Қазақстандықтардың скринингтік зерттеулерден қашан өту керектігі белгілі болды
Қағидаларда скринингтік зерттеулер – әртүрлі аурулардың ерте сатысында дамуын, сондай-ақ олардың пайда болу қауіп факторларын анықтау және алдын алу мақсатында клиникалық белгілері мен шағымдары жоқ халықты медициналық тексеру кешені болып белгіленді.
Скринингтік зерттеулер меншік нысанына қарамастан амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында, оның ішінде скринингтік зерттеулер түрлерін ескере отырып медициналық қызметке лицензиясы бар жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздарды пайдалана отырып жүргізіледі.
Жұмыс берушілер осы қарап-тексерулерге жататын адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде скринингтік зерттеулерден өту үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ жұмыскерлерді олардан өту үшін жұмыс уақыты кезеңінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс орнын (лауазымын), орташа жалақысын сақтай отырып, кедергісіз босатады.
Скринингтік зерттеулер динамикалық байқауда тұрмайтын адамдарға аурулардың тиісті түрлері бойынша жүргізіледі.
Скринингтік зерттеулер жүргізу тәртібі
АЕК ұйымдары скринингтік зерттеулерді кейіннен динамикалық байқау және халықты сауықтыру арқылы жүзеге асырады.
Скринингтік зерттеулерді жүргізу үшін АЕК ұйымдары:
- халықтың медициналық ұйымына бекітілген адамдардың қатарынан скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын қалыптастырады;
- осы Қағидаларға 1, 2 және 3-қосымшаларға сәйкес скринингтік зерттеулер шеңберінде қызметтерді дәйекті көрсету бағытын әзірлейді;
- халықты скринингтік зерттеулерден өтудің мақсаттары, қажеттілігі және тәртібі туралы хабардар етеді;
- скринингтік зерттеулерден өтуге қоңырау шалу, SMS-хабарлама, үй-үйді аралау, сондай-ақ ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттардағы ақпараттық науқандар арқылы шақырады;
- МАЖ-ға нәтижелерді енгізумен скринингтік зерттеу қызметтерін көрсетеді;
- денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейін ақпарат бере отырып, жүргізілген скринингтік зерттеулерге ай сайын талдау жүргізеді.
Скринингтік зерттеулер жүргізу мыналарды қамтиды:
- дайындық кезеңі;
- негізгі кезеңі:
- пациенттің денсаулық жағдайындағы патологиялық өзгерістердің болуын немесе болмауын анықтау үшін бірінші кезеңінен;
- түпкілікті диагноз қою арқылы қосымша зерттеп-қарау жүргізу үшін екінші кезеңінен;
- қорытынды кезеңінен тұрады.
Дайындық кезеңін АЕК ұйымының орта медицина жұмыскері жүзеге асырады және мыналарды қамтиды:
- күнтізбелік жылдың 15 қарашасына дейін алдағы жылы скринингтік зерттеулерге жататын нысаналы топтардың тізімін кейіннен ай сайынғы нысаналы топтарға түзету енгізе отырып, жыл сайын қалыптастыру және жасау;
- халықтың нысаналы топтарын скринингтік зерттеулерден өтудің мақсаты, қажеттілігі және тәртібі туралы хабардар ету;
- скринингтік зерттеулердің жедел және уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін бейінді мамандардың, клиникалық-диагностикалық зертханалардың және аспаптық зерттеулердің жұмыс графигімен синхрондау арқылы халықтың нысаналы тобын скринингтік зерттеулерге шақыру.
Бірінші кезең пациенттің жағдайындағы қалыпты денсаулық көрсетілімдерінен ауытқулардың болуын анықтау үшін жүргізіледі және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметтер кешенін білдіреді.
Бірінші кезеңде ОМЖ дәрігерге дейінгі көмек кабинетінде мыналарды жүргізеді:
- сауалнама бойынша сұрау жүргізу;
- антропометрия (салмақ, бой, белінің өлшемі), Кетле индексін есептеу;
- қан қысымын өлшеу ;
- экспресс-тесттерді қолдануымен зертханалық зерттеулер;
- скринингтік зерттеуге сәйкес биологиялық материалды жинау;
- осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес диагностикалық зерттеуге жолдаманың үзінді көшірмесін беру.
АЕК ұйымының дәрігері бірінші кезеңдегі скринингтік зерттеп-қарауды:
- қалыпты денсаулық көрсетілімдерінен ауытқу болмаған жағдайда;
- денсаулыққа қауіп факторларының (ДСИ>25, зиянды әдеттер, ұйқы мен демалыс режимінің бұзылуы) болуын анықтаған кезде және ҚҚ қалыпты көрсетілімдері, саламатты өмір салты бойынша консультациялар және мінез-құлықты өзгерту бойынша ұсынымдар жүргізе отырып, зертханалық-диагностикалық зерттеулердің нәтижелері кезінде аяқтайды.
