Алматы тау бөктерін салу кезінде қандай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қала құрылысы құжаттарын өзгерту және жердің нысаналы мақсатын өзгерту, объектілер салу, мемлекет мұқтажы үшін жер алу процестерінде, сондай-ақ 2022 жылға дейінгі кезеңде орын алған бақылаушы органдардың қызметінде жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін белгіледі.
Мәселен жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдау кезінде "қосарлы" стандарттар тәжірибесі анықталды. Әрбір үшінші жағдайда дерлік, өтініш берушілерге, алдымен, нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылды, содан кейін сол адамдарға оң шешімдер берілді.
"Бұған өңірлік актілердің Жер кодексінің нормаларына сәйкес келмеуі және жалпы заңнамадағы олқылықтар себеп болды. "Бақша үйі", "үй құрылысы", "шатырасты" сияқты қарапайым ұғымдарды нормативтік тұрғыдан бекіту болмады. Алматының Бас жоспары 2011 жылы өзінің өзектілігін жоғалтты. Осы кемшіліктердің барлығы әкімдіктің лауазымды тұлғаларына жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгертуге, ал жер иелеріне – кадастрлық құн айырмасын төлемей-ақ, тұрғын үйлер мен кешендер салуға мүмкіндік берді. Қолда бар олқылықтар нәтижесінде, бақша үйлерінің орнына көп пәтерлі тұрғын үй кешендері салынды",- делінген құжатта.
Сондай-ақ, кейіннен жеке меншікке жер алу үшін ғимараттарды жалған пайдалануға енгізу, сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін жерді негізсіз жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды.
Бұл 2016-2021 жылдары болған.
"Тек екі жағдай бойынша жер құнының арту сомасы, шамамен, 4,7 млрд теңгені құрады. Осылайша мемлекетке тікелей зиян келтірілді",- деп мәлімдеді ведомство.
Осымен бірге, 2016-2021 жылдар аралығында санитариялық-қорғау аймақтарында құрылыс салу фактілеріне жол берілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көшкіндер, сырғымалар мен сел көшкінінің қауіпті аймағында 5 мыңға жуық ғимарат бар, бұл 29 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Агенттіктің бастамасымен рекреациялық аймаққа 229,1 га жер қайтарылды. Сол арқылы Алматы қ. 6 шағын ауданында одан әрі құрылысқа тыйым салынды.
Талдау қорытындысы бойынша 50-ден астам ұсыным енгізілді.
"2023 жылы 3 мамырда Алматы қ. жаңа Бас жоспары бекітілді, онда табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға (сел, көшкін және сырғыма қаупі) ұшыраған аумақтар ескерілді. Енді объектілер шекарасы шегінде жер бөлу және құрылыс салу міндетті түрде іздестіру жұмыстарын жүргізе отырып жүзеге асырылатын болады, бұл төтенше жағдайлар саласындағы заңнаманың сақталуын және құрылыс кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сәулетшілердің лауазымдық нұсқаулықтарына учаскелердің суреттерін Бас жоспармен, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен және атқарымдық аймақтарға бөлу схемасымен салыстыруды орындамағаны үшін жауапкершілік енгізілді (бұрын мұндай жауапкершілік болмаған)".
Бұдан өзге қандай жұмыстар атқарылды?
Біріншіден, тау бөктеріндегі аймақтарда анықталған 54 заңсыз объект бойынша мемлекет пайдасына, оның ішінде оларды сырып тастау бойынша 36 сот актісі шығарылды.
Екіншіден, Іле-Алатау ұлттық паркі саябағының күзетілетін аймағын белгілеу үшін, жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Олардың нәтижелері бойынша әкімдік алғаш рет осындай аймақты белгілеу туралы қаулы қабылдайтын болады. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумаққа теріс әсерді шектеуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының жауапкершілігін күшейтуді, "е-Qurylys" АЖ арқылы құрылысты бақылауды енгізуді, қала құрылысы жобаларын ТЖМ-мен келісуді және тау алаптарын кесуге жол бермеуді, сондай-ақ "таунхаус", "жеке тұрғын үй" және "көппәтерлі тұрғын үй" ұғымдарын регламенттеуді көздейтін 4 заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.