Ономастика – мемлекеттік идеологияның негізі
Мемлекеттік тұрғыда маңызды мәселенің төңірегінде әңгіме өрбітіп, тұрғындармен түсінік жұмысын жүргізгендердің қатарында танымал саясаттанушы, ғалым Досмахамбет Көшім, М.Өтемісов атындағы БҚМУ деканы, философия ғылымдарының докторы Айдарбек Ақболатов, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жасқайрат Ерназаров бар. Ал олармен жүздесуге еңбек ардагерлері, тіл жанашырлары, жастар келді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ауыл-елді мекен атаулары қазақшаланып, Кеңес үкіметі таңған мағынасыз атаулардан арыла бастадық. Бірақ бұл жұмысқа әлі де қарқын үстеу керек.
Еліміздің оңтүстігі, батысында ономастика бойынша жақсы мысалдар бар. Біздің мақсатымыз – мағынасы, тарихи маңызы жағынан ескірген осындай жер-су атауларын өзгерту. Себебі әрбір атаудың артында үлкен идеология жатыр, ұрпақ тәрбиесі де осыған келіп тіреледі, – деді кездесуде ономастика саласының қыр-сырынан хабар берген Дос Көшім.
Сурет: Ақжайық ауданы әкімдігі
Әрине, ауыл-елдің атауын өзгерту керек екен деп, қайсыбір атауды таңып, жоғарыдан ешкім мәжбүрлей алмайды. Оның бірнеше жолы бар. Басқосуда саясаттанушы осы әдістердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Айталық, жер-су атауы идеологиялық тұрғыда ескірген кезде, тарихи атаулар қайтарылуы қажет болғанда, сонымен қатар елді мекендерге сол аймаққа еңбегі сіңген азаматтардың есімі берілерде өзгертіледі, өзгертіліп те жатыр. Әрине, мұның бәрі бір күнде шешіле кететін шаруа емес, уақытты да, түсіндіруді де талап етеді. Кездесуде сөз сөйлегендер осыған назар аударды.
Кездесуде еңбек ардагерлері тәуелсіздікті нығайтуда басымддыққа ие ономастикадағы мәселелерді шешу бойынша өз ойларын ортаға салды.
Сурет: Ақжайық ауданы әкімдігі