Пациентте қалыпты денсаулық көрсетілімдерінен ауытқулар болса, АЕК ұйымының дәрігері скринингтік зерттеу түріне байланысты МАЖ-да жолдаманы қалыптастыру арқылы оны скринингтің екінші кезеңіне жібереді.
Скринингтік зерттеудің екінші кезеңі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес толық зерттеп-қарау арқылы қалыпты денсаулық көрсетілімдерінен ауытқу себептерін белгілеу үшін жүзеге асырылады.
В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға қарап-тексеруге жататын медицина жұмыскерлері бекітілген орны бойынша АЕК ұйымдарында скринингтік зерттеулерден өтеді.
Гемодиализ, гематология, онкология, трансплантация, жүрек-тамыр және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері, жоспарлы операциялық араласуларға түсетін пациенттер, гемотрансфузия (жоспарлы тәртіппен), ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), тіндерді, жыныстық, феталдық, дің жасушаларын және биологиялық материалдарды трансплантаттау және ауыстырып отырғызуды алатын пациенттер, жүкті әйелдер бекітілген жері бойынша АЕК ұйымдарында скринингтік зерттеулерден өтеді.
Өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары тәуекеліне ұшырайтын халықтың негізгі топтарындағы адамдар АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметтін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарында АИТВ инфекциясына тестілеу үшін жүгінген кезде скринингтік зерттеулерден өтеді.
Скринингтік зерттеулердің қорытынды кезеңі скринингтік зерттеулердің нәтижелерін талдауды және анықталған патологиясы бар пациенттерді динамикалық байқауға қоюды, МАЖ-да деректерді толтыруды аяқтауды, скринингтік зерттеулердің нәтижелері туралы халықты хабардар етуді қамтиды.
Жағдайдың аяқталуы – МСАК ұйымына диагностика (қорытынды диагноз), емдеу (нәтижесі (көмек көрсету нәтижесі) бойынша өтінішіне сәйкес қызмет көрсету бағытының соңында шешімді МАЖ-да тіркеу.
Жүргізілген скринингтік зерттеулердің нәтижелерін осы зерттеулерді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері электрондық денсаулық паспортына енгізеді.
Техникалық мүмкіндік болмаған кезде медициналық құжаттама кейіннен МАЖ-ға бір күнтізбелік айдан кешіктірілмей енгізіле отырып, қағаз түрінде ресімделеді.
Скринингтік зерттеулерге жататын халықтың нысаналы топтарын скринингтік зерттеулердің көлемі
- Артериялық гипертензиямен, жүректің ишемиялық ауруымен, мінез-құлық қауіп факторларымен динамикалық байқауда тұрмаған 30, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер
- Глаукомамен динамикалық байқауда тұрмаған 30, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер
- Қант диабетімен динамикалық байқауда тұрмаған 30, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер
- Сүт безінің қатерлі ісіктерімен динамикалық байқауда тұрмаған 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы әйелдер
- Жатыр мойнының қатерлі ісіктерімен динамикалық байқауда тұрмаған 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66, 70 жастағы әйелдер
- Жуан ішектің қатерлі және қатерсіз ісіктерімен динамикалық байқауда тұрмаған 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер
В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға тәуекел топтарына скринингтік зерттеулер жүргізу мерзімдері
- Медицина жұмыскерлері:
- гемодиализбен айналысатын, қанды қайта өндіруге қатысатын инвазивтік емшаралар жүргізетін қан қызметі ұйымдары;
- хирургиялық, стоматологиялық, гинекологиялық, акушерлік, гематологиялық бейіндер, сондай-ақ диагностика мен емдеуді жүргізетін инвазивті әдістері;
- клиникалық, иммунологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық зертханалар
- Жоспарлы және шұғыл операциялық араласуларға түсетін адамдар;
- Гемодиализ, гемотология, онкология, трансплантология, жүрек тамыр және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері;
- Гемотрансфузия алатын, трансплантаттау жасататын және ағзаларын (ағзаларының бөліктерін), тіндерін, жыныстық, фетальді, дің жасушаларын және биологиялық материалдарын ауыстырып салатын пациенттер;
- Жүкті әйелдер
- Өмір сүру салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары тәуекеліне ұшырайтын халықтың негізгі топтарындағы адамдар
Бұйрық 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.