Өңірлік нышандарды әзірлеу: ережелер дайындалды
Сурет: primeminister.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігі Өңірлік нышандарды әзірлеу туралы Үлгілік қағидалардың жобасын дайындады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Өңірлік нышандардың жобасын әзірлеуде геральдикалық тәртіпті, мемлекеттік мүддені, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді, халықтар бірлігін, мәдени, тарихи, географиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктер ескеріледі.
Бұл ретте:
- өңірлік нышандарды әзірлеуде мемлекеттік рәміздердің элементтерін қолдануға, сондай-ақ діни, рулық, тайпалық, қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін өзге де белгілердің бейнеленуіне тыйым салынады;
- өңірлік нышандарды әзірлеуде жергілікті жердің тарихы мен оның дамуына қатысты тарихи және табиғи ерекшеліктері қамтылуы қажет;
- өңірлік нышандардың жобасы бұрын қолданыста болмаған және өзінің жасалу ерекшелігімен елді мекеннің келешек бағыт-бағдарын айқындайтын тың туынды болуға тиіс;
- өңірлік нышандарда археологиялық, архитектуралық, балбалдық, таңбалы тастардағы белгілерді қолдану мүмкін;
- өңірлік нышандар жобасын әзірлеуде ұлттық этнографиялық элементтерді (ою-өрнектерді) пайдалануға шектеу қойылмайды;
- өңірлік нышандардың визуалды тұрғыда анық, көлемді, бедерінің айқын болуын ескеру қажет. Жасалу форматына және қолданылатын түстерге шектеу қойылмайды;
- өңірлік нышандарда ресми атаулар мемлекеттік тілде жазылуы керек;
- өңірлік нышандардың жобасын әзірлеуде авторлық құқықты бұзуға немесе плагиатқа жол берілмейді;
- өңірлік нышандарды жасаушы негізгі авторынан басқа қосалқы авторы (соавторство) болуы мүмкін;
- өңірлік нышандардың жобасын әзірлеу кезінде мемлекеттік саясатқа, идеологиялық позицияға, елдің бірлігіне теріс әсер ететін бейнелерді пайдалануға жол берілмейді.
Жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың міндеттері
Жергілікті атқарушы органдар осы Үлгілік қағидада айқындалған негізгі міндеттерді жүзеге асырады:
- өңірлік нышандарды әзірлеу, пайдалану және жетiлдiру жөнiндегi мәселелерді әкімшілік-аумақтық бірліктердің құзыретті органдарында (Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау саласындағы уәкілетті орган) қарастырады;
- өңірлік нышандарды әзірлеу, пайдалану және жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды әзірлейді;
- өңірлік нышандардың өзектілігі, мазмұны, жалпы стилистикалық безендірілуі мен көркемдік маңыздылығы жөнінде, оның ішінде мемлекеттік саясат пен жалпы мемлекеттік құндылықтардың басымдықтарына сәйкестігі бойынша ұсыныстар енгізеді;
- өңірлік нышандарды пайдалану мәселелері жөнiндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады;
- өңірлік нышандар жобасын қоғамдық талқылаудан кейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларының және облыс әкімдерінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялар отырысында қарауға ұсынады;
- Астана, Алматы және Шымкент қалаларының және облыс әкімдерінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясының оң шешімін алған өңірлік нышандарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті орган жанындағы Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің қарауына ұсынады;
- өңірлік нышандарды пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға байланысты мәселелерді талқылауға қатысады;
- мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өңірлік нышандарды пайдалану бойынша қажетті материалдар мен құжаттарды сұратып, оның негізінде талдамалық материалдар әзірлеп, ұсыныстар енгізеді.
Өңірлік нышандарды қолдану тәртібі:
- өңірлік нышандар жергілікті деңгейдегі мәдени, көпшілік, спорттық, рухани іс-шараларда қолданылады;
- өңірлік нышандар республикалық маңызы бар қалалар, облыстар мен аудандардың өлкетану мұражайларында, ақпараттық, анықтамалық, танымдық, тарихи, мәдени, ғылыми, өлкетанулық газет, журналдар мен порталдарда, телеарналарда, сайттарда, қала, облыс, ауданға кіреберістегі көрсеткіштерде, аркаларда, қалалық, облыстық, аудандық спорт шараларында, спорттық киімдерінде, жалпы білім беретін мектептердің іс-шараларында, киімдерде, ескерткіштерде қолданылады;
- өңірлік нышандарды үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, жекеменшік мекемелердің және жергілікті кәсіпкерлердің тауарлық белгілерінде пайдалануға рұқсат етіледі;
- өңірлік нышандарды республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың, аудандардың мерейтойлық медальдары мен алғыс хаттарында, шақыру хаттарында, кәдесыйлық өңімдерде және облыстың құрметті азаматына берілетін марапаттарда пайдалануға рұқсат етіледі;
- өңірлік нышандарды мемлекеттік органдарда, сот, прокуратура, әскери бөлімдер мен басқа да өкілетті органдардың бірінші басшыларының кабинеттерінде мемлекеттік рәміздермен қатар ілуге (қоюға) және пайдалануға тыйым салынады.
Құжат 23 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript