ШҚО-да көне шаһардың орны табылды
Ақжолтай хабарды «Тарихы терең туған жер» ғылыми-тәжірибелік конференциясында павлодарлық археолог Виктор Мерц мәлім етті. Ежелгі қаланың орны Жетіжар ауылының маңында болған, деп хабарлайды altaynews.kz.
Керекулік археологтың айтуынша, Бесқарағайдың Жетіжар өңірінде үлкен елді мекен болған екен. Ол қола дәуіріне тиесілі. Демек, ауылдың тарихы мыңжылдықтардың қойнауында жатыр. Ежелгі протоқалашық тіпті оңтүстік-батыс Сібір аймағындағы ең үлкен археологиялық нысан болып есептеледі. Өйткені оның аумағы 100 гектардан асып жығылады. Осыған қарағанда бұл маңда айтулы дәуірдің астанасы орналасуы мүмкін деген болжам бар.
-Жетіжар елді мекенін зерттеуді 2000-шы жылдардың басында қолға алдық. Қуанышқа орай, қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Тек ескерткіштің бүлінген аймақтарынан, сондай-ақ жердің жоғарғы қабатынан материалдар зерттеуге алынды. Неге десеңіз, бұл нысан бірегейлігімен ерекше. Қазба жұмыстарын бастау үшін геофизикалық зерттеуді жүргізуге тура келді. Осы мақсатта Ұлыбританиядан ғалымдарды шақырып, жобаға тарттық. Оларда қызығып кетті. Дэниел Лоуренс есімді әріптесіміз, биыл грант ұтып осы жобаға атсалысты. Нәтижесінде археологиялық аумақтың нақты өлшемі анықталды. Ары кетсе 70 гектар болатын шығар деп ойладық. Алайда ескерткіштің алып жатқан жері 100 гектардан асып кетті. Бүгінде бұл тек Қазақстандағы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл батыс Сібірдегі археологиялық ескерткіштерден анағұрлым көлемді нысан. Мүмкін сол кезеңнің астанасы осында болуыда ғажап емес, – деп нақтылады Виктор Мерц.
Білікті ғалым Жетіжар елді мекенін алдағы уақытта қайта жаңғыртып, ашық аспан астындағы мұражайға айнладыруға келетініне сенімді. Осы арқылы қасиетті жердің туристік әлеуетін әлдендіруге болады дейді кәнігі тарихшы.
Анықталғандай, көне шаһар Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатады екен.