Алматы облысында саяжай өнімдерін ұрлап келген ұрлықшылар ұсталды
«Не ексең, соны орасың» деген бар. Дегенмен, көктемде еккен жеміс пен жидектің, жаздағы еткен еңбектің дайын өніміне күз түскенде көз тігетіндер аз болмайтыны анық.
Байқамасаң, ұрлап кететіндер де бар. Науқан уақытында жүргізілетін арнайы рейдтер мен іс-шаралар барысында және саяжай иелерінің күзетуі кезінде бақша өнімдерін ұрлайтындар ұсталып, жауапқа тартылуда.
«Бақша өнімдерін ұрлау деректерінің соңғысы Текелі қаласындағы саяжайлардың бірінде орын алды. Өз саяжайына келген Текелі қаласының тұрғыны ауласында бөтен біреулердің жеміс ұрлап жатқанын көріп, тәртіп сақшыларын шақырды. Қолдарында жеміс толы қаптары бар Текелі қаласының 33 және 34 жастағы екі азаматы полиция қызметкерлеріне тапсырылды»,- деп хабарлайды Алматы облыстық ІІД Баспасөз қызметі.
Куәгерлердің айтуынша, аталған екі күдікті сол күні бірнеше саяжайдың жемістерін үптеп кеткен. Үш мәрте жиналған жемістерін сатып, төртінші рет келген кезінде қолға түскен.
М. Шалов, полиция аға сержанты: «Текелі қалалық полициясына саяжайда ұрлық жасалғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнында екі азамат ұсталды. Күдіктілер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады».
«Көктем шыққалы таңқурай піскенде, алма мен өрік піскенде де ұстай алмадым. Үнемі теріп кететін. Бүгін алмұрт ұрлап жатқан жерінен ұстап алдым. Жұмыс жасағысы келмейтін, жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндерге сабақ болатындай жаза қолданылғанын қалаймын. Балаларымның еңбегін «тепсе темір үзітін» жігіттердің ұрлағаны қынжылтады»,- дейді саяжай иесі Жұматай есімді азамат.
Күдіктілер тұрақты жұмыстарының болмағанына байланысты бала-шағасына тамақ табу мақсатында саяжайлардан жеміс ұрлауға барғандарын айтты. Бірақ, өн бойынан арақ иісі аңқып тұрған азаматтардың сөзіне саяжай иелері де, тәртіп сақшылары да сенбеді.
ІІД таратқан ақпаратқа сәйкес, балаларына тамақ табу үшін өзге балалардың тамағын ұрлауға болмайтынын сезінбеген «күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабы бойынша іс қозғалды». Дегенмен, полицейлердің айтуынша, ұсақ-түйек жымқыру бабы бойынша қозғалған істердің көбі екі тараптың татуласуымен, материалдық шығынды өтеумен аяқталады.
Өз кезегінде, полиция осындай ұрлықтардың алдын алу мақсатында саяжай аумағында күзетті күшейтуге, науқан кезінде мүмкіндігінше саяжай аумағында болуға шақырды. «Жаздың бір күні – қыстың мың күні» деген нақыл осы науқан уақытын меңзейтіні анық.