Депутаттар елімізде "шетелдік агенттер туралы заң" енгізуді ұсынды

Ирина Смирнова премьер-Министр Олжас Бектеновтың атына берген өтінішінде депутаттар өткен пленарлық отырыста біздің еліміздегі USAID қызметіне қатысты сұрау салғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл сұраныс қазақстандық қоғамды толғандырды.
"Әсерлерге қысқаша тоқталып өтсем – қазақстандықтарға шетелдік біреудің қоғамымызға бөтен құндылықты сіңдіруі, жастарды адастыруы ұнамайды. Біздің азаматтар өзгелердің ойынының құрбаны болғысы келмейді. Жақында ғана бұл тақырып жалғасын тапты. Трамптың ресми өкілі американдық салық төлеушілер қаржыландыратын бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарын жабуды ұсынды..USAID тарихындағы сияқты, американдықтардың өздері қаржыландыратын мемлекеттік БАҚ-тың деструктивтілігін тағы да мойындайды", – деді ол.
Депутат Қазақстанда шетелдік қаржыландыруды 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым алатынын, оның 70%-ы АҚШ-тың түрлі көздері арқылы қаржыландырылғанын хабарлады.
Үкіметтің ресми мәліметтері бойынша, елде 165 түрлі донордың гранттары бар. Оның ішінде 53 – халықаралық ұйымдар, 31 – шетелдік мемлекеттік ұйымдар, 81 – шетелдік және қазақстандық ҮЕҰ.
"Біздің ҮЕҰ-ға қаржылық және материалдық-техникалық көмекті көрсетілген тізімдерге кірмейтін басқа да шетелдік құрылымдар мен елшіліктер ұсынады. Қолдау негізінен БАҚ пен сөз бостандығы, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либералды реформалар, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті арттыру саласындағы жобаларға беріледі. Тіпті мамандар бұл жобалардың түпкілікті мақсатын таба алмай жатады. Бұл біздің қоғамымыз үшін үлкен мәселе және сын-тегеурін", – деп есептейді депутат.
Ирина Смирнова бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін қайта қараудың және шетелдік қаржыландырушылармен ойын ережелерін қайта жазудың уақыты келді деп мәлімдеді.
"Әлемде осындай проблемаларға тап болған елдердің шетелдік агенттер туралы заңдарды қабылдау арқылы оларға қарсы тұруының көптеген мысалдары бар. Мысалы, мұндай заңдар Израильде 2016 жылдан бастап, Қытайда 2017 жылдан бастап, Австралияда 2018 жылдан бастап, Ұлыбританияда 2023 жылдан бастап, Францияда 2024 жылдан бастап жұмыс істейді. Шетелдік субъектілердің мүддесі үшін әрекет ететін адамдарға қатысты үлгілі заңдардың бірі 1938 жылы қабылданған АҚШ-тың "шетелдік агенттерді тіркеу туралы" Заңы болып саналады... Қазақстанға да осы тәжірибені қолдап, қазақстандықтар ақпаратты оның қайнар көзін түсіне отырып бағалап, салыстыра алуы үшін кез келген құрылымды нақты белгілейтін ұлттық заңнаманы құру қажет екеніне сенімдіміз", – деп ұсынды депутат.
Смирнованың айтуынша, гуманитарлық және ғылыми ұйымдар үшін бірқатар ерекшеліктер белгіленуі керек. Бұл тәсіл, оның пікірінше, ұлттық мүдделерді қорғауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қорғаныс вице-министрінің әскердегі суицид жағдайлары бойынша ескерту алғандығы хабарланған болатын.