Қазақ тіліндегі заң жобалары енді аударма мәтінінде емес, түпнұсқа тілінде жазылады
Заң жобасын толыққанды қамту үшін эфирге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Құқықтық насихат және үйлестіру департаментінің директоры - Назкен Жамаладин, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ұйымдастыру-талдау жұмысы департаменті директорының орынбасары - Рамазан Көкжалов және MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY профессоры - Сағидолла Баймұрат қатысып, тақырыптың өзектілігін айқындады.
Заң жобасының мақсаты мен міндеті заңнаманың тұрақтылығын арттыру, заңнама тілінің қолжетімділігін халыққа және нысаналы топтарға толық әрі түсінікті етіп жеткізу.
Эфир басында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Құқықтық насихат және үйлестіру департаментінің директоры Назкен Жамаладин заң жобасын қабылдау процесін кезең-кезеңімен түсіндіріп өтті. Оның ішінде, "Ашық НҚА" порталының маңыздылығына баса назар аударды.
"Заң қабылдау жолында бұл этаптың маңыздылығы зор. "Ашық НҚА" порталы - бұл нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қоғамдық талқыға салуға арналған алаң. Бұл жерде сіз әлі бекітілмеген заң жобаларын талқылауға қатыса аласыз. Сондай-ақ, сіздің пікіріңізді мемлекеттік орган міндетті түрде назарға алып, кері байланысқа шығуы керек".Назкен Жамаладин
Сонымен қатар, сарапшы мемлекеттік орган заң жобасын әзірлеу кезінде ғылыми сараптама деректерін негізге ала отырып жасайтынын да тілге тиек етті.
Назкен Жамаладиннің айтуынша, заң жобасын қабылдауда қоғамдық талқының маңызы зор. Осы жолда аталмыш "Ашық НҚА" порталының жұмысымен тоқтап қалу жеткіліксіз. Халық белсенді атсалысатын жаңа форматта жұмыстар атқару керек.
"Мәселен біз өткенде "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі" туралы заң жобасын әзірледік. Оны "Ашық НҚА-ға" қоғамдық талқылауға жібергенде, келіп түскен пікірлер саны өте аз болды. Былай қарасақ, бұл жобаның артында Түркістан қаласы халқының мүддесі жатыр. Сондықтан да, бұл жұмысты жеткіліксіз деп санап, жауапты органдармен Түркістан қаласына барып, жергілікті халықпен, маслихат депутаттарымен, зиялы қауыммен кездесу өткіздік. Жиында жалпы заң жобасын түсіндіріп, белсенді түрде халықтың кері байланысын ала алдық",- деді ол.
Спикердің сөзінше, бұл жердегі мақсат заң шығару процесіне жергілікті халықты тарту.
Ал, келесі сарапшы Рамазан Көкжалов заңның жалпыға бірдей түсінікті болуының маңыздылығына тоқталды.
"Егер заң мәтіндері түсінікті және нақты жазылса, құқықтық айқындық артады. Оның оқылудағы қолайлылығы құқықтық сенімділікті нығайтады. Сондай-ақ, қабылданған нормалардың бұзылуын азайтып, заңның орындалуын жақсартады".Рамазан Көкжалов
Маманның айтуынша, құқықтық мәтіндердің түсініктілігін қамтамасыз ету үшін келесі факторларды назарға алған жөн:
- терминдердің қысқалығы мен түсініктілігі;
- қайталанулар санының аздығы;
- бастауыш пен баяндауыштың дұрыс орналасуы;
- тұрлаусыз мүшелердің (анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш) дұрыс қолданылуы;
- сөйлемнің, баптардың қысқалығы;
- сөз тіркестерінің қарапайымдылығы.
Заң жобасын әзірлеу кезінде күрделі және көпсөзді терминдерді жиі қолданады. Бұл заңды түсіндіруді қиындатады - дейді сарапшы.
"Терминдерді қысқа әрі нақты етіп қолдану арқылы, мәтінді қысқартып, оқылымдылығын жақсартуға болады",- деп толықтырды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ұйымдастыру-талдау жұмысы департаменті директорының орынбасары Рамазан Көкжалов.
Сарапшының сөзінше, заң мәтініндегі сөздердің жиі қайталануы оқырманды шаршатып, оның мағынасын түсінуді қиындатады.
"Қайталанулар санын азайту үшін қысқа белгілерді енгізу керек. Сондай-ақ, қайталанатын ұзын сөз тіркестерінің орнына қысқа терминдерді қолданған жөн". Рамазан Көкжалов
Сондай-ақ ол сөз тіркестерінің қарапайымдылығы мен сөйлемнің ұзындығын да қарау керектігін айтты.
"Осы ереженің аясында бір сөйлем 30 сөзден аспау керек деген тұжырымға келдік. Сондай-ақ, екіден артық есімше қолданылмауы керек. Тұрлаусыз мүшелердің де қолданылуын азайту қажет",- деді сарапшы.
Маманның қортындысы бойынша мәтінде келесі заңдылықтарды сақтаған жөн:
- мәтінде 3 терминнен артық қолданбау;
- қайталанулар санының 4-тен аспауы;
- бастауыш пен баяндауышқа және сөйлемнің тұрлаусыз мүшелеріне назар аудару;
- баптардың шамадан тыс көп болмауы;
- кез-келген сөйлем 30 сөзден аспауы тиіс.
Ал MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY-нің профессоры Сағидолла Баймұрат, қазақ тіліндегі заң жобалары орыс тілінен "аударма" болып табылғандықтан, көптеген келеңсіз түсініспеушіліктер орын алып жататындығын айтты.
"Мысалы, орыс тіліндегі заң терминдерінде кездесетін "открытость и прозрачность" терминін тіл мамандары "ашықтық және ашықтық" деп аударып жатады. Бұл дұрыс емес, заң тұрғысында екі терминнің маңыздылығы әртүрлі. Дұрыс аудармасы "ашықтық және айқындық". Міне, осы сынды қателер көп. Оның себебі қазақ тіліндегі заң терминдерін өз мамандары емес, филологтар мен аудармашылар қалыптастырып жатқандығында. Сондықтан да заң терминдерін қазақ тілді заңгерлер құрастырғаны жөн". Сағидолла Баймұрат
Қазақ тіліндегі заң жобасын дұрыс құрастыру аясында қарастырылады:
- Теңдік нұсқалық (заң жобасы қазақ тілінде де орыс тілінде де дұрыс мазмұны бойынша қолжетімді болуы);
- Сөздік қормен біріздендіру (екі тілдегі заң терминінің бірігуі).
Аталмыш заң жобасы 2024 жылдың 26 маусымына дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталына орналастырылған.