Бізді адам санамайды – семейлік жедел жәрдем жүргізушілері
Өзімізге тиесілі қаржыны ала алмай жүрміз. Осылай деген бір топ семейлік жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері шағымданды. Олардың сөзінше, қаңтар айында төленуі тиіс болған үстемақы осы уақытқа дейін берілмеген. Қатардағы дәрігерлер мен фельдшерлер еңбекақысын алып, қарапайым көлік тізгіндеген жандарға ақы бұйырмай келеді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бұл – Семейдегі Әуезов атындағы жедел жәрдем бөлімшесі. Осы мекемедегі онға жуық көлік жүргізушісі қаңтар айына берілуі тиіс болған үстемақыларын ала алмай жүр. Вируспен күресте дәрігерлермен бірге алдыңғы шепте жүрген жандар неліктен мұндай келеңсіз жағдайға тап болғандарын түсінбей дал.
Мырзағали Кәкімов, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
Шындық болу керек. Бәріміз бірге істейміз, фельдшерлер айтады бірдей смен істедік. Күндіз 3 смен, түнде 3 смен бар. Ал, фактический ол қағазда жоқ. Негізі барлығымыз бірге шығып, бірге істедік. Сонда біз шопырларды адам санамайды ма? Қалғандарға төлеп бізге төлемейді.
Ашынған жүргізушілердің сөзіне сенсек, бұл жедел жәрдем станциясында былық көп. Көлік тізгініндегі жандарға зейнетақы қорына ақша уақытында аударылмайды екен. Одан бөлек, медициналық сақтандыру ақысы да кешіктірілетін көрінеді.
Тілеген Кигенбаев, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
Бізге қаңтар айының КВИ дейміз ғой, соның ақшасы бізге "Жаңа Семей" подстанциясына төленген жоқ. Именно водительдерге. Фельдшерлеріміз алды. Ал, біз даже списокта да жоқпыз. Медстрахование дейді, ол да уақытымен түспейді. Уақытымен түспейді.
Тіпті, жалақы жалғыз қаңтар айына кешіктіріліп жатқан жоқ. Жүргізушілердің сөзінше, қалада коронавирус жұқтырғандар қатары артқан тұста да, басшылық оларға мардымсыз үстемақы төлеп келген. Барлығының басында несие бар. Сол себепті, қатардағы жұмысшылар мамандарды алаламай, белгіленген ақы дер кезінде төленгенін талап етеді.
Марат Ахметбеков, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
Басшылық бізді адам қатарына қоспайды. Бүкіл шақыртуларға барамыз, жұрт қатарлы жұмыс істейміз. Бірақ, ақы төлемейді. Соңғы рет, Семейде аурулардың өршіген уақытында жүргізушілер күні-түні жұмыс істедік. Маусым, шілде айында 13 ақ мың теңге алдым. Ұят емес пе?
Ал, жедел жәрдем станциясы меңгерушісінің сөзінше, жұмысшылардың кестесін жауып, оны есепшіге тапсыратын маман сырқаттанып қалған. Сол себепті, жүргізушілерге қаңтар айына берілуі тиіс болған үстемақы төленбеген екен. Жауапты қызметкер қалған қаржы осы айда толық аударылады деп уәде берді.
Дариға Исатаева, қалалық жедел жәрдем станциясы Әуезов бөлімшесінің меңгерушісі:
Әуезов бөлімшесінің жүргізушілері январь айына Ковидтің ақшасын ала алмаған себебі, ол кісілердің табелін жасайтын адам ауырып ауруханаға түсіп қалды. Ол кісілерге бұл жағдай түсіндірілген. Ол кісілердің сол күндердегі жұмысы саналып, қосымша табель жасалып, бухгалтерияға өткізілді.
Еске сала кетейін, Covid-19-бен күресте алдыңғы шепте жүрген медициналық қызметкерлер үшін үстемақы төлеу ережесі өткен жылдың 30 наурызында бекітілді. Ол құжатқа сәйкес, ақ халаттыларға қосымша ақы төлеу 3 санатқа бөлінеді. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы жолдауында, дәрігерлерді ынталандыру үшін Үкіметке қосымша 150 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.