Депутаттар қазақстандық «жиһадшылардың» елге қайтқысы келген әйелдеріне кешірім беруді ұсынды
Қазақстаннан діни көзқарас ұстанып, қақтығыс аймақтарына кеткен 55 әйел елімізге қайта оралғысы келеді. Мұндай ақпаратты Шешенстан Республикасы президенті жанындағы Әйелдер құқығы кеңесінің мүшесі Хеда Саратова мәлімдеді. Бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына кіретін елдерден 800 адам Ирак, Сирия сынды мемлекеттерден кері қайту туралы өтініш берген болса, 2 мыңнан астам ана мен бала іс-түссіз жоғалып кеткен деп жазады Алматы телеарнасы.
Отандық ақпарат көздері соңғы күндері Сирия мен Ирак шекарасындағы босқындар лагеріндегі қазақстандық әйелдер кері қайтарылады деген мәлімет таратты. Олардың нақты саны қанша екені және қолдарында балалары бар-жоғы белгісіз болса да, еліміздің құзырлы органдары бүгін-ертең оларды елге жеткізуі тиіс екен. Өзіндік діни көзқарасымен түрлі уақытта ел аумағынан шығып кеткендерді қайтару туралы Сыртқы істер министрінен сұрап көрген едік.
«Мен ешқандай пікір айта алмаймын. Бізге толық ақпарат түскенде, мәлімет аласыздар. Әдетте, біз ешкімнен ештеңе жасырмаймыз. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарынан жасырарымыз жоқ, бәрін айтамыз», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.
Аталмыш ақпаратты министр нақтыламағанымен, бір кездері адасып, өзге елге соғысуға аттанып, уақыт өте өз еліне оралғысы келгендерге көмек қолын созумен айналысатын арнайы мамандарға сауал қойып көрдік. Шешенстан Республикасы президенті жанындағы Әйелдер құқығы кеңесінің мүшесі Хеда Саратова ТМД елдерінен 800 адамның қақтығыс орындарын тастап, туған жеріне қайта сұранғанын, 2 мыңға жуық ана мен баланың іс-түссіз жоғалып кеткенін айтады. Жалпы, аталмыш ұйымның мәліметінше, Сирия мен Ирактан 55 әйел өз Отаны – Қазақстанға қайта оралуға ниетті екен.
«Мен қақтығыс алаңдарына кеткендердің жақындарымен сөйлестім. Қауіпсіздік қызметінің мамандары кімді әкелетінін құпия ұстап отыр. Қазақстаннан кеткен әйелдердің көбісі Иракта жүр. Бірақ бүгін-ертең біразын әкелуі тиіс. Аты-жөндері белгісіз. Бір белгілісі, әкелген бойда кім екендерін айтамыз депті», – деді Шешенстан Республикасы президенті жанындағы Әйелдер құқығы кеңесінің мүшесі Хеда Саратова.
Хеда Саратова Ресей Федерациясы содырлардың жұбайларын кері қайтару рәсімін тоқтатқанын айтады. Оның пайымынша, бір ғана Сирияны өзара бөлуге тырысқан күрдтер мен қарулы топ, яғни содырлар нәзік жандыларды сатып келеді екен. Саудаланудан сақтанғандар Ресейге жасырын да өтіп кетеді-міс.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дейді ғой. Сондықтан ол аналардың еш кінәсі жоқ деп айта алмасам да, аңдамай жүріп от басып қалған жандар екені анық. Сондықтан да анаға мейірім көзбен қарау керек деп ойлаймын. егер оларды сыртқа теуіп, итере беретін болсақ, олар да қоғамнан алыстап кетер», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова.
«Адасқан, қателескен адамдарды түзу жолға салып, алдағы тағдырын сот жүзінде шешіп, оларға мүмкіншілік беру керек. Олар Қазақстанға келіп, «жаңылдым, қателестім» деп кінәларын мойындап, дұрыс жолға түсетін болса, өздерінің экстремисттік ойларының жоқ екенін психологтар арқылы дәлелдесе, онда Қазақстанда тұруына біртіндеп мүкіндік берген жөн», – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков.
Қақтығыс орындарына кеткен әйелдер Қазақстанға оралған жағдайда, олармен тиісті органдар, қауіпсіздік мамандары мен теологтар айналысады. Айта кетерлігі, биылғы қаңтар айында Сыртқы істер министрлігіне 20 адам Сирия және Ирак аумағына аттанған жақындарын қайтаруды сұрап, көмек қолын созуды өтінген еді. Ведомство өкілдері олардың өтініштерін қарау үстінде. Сырты саясат мамандары аталған елдерден 7 әйел мен 16 баланың қайтарылуын да сөз еткен болатын. Ақпаратқа сенсек, олар соңғы сегіз айдан бері арнайы лагерде өмір сүріп жатқан көрінеді.
Нұржан Сәдірбай