Ауданда "Сярман" татар этномәдени бірлестігінің тұсаукесері өтті
Аудандағы этномәдени бірлестіктер қатарына татарлар қосылды. Этномәдени бірлестігінің тұсаукесері Достық үйінде өтті. Жаңа бірлестіктің таныстырылымына аудандағы өзге этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен қатар Башқұртстаннан қонақтар арнайы келді.
Башқұртстаннан келген қонақтардың бірі – Илюза Хусаенованың айтуынша, қонақжай Қазақстанға келу - үлкен мәртебе. Татар этномәдени бірлестігінің ашылу салтанатына шақырту алғанда қуана құптаған. Себебі Қазақстандағы татарлармен құда болып отыр. Қазақстанға қонаққа келу өзіне ұнайтынын да айтады.
– Салт-дәстүріміздің кейбірі ұмытылып бара жатқанын жасырмаймын. Біздің өңірге қарағанда, Қазақстанда тұратын татарлардың салт-дәстүрлері жақсы сақталған. Қазақстан – өте қонақжай ел. Қонақты аса қуанышпен қарсы алып, салт-дәстүрді берік ұстанады. Маған осы елдің адамдары ұнайды, - деді Илюза Хусаенова.
Татарлар – түркі тілдес ұлт, РФ құрамындағы Татарстан Республикасының байырғы тұрғындары. Татарлар қазақтармен ерте араласқан, сауда-саттық жасап, ислам дінін таратқан. Олар, әсіресе, Семей, Верный қалаларына, Семей, Жетісу облыстарының аймақтарына көп тараған. Бала оқытып, ақын-жазушылары қазақ тілінде шығармалар жазған. Айта кету керек, БҚО бойынша татарлардың басым бөлігі шоғырланған аймақтар - Орал қаласы, Бөрлі және Шыңғырлау аудандары. Аталған аймақтарда да этномәдени бірлестіктері белсенді жұмыс істеуде.
Шара барысында жиналғандар назарына татар халқының мәдениеті мен діні туралы фильм ұсынылды.
Аудандық демалу орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Арна Мүбәрак құттықтап сөз сөйлеп, заңды тіркеуден өткізілген бірлестіктің анықтамасын жұртшылық алдында этномәдени бірлестігінің төрағасы Шафхат Джамалдиновқа тапсырды.
- Алдағы уақытта біз татар халқының салт-дәстүрін, өнерін, мәдениеті жайында барынша мол ақпарат беріп, насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Қазақстанда өзге ұлт өкілдері көп тұрады. Барлығы тату-тәтті, сыйластықта өмір сүруде. Бүгінде "Сярман" этномәдени бірлестігі құрамына ресми түрде 30 адам тіркелген. Біздің міндетіміз - этностардың бірлігі мен татулығын сақтауға септігімізді тигізу. Бәріміздің басымызды біріктіретін Достық үйі жұмыс жасайды. Этномәдени бірлестіктің жұмысы мен үшін маңызды, ал Достық үйі – менің екінші үйім, - деді "Сярман" этномәдени бірлестігінің төрағасы Шафхат Джамалдинов.
Салтанатты шараға жиналушылар Қазақстан халқының татулығын насихаттау жолындағы еңбектің жемісті болуын тіледі. Мұнан әрі жиын этномәдени бірлестіктердің ұлттық ән-билерімен жалғасып, қонақтар татарлар жасаған дәмнен ауыз тиді.
Жайнагүл Жеңісқызы.