Білім саласында жемқорлықты жоятын жобалар жүзеге асады
Таяуда Шымкентте Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету мәселелері талқыланған жиын өтті. Бұл туралы zakon.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды. Отырысқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің, Ұлттық бюро департаментінің өкілдері, "Нұр Отан" партиясының Түркістан облыстық филиалы, облыстық білім басқармасының және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары, қала, аудан әкімдерінің білім саласына жетекшілік ететін орынбасарлары мен облыстағы барлық 1300 білім беру ұйымының басшылары, сондай-ақ, арнайы мониторингтік топ мүшелері қатысты.
Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету, ата – аналардан, оқытушылардан заңсыз ақша жинауды тоқтату мәселелерін кеңінен талқылауды мақсат еткен жиында төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков облыста білім беру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары сала екені Елбасы тарапынан сынға ілінгенін, білім беру саласы жемқорлық көріністері жоғары деңгейге жетіп отырғанын айтып, білім беру ұйымдарының басшыларына жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі мәселе аясында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов жалпы, Түркістан облысында білім беру саласындағы заңнамалардың орындалуын бақылау шаралары бойынша 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік білім беру Стандарттарының тиісті деңгейлерінің талаптарын орындамағаны үшін облыс бойынша 80 білім беру ұйымында (71-і мектеп, 9-ы балабақша) ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекске сәйкес айыппұл салынғанын атап өтті. Мәліметінше, биылғы оқу жылында басқа жылдарға қарағанда оқулық сатып алуға тиісті қаражат қаралып, оқулықтардың мектепке дейінгі 100% жеткізілуі қадағаланды.
Алайда, оқулықтардың мектептің мөрімен дүкендерден табылуы сонымен қатар бюджет қаражатына алынған оқулықты жалға беріп табыс табу келеңсіз жағдайлары Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандарында орын алған. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Төлеби ауданындағы №8 мектебінің кітапханашысы жұмыстан босатылып, мектеп директоры мен сынып жетекшісіне тәртіптік шара көріліпті.
2018 жылы 8 айда облыс аумағында білім беру ұйымдарының лауазымды тұлғаларымен жасалған 6 сыбайлас қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 4-еуі мектеп директорлары болса, бір техникалық қызмет көрсетуші мен бір жетекші маман тартылған. Бұл ретте, айта кеткен жөн, былтырғы тиісті мерзіммен салыстырғанда арнайы жұмыстардың нәтижесінде, өңіріміздегі ахуал аздап жақсарып, 5 жағдайға азайған. Себебі, өткен 2017 жылдың 8 айында сыбайластық жемқорлыққа қатысты 11 жағдай тіркелген болатын.
Сыбайластық тәуекелдерін төмендету бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама беру және кезекке қоюды процессін автоматтандыру қолға алынды. Бүгінгі күнге 481 мекеме немесе барлық 1368 мектепке дейінгі мекемелердің 35 пайызы осы жүйемен жұмыс жүргізуде (Түркістан, Кентау қалалары, Қазығұрт, Ордабасы, Түлкібас, Сайрам аудандары). Жыл соңына дейін balabaqsha.sitcen.kz порталына балабақшалардың 100 пайызын қосу жоспарлануда. Жүйе қызметімен бүгінде 12 мыңнан астам бала балабақшаға орналасқан. Нәтижесінде, балаларды туылғаннан кезекке қою және балабақшаға жолдаманы үйден шықпай автоматты алу мүмкіндіктері туған.
"Мұнан бөлек, облысымыздағы 902 жалпы орта мектептің барлығы 2018 жылдың шілде айынан бастап мектепке балалардың құжаттарын қабылдау және оқуға қабылдау мемлекеттік көрсетілетін қызметін mektep.sitcen.kz порталы арқылы автоматтандыру жүйесіне ендірді.Аталған жүйе, Түркістан облысының барлық аудандарына қосылды. Бүгінгі күні жүйе арқылы 54 868 оқушы электронды түрде 1- сыныпқа қабылданды. Нәтижесінде, білім ұйымына бару қысқарды, оқушылар туралы мәлімет алу жұмыстары толық электронды жүйеге көшті және білім ұйымы жұмысын автоматтандыру жұмыс көлемін азайтып, жеңілдетті", - деді И.Сағындықов.
Сонымен қатар, жиында облыстың 902 (100%) мектебінде jumys.sitcen.kz жүйесі ендірілгені, аталған жүйе жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдауды және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысын автоматтандыратыны жайлы, сонымен қатар, білім ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің бос орындары жайлы хабарламалар жариялайтыны туралы мәлім етілді. Бүгінге дейін аталған жүйе қызметі арқылы 933 бос жұмыс орындары жарияланып, 198 адам жұмысқа орналасқан.
Басқосуда басқарма басшысы "Күнделік" электронды жүйесінің ашықтығы туралы да сөз қозғап, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін автоматтандыру жүйелерінің де автоматтандырылғанынан хабардар етті.
Кездесуде, сондай-ақ, Департамент басшысы Ғ.Тұрсынбаев, "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.М.Жолдасов, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Б.М.Қасымов, Ұлттық бюро Департаменті басшысының орынбасары Ә.Жорабековтер да сөз алып, ойларын ортаға салды.
Жиын соңында Ұ.Сәдібеков қатысушыларға бүгінгі кездесуден қорытынды шығаруды, күн тәртібінде қаралған басты мәселе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төендету бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
"Саладағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын-алу мақсатында құзырлы органдардың, "Нұр Отан" партиясының Түркістан облыстық филиалының қатысуымен арнайы іс-шаралар жоспарын қабылдап, аудан, қалаларда көшпелі құқықтық көмектер көрсету бойынша арнайы жұмысшы топ құрылсын. Сыбайлас жемқорлық әрекеттерін алдын-алу шаралары ретінде облыстың білім саласында орталықтандырылған қаржыландыру және бухгалтерлік есеп жүйелерін енгізу мәселесін қарастыруды, техникалық қызметкерлерді тағайындауды білім ұйымдарының құзырынан алып, аутсорсингке беру мәселесін қарастыруды, жұмысқа қабылдау рәсімдерін барынша мектеп директорларының құзырынан алып, "Sitcen Jumys" ақпараттық жүйелері тектес жүйелерді кеңінен ендіруді тапсырамын", - деді Ұ.Сәдібеков.
Облыс әкімінің орынбасары мәжілісте, сондай-ақ, конкурстық комиссия мүшелерін мемлекеттік қызметшілердің емес, тиісінше саяси партиялардың, білім саласындағы кәсіподақ, мемлекеттік емес ұйым өкілдері мен білім саласының ардагерлерін қосу мүмкіндігін қарастыруды қажеттігіне тоқталды. Мектеп мұғалімі лауазымына үміткерлер үшін тестілеу бағдарламасын даярлауды және білім беру ұйымдарына мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттар туралы ақпаратты мектептердің, балабақшалардың, білім беру бөлімдерінің көрнекі жерлеріне орналастыруды жүктеді.