Даниал Ахметов Алакөлдегі кәсіпкерлерді сынға алды
Алакөл жағалауында салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлердің мәселесі заң жүзінде шешілмек. Апта соңында Үржар ауданына барған аймақ басшысы Даниал Ахметов демалыс базаларының басшыларына қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Алакөл жағасында облыс әкімінің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Онда аудандағы туризм саласын дамытуға қатысты біраз мәселенің басы ашылды. Айталық басқосуға қатысушылар қоғамдық тәртіпке көңілдері толмайтындарын айтып, шағымданды. Олардың сөзінше, мұның бәрі түптеп келгенде өңірге туристерді тартуға кедергі келтіреді.
– Елбасымыздың тапсырмасына орай Алакөлді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта көл аумағын электр желісімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2,6 миллард теңге қаражат бөлінеді. Интернет желісі де тартылуда. Енді 3-4 жылдан кейін Алакөлдің аумағы Түркиядағы жағажайлардың бірде-бірінен кем болмайды деп нық сеніммен айта аламын. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, бұл демалыс орнына күні бүгінге дейін 450 мың турист келіп, демалып қайтты. Алдағы уақытта осы көрсеткіш 600-700 адамға артады деп күтілуде, – деді Даниал Ахметов.
Басқосу барысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Бауыржан Қамбаровтың баяндамасы тыңдалды. Алайда аталмыш департамент қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмаған облыс басшысы Бауыржан Қамбаровқа сөгіс беріп, жұмысын сынға алды.
– Сіз салық комитетінің қызметкері ретінде, Алакөл жағалауында қанша жеке кәсіпкер бар? Олардан қанша салық түсуі тиіс? деген сұрақтарға мүдірмей жауап беруге тиіс болатынсыз. Алайда сіз бұдан мүлдем бейхабар болып шықтыңыз. Сол себепті Бауыржан Қамбаровтың өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағандығын тиісті министрлікке хабарлайтын боламын, – деді Ахметов.
Айта кетейік, Алакөл жағалауында жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бизнесмендердің дені заңды белден басып жүр. Олай дейтініміз, кәсіпкерлердің көбі кассалық аппаратсыз, лицензиясыз жұмыс істеуде. Даниал Ахметовтің айтуынша, күні бүгінге дейін облыстық бюджетке 36,7 миллион теңге түскен. Алайда бұл қаражат бизнесмендердің тапқан табысынан екі есе көп болуы тиіс болған.
– Егер салық департаментінің мамандары өз істеріне жауапкершілікпен қараса бұл жағдай басқаша болар еді. Кәсіпкерлер осы мәселеге деген оң көзқарас қалыптастырса деймін. Инфрақұрылымды дамытпай,бизнесті дамыту мүмкін емес. Айта кететін бір жайт, билік өкілдері халыққа берген уәдесінде тұрып,туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Мәселен бұл аумақтан күніне 60 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Оған мемлекет тарапынан қаражат бөлінген. Ал кәсіпкерлер болса, салық төлеуден жалтарып отыр. Осының барлығы жауапкершіліктің төмендігінен болып отыр, – деген Даниал Ахметов кәсіпкерлерді салық төлеуден бас тартпауға шақырды.