Қуат Хамитов ерсі әрекеті үшін Төреғалиді қалай жазалайтынын айтты

zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.01.2018 17:34 Сурет: zakon.kz
“Ат төбеліндей ғана аз халықпыз” деген Қуат Найман бұл жағдайдан кейін Төреғалидің өзі тәубесіне келуі тиіс деп есептейді.

Танымал спортшы, аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Төреғалидің Павлодар сахнасында көрсеткен ерсі әрекетін сынап тастады. Спортшы қандай жағдай болмасын, үлкен кісіге дөрекі сөйлеуге болмайтынын кесіп айтты. Ал бұл оқиғадан кейін Төреғалидің өзі ойлануы керек, деп түсіндірді ол. Бұл туралы Қуат Хамитов Hit-TV арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.

“Әнші болсаң да, спортшы болсаң да, жалпы кім болсаң да, қарапайым халыққа мінезіңді көрсетуге болмайды. Үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп, әйел адамды әйел деп сыйлау керек. Сондықтан қандай жағдай болмасын, қарапайым халыққа мінез көрсеткен дұрыс емес. Ол жерде не болғанын көзіммен көрген жоқпын. Бірақ сонда да халықпен олай айқайласуға рұқсат жоқ. Үлкен кісілер біздің әкеміз, анамыз, болашағымыз. Қазақ өзі аз халықпыз, сондықтан бір-бірімізге дауыс көтеріп, мінез көрсетсек, ертең еліміз үлкен елдердің қатарына кіреді деп ойламаймын және бұл салт-дәстүрімізге де қайшы”, – деп сынады ол Төреғалидің әрекетін.

“Ат төбеліндей ғана аз халықпыз” деген Қуат Найман бұл жағдайдан кейін Төреғалидің өзі тәубесіне келуі тиіс деп есептейді.

“Қазақ – біреуді түзейтін, тәртіпке қоятын халық емес. Кешірімді, момын халық. Сондықтан мұндай сәтте адам өзі жеке ойлануы қажет. Өзі де қарапайым халықтан шыққаннан кейін ол халықпен бірге болу керек, осындай жағдай арқылы өзін түзеу керек.

Егер шетелде басқа халықтың арасында жүрсем, білектің күшімен шешуге болатын еді. Бірақ Қазақстанда тұрғаннан кейін, өз қазағыма мен күшімді көрсете алмаймын”, деп түсіндірді ол.

Ал алғашқыда Төреғалиді сынап, жерден алып, жерге салған Меруерт Түсіпбаева бұл ойынан айнып қалған ұқсайды.

“Әрине, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды дейді. Басында мен қатты ренжідім. Өйткені ол менің жерімде болған оқиға, жерлестеріме қатты жаным ашыды. Менің жерлестерім сабырлы, момындау, орысшалау халық. Оның мақалын айтқым да келмейді, мәдениетсіздеу мақалды сол жерде отырған адамның 50 пайызы түсінбеді деп ойлаймын. Осы оқиға Шымкентте, не Ақтауда болса, халық тұрып кетіп қалар ма еді немесе жанжал шығар ма еді?! Бірақ соның бәрі өте мәдениетті аяқталды. Бәлкім кешірім сұрау да өнер шығар?! Енді бауырымыз шықты, кешірім сұрағандай болды”, – дейді ол.

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: