"Жатыр мойны обыры АПВ-мен байланысты ең көп тараған ауру. Жатыр мойны обырының барлық дерлік жағдайы АПВ инфекциясынан туындайды. Қазақстан Республикасында қатерлі ісікке қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында вирустық инфекциялар (адам папиллома вирусы) тудыратын онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында 2024 жылдан бастап 11 жастағы қыздарды адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жүреді. Екпені тіркелген емханада тегін алуға болады. АПВ вакцинасы АПВ инфекциясының, тиісінше, жатыр мойны обырының дамуының алдын алатыны сөзсіз", - дейді Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Жанна Кужаева.
АПВ кейбір түрлері тік ішек, сарпай, қынап, жыныс мүшесі және ауыз-жұтқыншақ ісіктерінің де себебі болуы мүмкін. Жатыр мойны обыры сияқты бастапқы алдын алу әдістерін қолдану арқылы олардың да алдын алуға болады.
Кейбір онкогенді емес адам папиллома вирусы, әсіресе 6 және 11 типтегі АПВ, жыныс мүшелерінің сүйір түймешігі және респираторлық папилломатозды (мұрын мен ауыздан өкпеге апаратын тыныс жолдарында ісік пайда болатын ауру) тудыруы мүмкін. Бұл патология өлімге сирек әкелгеннің өзінде де, ауру айтарлықтай таралуы мүмкін. Жыныс сүйір түймешіктері жиі кездесетін өте жұқпалы және жыныстық өмірге теріс әсер ететін ауру.
АПВ инфекциясының тәуекел тобына жыныстық белсенді адамның бәрін дерлік жатқызуға болады, бірақ ең осал тобы - жыныстық серіктесті жиі ауыстыратын 18-ден 29 жасқа дейінгі жастар тобы.
Жұқтыру жолдары:
1) жыныстық қатынас;
2) трансплацентарлы жол;
3) перинаталдық (өте сирек);
4) тұрмыстық байланыс, бұл ретте АПВ аутоинокуляциясы және тұрмыстық заттар арқылы берілу мүмкіндігі жеткіліксіз зерттелгенін атап өту керек.
Созылмалы АПВ инфекциясының және жатыр мойны обырының қауіп факторлары:
АПВ онкогендік дәрежесі (вирустың қатерлі ісік туғызу қабілеті);
- иммунитеті төмен адамдар, атап айтқанда, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар, созылмалы АПВ инфекциясының жоғары қаупіне және ісік алды зақымданулар мен қатерлі ісіктердің жедел дамуының жоғары қаупіне ұшырайды;
- жыныстық герпес, хламидиоз және гонорея сияқты қатар жүретін жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың болуы;
- анамнездегі босану саны және ерте жастағы босанулар;
- темекі шегу.
Жанна Кужаева профилактикалық шараларды да айтты. Оның сөзінше, басты алдын алу шаралары - вакцинация, скрининг және жыныстық сауат.
"АПВ вакцинасы қауіпсіз және тиімді. Ұсынылған жас тобында қолданғанда ол АПВ тудыратын аурулардан (соның ішінде қатерлі ісік) қорғай алады. Ал 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдердің жатыр мойны обырына жүйелі түрде скринингтен өтуі жатыр мойны обырының алдын алады. Жыныстық тәлім жыныстық қатынасқа түскен сайын латексті презервативті дұрыс пайдалануды қамтиды. Бұл АПВ жұқтыру мүмкіндігін азайтады. Дегенмен АПВ презервативпен қорғалмаған аймақтар арқылы да жұғуы мүмкін, сондықтан презерватив АПВ инфекциясынан толық қорғай алмайды. Сол себепті өзара моногамдық қарым-қатынасты және салауатты өмір салтын ұстаныңыз", - деп түйіндеді маман.