Жаңа жылды бірге тойлау отбасылық құндылықтарды қалай нығайтады
Кез келген адам Жаңа жыл деген сөзді естігенде жүрегінде жылулық пайда болғандай сезімге бөленеді. Өйткені бала кезінде әкесі мен анасының жанында осы бір атаулы күнді тойламаған адам кемде-кем. Жаңа жыл – отбасылық мереке ретінде тәтті естеліктерге толы.
Сондай-ақ бұл күні мемлекеттік дәрежеде демалыс берілетіндіктен, бәрі үйде, отбасының жанында болады. Отбасы толық құрам болып бір дастарханда жиналып, көптен көріспеген туысқандардың басы қосылады.
Мәселе шырша, Аяз Ата, Ақшақарда емес, шыршаны құру, оны безендіретін заттарды бірге жүріп сатып алу, ойнап-күліп жүріп безендіру үрдісі отбасы мүшелерін бір-бірімен жақындастырады. Ал Аяз Ата мен Ақшақар болып киіну арқылы балаларға көтеріңкі көңіл-күй, естерінде мәңгі қалатын жылы шақ сыйлауға болады.
Сонымен қатар Жаңа жыл – сыйлық беруге арналған таптырмас мүмкіндік. Сыйлықтың құны емес, адамның көңілі маңызды, сондықтан қымбат болса да, арзан болса да сыйлық беру кез келген жанның қабағындағы мұңды сейілтеді.
Күнделікті күйбең тірлікте адамдар бір-біріне жылы сөздер айтуға үйренбеген. Өйткені күнделікті жасайтын жұмыстар арасында жылы сөзге уақыт табылмай жатады.
Жаңа жыл түнінде ешкім ешқайда асықпайды, уақыт сол жерде тұрып қалғандай күн сайын жанталасатын адамдар бір сәт аялдап, өзіне, жанындағы жақындарына үңіледі. Өз-өзінен есеп алады. Өткен жылға өкпе артпай, жаңа жылдан жақсылық, ғажайып күтеді.
Сондықтан отбасының әр мүшесінің өмірін жарқын сәттерге толтыру үшін жанұялық дәстүрлердің болуы өте маңызды.
Біз аналардан бұл күнді қалай өткізетіндерін сұрадық. Аналардың пікірі екіге бөлінді. Бірі тойлау керек десе, бірі бұл күн – тек күнтізбенің ауысатын уақыты ғана деп есептейді.
Жанна Нұрымбетованың сөзінше, бұрын Жаңа жыл жақсы тойланатын, алайда қазір тойламайтынын айтады.
"Бала кезімде Жаңа жыл күні анам мандарин қойып, оливье жасайтын. Үйімізде дождиктен жасалған шырша болды, түнгі он екіде президентіміз сөз сөйлеген соң, қағазға тілек жазып, оны өртеп тастайтынбыз. Мектептегі бал-маскарад пен отшашу есімде қалыпты. Ал қазір өмірге деген көзқарасым өзгеріп, мүлде тойламаймыз. Алайда балаларымыздың Жаңа жылда сыйлық алуына тыйым салмаймын", - дейді Жанна.
Салтанат Сыдықова болса, бұл күннің өзге күндерден ерекшелігі жоқ деп есептейді.
"Оқушы кезімізде мектеп тарапынан тойлаушы едік. Отбасында аса мән берген жоқпыз. Қазір де тойламаймыз. Тойламауға тырысамыз. Ата-апалары сыйлық беріп жатады. Өз басым керемет мереке деп сезінбеймін, қыздарыма сездірмеймін", - дейді Салтанат.
Ал Жүзімгүл Есеннің сөзінше, Жаңа жыл – көңіл-күйдің мерекесі.
"Қазір Жаңа жылды біздің мейрам емес деп тойламайтындар көбейді. Алайда біздің отбасыда дәстүр жалғасады. Сол күні балаларыма сыйлық жасаймын, Құдайдан қажеттіліктерімді сұраймын. Өзім де сыйлық аламын, құрбыларыма, туыстарыма сыйлық жіберемін. Күліп, қуанып жүруге тырысамын. Өйткені біздің өміріміз осындай мерекелерден алған әсерден тұрады", - дейді Жүзімгүл.
Мейіргүл Оңғарова