Жүрек-қан тамырлары ауруы бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр
Zakon.kz
Кеселді асқындырмай, дәрігерге дер кезінде қаралу керек.
Қарағанды облысында әрбір оныншы адам жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан. Жыл сайын осы кеселден көз жұмып жатқандар қаншама. Өкінішке орай, кенді өңір көш бастап тұр, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Ал еліміздегі ең ірі әрі замануи қондырғылармен жабдықталған кардиология орталығының бірі осы Қарағанды шаһарында. Ендеше аурудың асқынуына не себеп? Юрий Потаповтың жүрегіне бірер күн бұрын ғана ашық операция жасалған. Қазір жағдайы бірқалыпты. Науқас осы уақытқа дейін денсаулығын дұрыс күтпегенін жасырмайды. Жасы келе қан қысымы жоғарылып, жүрегі сыр берген.
Юрий Потапов, науқас:
- Артық қимыл жасасам бірден тұншығып, жүрегім шаншитын. Амалсыз осында келдім. Кеше ғана операция жасады.
Қазір жақсарып қалғанымды сеземін. Қазір кардиохирургия орталығында жылына 3 мыңға жуық осындай күрделі операция жасалады. Бұл заманауи қондырғылардың арқасында мүмкін болып отыр. Орталық соңғы 2-3 жылда озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер де жыл сайын біліктілігін жетілдіріп отырады.
Арыстан Мағзұмов, Кардиохирургия орталығының директоры:
- Біздің дәрігерлер қазір ең күрделі операциялардың өзін жасай алады. Мәселен, дертін әбден асқындырып алған науқастарға бұрын көмек көрсете алмайтын едік. Қазір жаңа технологияның арқасында ауруынан айықтырып, аяққа тұрғызып жатырмыз.
Статистикадағы сандарға жүгінсек, қазір аймақта жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар саны 120 мыңға жеткен. Яғни облыстағы әрбір оныншы адамның жүрегі сырқат. Өкінішке орай, осы кеселден көз жұмып жатқандар да көп. Кенді өңір көш бастап тұр. Бұған не себеп? Оған дәрігерлердің өз уәжі бар.
Назира Базарова, бас кардиолог:
- Қарағанды облысы тұрғындарының басым көпшілігі жасы 40-тан асқан ересек адамдар. Сондай-ақ аймақта 75-тен асқан 60 мыңға жуық адам бар. Сондықтан бізде жүрек ауруы жиі тіркеледі. Тиісінше көз жұматындар да көп. Тек жүрек сырқаты ғана емес, ми тамырларының зақымдануы да қайғылы жағдайларға әкеліп жатады.
Абзалы кеселді асқындырмай, дәрігерге дер кезінде қаралу керек. Көпшілігі ауруын жасырады екен. Айталық, жыл сайын скрининг кезінде 8 мыңға жуық науқас тіркеуге алынады. Егер алдын алса, құлан таза сауығып кетуге болады. Ол үшін озық технологиямен жұмыс істейтін қондырғылар да, білікті мамандар да бар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов
Фото: www.24.kz
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript