ҚР ИДМ «Нұрлы Жер» бағдарламасын мемлекеттік етіп қайта бекітуді ұсынды
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік бағдарлама ретінде қайта бекітіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму Бірінші вице-министрі Роман Скляр мәлімдеді деп хабарлайды zakon.kz.
Оның айтуынша, Мемлекеттік бағдарлама жобасы Үкіметке енгізілген. Жобада Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына үндеуін іске асыру үшін нормалар көзделген.
«2019 жылдан бастап, жыл сайынғы сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыруды10 млрд. теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Ол әлеуметтік үймен жыл сайын шамамен тағы 1 мың азаматты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс көлемін арттыруда құрылыс алаңдарын инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге арттыру көзделеді»,-деп атап өтті Роман Скляр.
Мұндағы өзгерісте мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындар үшін өз қызметкерлерін қолдау нормалары көзделді. Аталған ұйымдар өз қызметкерлеріне тұрғын үй ссудаларын бастапқы жарна ретінде бере алатын болады. Бұл мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметкерлер үшін тұрғын үй проблемаларын шешуде үлкен көмек болады.
«Енгізіліп жатқан өзгерістер аясында жеке құрылыс салушылардың бағдарламаға белсенді қатысулары үшін әкімдіктерге салынған үйлерді сатып алу құқығы беріледі. Кредиттік үйлерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары ғана емес, сонымен қатар Екінші деңгейлі банк салымшылары да ала алады. Бұл талаптар, әкімдіктер салып жатқан үйлердің қолжетімді бағалық параметрлеріне байланысты «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының дамуына үлкен серпін береді»,-деді Бірінші вице-министр.
Қабылданатын нормалар тұрғын үйді пайдалануға беру қарқынын 8%-ға немесе жылына 8 мыңнан астам баспана құрылысына жеткізеді. Ол дегеніміз 2030 жылға дейін бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз етілуі көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша республикада статистикалық деректерге сәйкес қаржыландырудың барлық көздерінен 4,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға артық. 40,3 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты, оның ішінде 2 мыңға жуық отбасы мемлекет қаржысы есебінен баспаналы болды. Осы салаға жұмсалған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен (285,8 млрд. тенге) салыстырғанда 29,9%-ға артып, 391 миллиардтан астам теңгеге жетті.