Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың көбінесе қандай дәрігерлерге жүгінетінін айтты
4 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті (АМСК) жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде.
Министр Е. Біртанов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасына сәйкес АМСК — жекелеген адамдардың, отбасының және қауымның ұлттық денсаулық сақтау жүйесімен байланысының бірінші деңгейі болып табылады және тиісінше АМСК адамдардың тұратын жері мен жұмыс істейтін орнына барынша жақын болуы тиіс екенін атап өтті.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізгі функциялары: сауықтыру мен профилактика; ауруларды ерте анықтау; медициналық көмек көрсету; созылмалы ауруларды бақылау.
Қазіргі таңда, Қазақстанда АМСК көрсететін 524 медицина ұйымы бар, олардың 29% — жекеменшік ұйымдар. АМСК ұйымдарында 10 216 учаске бар, оның 60%-дан астамы жалпы практика дәрігерлерінің учаскелері (6205), 20% — педиатриялық учаскелер (2041), 18% — терапиялық учаскелер (1880).
Министр дәрігерлер жүктемесінің көлеміне назар аударды. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда АМСК көрсететін бір дәрігерге бекітілген халықтың саны 1950 адамды құрайды, бұл ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен жоғары (1500 адам). Е. Біртановтың айтуынша, бекітілген халықтың саны бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізу мақсатында алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында қосымша 1 531 учаске ашу қажет.
«Бекітілген халық санының төмендеуі дәрігер жүктемесінің азаюына әкеледі, халықты профилактикалық тексерумен қамту деңгейі жақсарады. Мәселен, 2017 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 1 дәрігеріне шаққанда халықтың саны 90 адамға дейін төмендегені халықтың профилактикалық мақсатта қаралуын 18%-ға немесе 2 миллион адамға көбеюіне алып келді», — деді Е. Біртанов.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттарына сәйкес, 2018 жылдың 6 айында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 9 миллионнан астам адам жүгінген. АМСК ұйымдарындағы консультациялық-диагностикалық қызметтерді талдау еліміздің тұрғындарының хирург, офтальмолог, невропатолог, отоларинголог, акушер-гинеколог секілді бейінді мамандардың қызметтерін аса қажет ететінін көрсетті. Бұл мамандарға жүгінген 5 миллионнан астам тұрғындар қызмет түрлерін алды.
Е. Біртанов кадрлық әлеует туралы айта отырып, денсаулық сақтау жүйесінде бейінді дәрігерлердің жеткілікті мөлшері бар екенін, дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың халыққа шаққанда 31,2 көрсеткішті құрайтынын, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі көрсеткішке сәйкес келетінін (33) айтып өтті.