Мемлекеттік мұрағат бірегей тарихи фотосуреттерді көрсетті
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Құжаттардың барлық түрлерін жинақтаумен, сақтаумен және оларды азаматтар үшін ашық қолжетімді етумен айналысатын мамандарды тарих сақтаушылары деп атауға болады. Олардың жұмысы кәсібилікті, жауапкершілікті, шыдамдылықты, сондай-ақ терең ізденісті, жұмысқа деген адалдықты талап етеді. Мемлекеттік мұрағаттың мерейтойына арналған конференция қатысушылары – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, АҚШ, Польша мұрағат ісінің резиденттері бұл жұмысқа бір рет кіріскен адамның одан айырылғысы келмейтінін атап өтті.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Бүгінгі таңда Орталық мемлекеттік мұрағат қорларында көптеген материалдар бар – 50 мыңнан астам киноқұжат пен 250 мың фотосурет. Сондай-ақ, дыбыстық жазбалардың ең бай топтамасы – 15000 сақтау бірлігі (магниттік жазбалар, грампластинкалар, компакт-дискілер және кассеталар).
Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы 27 қаңтардағы "1943 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы қаласында орталық республикалық мемлекеттік кинофонофотоқұжаттар мұрағатын ұйымдастыру туралы" қаулысы қабылданғаннан кейін посткеңестік кеңістік аумағында ең көне Мұрағат пайда болды. Дәл осы күн Қазақстанның кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары Орталық мемлекеттік мұрағатының туған күні болып саналады. Ал жаңа ведомствоның өзі ішкі істер халық комиссариатына қарайтын болды. Ауыр соғыс жылдарында оның басшылары тарихи куәліктерді сақтауға ұмтылып, одақтас республикаларда, атап айтқанда Қазақстанда кинофотоқұжаттар мұрағатын құру туралы шешім қабылдады.
Бастапқыда бұл мекемеде үш, содан кейін сегіз қызметкер жұмыс істей бастады. Мамандардың саны біртіндеп өсті. Бүгінгі таңда мұрағатта 27 қызметкер бар. Сақтау бірліктерінің саны да көбейтілді. Мұрағатшылар фотоматериалдардың едәуір саны жинақталған мекемелерге жүгінді. 1943 жылы қорлар алғашқы құжаттармен толықтырылды.
Соғыс жүріп жатқандықтан, негізгі фото және кино материалдары азаматтардың әскери әрекеттері мен тылдағы қажырлы еңбегін көрсетті. Осы баға жетпес кадрлардың барлығы ҚР Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатының қазынасын құрайды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аталған құжаттардың таныстырылымымен ашылды.
Мұрағатшы мамандар "Архив қазынасы – ғасырлар куәсі" көрмесін таныстырып, экскурсия жүргізді.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Бұл конференцияның ең керемет бөлігі болды. Экспозицияда – бірегей суреттер мен бейнематериалдар, сондай-ақ еліміздің тарихынан сыр шертетін сирек кездесетін дыбыстық жазбаларды естуге болады.
Алғашқы суреттердің бірі 1860 жылы тіркелген – "М.Баймұхамедов бастаған Санкт-Петербургтегі қазақ сұлтандарының делегациясы".
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
1913 жылғы сурет – "Жетісу делегациясы Санкт-Петербург қаласындағы Романовтар үйінің 300 жылдығын мерекелеуде".
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
1925 жылғы фотосуретте қазақ зиялылары, жас Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов және басқалары бейнеленген.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
1925 жылы жас Бауыржан Момышұлы досы Әбділда Тәжібаевпен түскен фотосуреті.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
"Еңбекші қазақ" газетінің редакциялық алқасының ұжымдық фотосуреті ұсынылды. Редакцияда жас Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов еңбек етті.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Кеңес Одағының болашақ батыры Мәншүк Мәметованың 1935 жылы анасымен түскен суреті.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Өлкетанушы, фотограф, Павлодар облыстық өлкетану мұражайының негізін қалаушысы әрі бірінші директоры Дмитрий Поликарпович Багаевтың 30-шы жылдардағы атақты "фотоаппаратпен танысу" суреті.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
"Спорт жарысы кезінде күлімсіреген ұлдар" (1934 жыл) – Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Жағда Өгізбаев. Бұл кезде олар болашақта қазақ киносының классиктеріне айналатынын әсте білмейді.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігінің қатысушылары (1936 жыл) - Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Евгений Брусиловский, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбеков және басқалары.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Берлиндегі Рейхстагқа қызыл туды бірінші болып тіккен Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры Рахымжан Қошқарбаев пен атақты партизан және жазушы Қасым Қайсеновтің 1975 жылғы таңғажайып суреті. Кеуделерінде "Арқалық қаласының Құрметті азаматы" лентасы байланған.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
"Архив қазынасы – ғасырлар куәсі" көрмесінде негізінен танымал тұлғалар бейнеленген. Бірақ ҚР орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыстық жазбалар мұрағатының қорында – Верный – Алма-Ата – Алматы қаласының бірегей фото және бейне материалдары сақталған. Бұл суреттердің бір бөлігі мұрағаттың мерейтойына арналған альбомға енді.
Оларда бейнеленген ерекше сюжеттер – фотографтардың назарын аударған көптеген нысандар қазір жойылып кетті. Дегенмен, кейбір ғимараттар әлі де сақталып, жұртты өзінің тарихи келбетімен қуантады.
Солардың бірі "Алматы – I" стансасындағы теміржол вокзалының керемет ғимараты (1929 жылдың суреті), қала тұрғындары алғашқы пойызды қуанышпен қарсы алуда.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Мына бір керемет суретте (1937 жылғы фото) екі заманның көлік құралдары бірге бейнеленген.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
1887 жылғы жер сілкінісі құрбандарының құрметіне тұрғызылған часовня. Ғимарат базар алаңында, қазіргі Достық даңғылы мен Әлімжанов көшелерінің қиылысында орналасқан. 1927 жылы часовня қирады.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Алматы әуежайы (1963 жыл), фотосуретте кешеннің жоғалған бөлігі – вип-терминал бейнеленген.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат
Мұрағат қызметкерлері фотосуреттер мен бейнематериалдарда, бірегей дыбыстық жазбаларда бейнеленген осы және басқа да көптеген тарихи мұраны ұқыптылықпен сақтап келеді.
Мекеменің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушылары екі күн бойы жұмыс істеді – өз жетістіктерін көрсетті, тәжірибе алмасты, жоспарларымен бөлісті. Қазіргі ақпарат ағыны мың есе көбейген заманда мұрағатшылардың жұмысы көбейгені белгілі. Бірақ, олар уақыт талабына сақадай сай. Себебі, Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатында жетілдірілген бағдарлама, посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ жаңа цифрлық технологиялар бар.
Сурет: Орталық мемлекеттік мұрағат