Жаңалықтар тізбегі
0

Бедеулік – ауру, бірақ үкім емес

почемуже.рф, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.10.2018 21:18 почемуже.рф
Елімізде бедеулік диагнозымен есепте тұрған отбасылар саны көбейіп барады.

Денсаулыққа байланысты жиі талқыланатын тақырыптардың бірі – бедеулік. Елімізде бедеулік диагнозымен есепте тұрған отбасылар саны көбейіп барады. Олардың жасанды ұрықтандыру тәсіліне жүгінуден басқа амалы жоқ. Бедеулікке қандай факторлар әкеледі? Жастарды бұл дерттен сақтандыру үшін не істеу керек? Baq.kz тілшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

«Репродуктивті денсаулық» дегеніміз не?

«Репродуктивті денсаулық» түсінігі латынның reproductio сөзінен (қайталау, жаңғыру, көбею) алынған.

Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығына әлемде ерекше көңіл бөлінеді. Енді - өмірге бала әкелу-әкелмеу, отбасын құру, репродуктивті саулығын күту әркімнің өз еркінде. Дегенмен, бұл ұғым туралы тұңғыш рет 1994 жылы Каирде өткен Халықаралық конференцияда сөз болыпты.

Қазір адамдардың репродуктивті денсаулығы қандай?

Қазір еліміздегі ірі қала тұрғындары медициналық қызметтерді кедергісіз пайдалана алады. Алайда осы игіліктерді елдің бәрі бірдей пайдалана бермейді. Онкология және радиология ҰҒЗИ директоры Диляра Қайдарова өмірінде 5-6 жылдап гинеколог маманға қаралмайтын әйелдерді кездестіргенін айтады. Өздері мұны қым-қуыт тірлікпен байланыстырыпты. Әлбетте, жұмыс пен үй тірлігіне қатар үлгеріп жүрген әйелдердің жайы түсінікті. Бірақ проблеманың әр әйел өз денсаулығын өзі күтпей шешілмейтіні тағы рас.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, кейінгі кезде әлемде сүт безі обырынан көз жұмған әйелдер саны бірнеше жүз мыңға жеткен. Жатыр мойнының қатерлі ісігі әйелдер арасында таралған онкологиялық аурулар ішінде 4-ші орында тұр. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанда 1700 әйелдің осы дертке шалдыққаны анықталған. Онкология институтының деректері де алаңдатпай қоймайды: елімізде жыл сайын 650 әйел қатерлі ісіктің осы түрінен көз жұмады екен.

Сондай-ақ, босану кезінде көз жұму – әлем бойынша өмірге ұрпақ әкелетін жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітім саны жағынан екінші орын алды. Жүктілік және босану кезінде 287 мың әйел көз жұматын болса, оның 99 пайызға жуығы дамушы елдердің еншісінде.

Репродуктивті денсаулыққа қандай жағдайлар әсер етеді?

Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы генетика, ағзадағы ақаулар, жыныстық қатынасты ерте бастау, жыныстық жолмен таралатын ауруларды жұқтыру, вирустық инфекциялар мен түсік жасату сынды факторларға тәуелді. Бала сүю қабілеті де болашақ ата-аналардың ұстанған өмір салтымен тығыз байланысты.

Нәзік жандардың репродуктивті жүйесі – бала көтеру, оны 9 ай бойы аман-есен жетілдіру мен өмірге әкелу жолында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, түсік тастау, жыныстық жолмен берілетін аурулар, лимфа бездерінің ұлғаюы, іштің төменгі жағының ауруы, несеп жолдарының аурулары жүйеде ақау пайда болғанынан хабар береді дейді мамандар. Оның жұмысына жасанды түсіктің де кері әсер ететіні дәлелденген. Себебі, жүктілік кезінде әйел организмінде баланы сақтауға бағытталған гормоналды өзгерістер пайда болады. Ал, түсік, жарақат немесе инфекция салдарынан жүктілік тоқтатылатын болса, әйелдің психологиялық жағдайын былай қойғанда, ағзадағы гормоналдық өлшемдерді қалпына келтірудің өзі қиынға соғады.

Жастарға не білу керек?

Қазіргі заманда жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі үлкен проблеманың бірі. ДДСҰ мәліметінше, әлемде әрбір бесінші қыз 18 жасқа дейін босанады. Сонымен қатар, жасанды түсіктің жағымсыз салдары мен ана өлімі 20-дан асқан әйелдерден гөрі жас бойжеткендер арасында жиі кездеседі. Оның басты себебі – жасөспірім организмнің дұрыс жетіліп үлгермеуі.

Бала денсаулығын туғаннан бастап ата-анасы қарайды. Бірақ, есейе келе, жасөспірім шағынан бастап олар репродуктивті денсаулығын күтіп, гигиена сақтауды үйренуі тиіс. Бұл ең алдымен ата-ананың міндеті. Сонда ғана бала болашақта теңдікке негізделген, зорлық-зомбылықтан ада отбасын құра алады. Жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беруді насихаттап жүрген блогер Татьяна Никонова мұндай тәрбиенің нәтижесі де жаман болмайтынын атап өтеді. Оның айтуынша, АҚШ мектептерінде мүшеқап тарату арқылы жасөспірімдер арасындағы жүктілік қысқарған. Мектептерде міндетті түрде арнайы дәріс оқылатын Швеция мен Германияда жүкті болып қалған жасөспірімдер саны күрт азайған.

Татьяна Никонова жыныстық тәрбие баланы бұзады деген пікірдің дұрыс еместігін айтады. Керісінше, ол жасөспірімнің төсек қатынасы жайлы білімін жетілдіріп, сақтану жолдарын үйретеді, жұқпалы аурулардан сақтандырады.

Репродуктивті денсаулықты күту үшін не істеу керек?

ДДСҰ 2010 жылы ұйымға кіретін мемлекеттерді өз азаматтарының сексуалдық және репродуктивті денсаулығын ұлттық қаржыландырудың ажырамас бөлігі деп тануға шақырды. Сонымен қатар, ұйым талабы бойынша әр ел денсаулық саласының әлеуетін арттырып, жүкті әйелдерге, босанған аналар мен жас нәрестелерге көмекті күшейтуі тиіс.

"Қазақстан азаматтарының да репродуктивті денсаулығын күтуге мүмкіндігі бар. Мәселен, диспансерлік есепте тұрмайтын 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына тегін тексеріле алады. Бұрын сүт безі ісігімен ауырмаған 40-70 жас аралығындағы әйелдерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде екі жылда бір рет тегін скринингтен өтуіне болады. Оған қоса, жүкті әйелдер мен көп балалы аналардың жыныстық жолмен таралатын инфекцияларға анализдерді тегін тапсыруға мүмкіндігі бар. Өкінішке орай, Қазақстанда әйелдердің 23 пайызы ғана скринингтен өтеді. Ал, дамыған елдерде онкологиялық сырқатқа шалдыққан әйелдердің 80 пайызының ауруы ерте анықталады және дер кезінде емделеді", - дейді Диляра Қайдарова.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: