Қазақстанда есірткі зертханаларының саны күрт өсті
Қолжетімді, арзан есірткі героин, апиын, кокаин секілді дәстүрлі наркотиктерді ығыстырған. Тәркіленген «синтетика» көлемі соңғы үш-ақ жылда 6-дан 140 келіге артқан, яғни 23 еседен асып түскен, деп мәлімдеді «Астана» телеарнасы.
Валерий есірткі саудасына араласам деп опық жеген. Жағдайы бар отбасынан шыққан, екі қарындасы бар. 17 жасында Құрылыс колледжінде оқып жүріп марихуананың дәмін татқан ол небәрі екі жылда нашақор ғана емес қылмыскер болып шыға келді. Полицейлер оны көлікпен Алматыдан Қарағандыға 2 қап есірткі алып келе жатқан жерінде ұстаған.
Телеграммнан көп жалақыға тасымалдаушы керек деген хабаландыруды көзім шалды. Оларға өзімді камераға түсіріп жібердім, сөйтіп мені Алматыға жіберді. 45 мың теңгеге көлік жалдап есірткіні әкеле жатқанда полиция тоқтатып тексерді, қылмысымды мойындауға тура келді. 3 жылға сотталдым.Валерий
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, жыл басынан бері мың жарымнан астам есірткіні жарнамалайтын сайт бұғатталған.
Өкінішке қарай, ғаламтор қолжетімді. Әр оқушы, студенттің сайттардан ақпаратты тез қарау мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері ондай 1600-ден астам сайтты жаптық, өкінішке қарай, олар саңырауқұлақ сияқты қаптай береді. Әрі олардың Қазақстаннан тыс жерде болуы да проблема туғызады.Бақытжан Әмірханов
Елде ресми дерекке сүйенсек, есірткіге тәуелділердің ең жасы 13-те екен. Бірақ мектеп оқушыларының ата-анасы есепке алынбайды. Жастар арасында синтетика экзотикаға айналған. Өткен жылдың соңында мұндай заттар есірткінің ауыр түріне теңестірілді. Бұрын 50 граммнан артық сақтамағандар жауапқа тартылмайтын болса енді 1 граммын сақтаудың өзі – қылмыс.
Психологтар әр ата- ана отбасындағы тәрбиені күшейту керек дейді.
Нашақорларды емдеуде медицина орталықтары 4 пайыз, психолог, психотерапевтер 30 пайыз, ал рухани орталықтар 86 пайыз жетістікке жетеді екен, яғни тәрбие маңызды. Менде бір жас отбасы емделді, ата- анасы барлық жағдайын жасаған соң жұмыс жоқ, еріккеннен осындай жолға түскен. Айтуларынша, бүкіл бір подьезд тұрғындары есірткі тұтынады, сатады, алады. Сондықтан ортаға мән беру керек. Қоғамдық қордың президенті Татьяна Савицкая
Мамандар «дәріханалық нашақорлықтың да» өршігенін айтып дабыл қағуда. Ішкі істер министрі денсаулық сақтау министріне қауіпті препарттар айналымына бақылауды күшейтуді ұсынды.