«Астана Клубы» төртінші отырысының спикерлері белгілі болды
12-13 қараша аралығында Елордамызда өтетін «Астана клубы» төртінші отырысының бағдарламасына қатысты толықтырулар жарияланды. Мәселен, шақырылған спикерлердің арасында экс-президенттер мен халықаралық ұйымдардың бұрынғы көшбасшылары да болатыны хабарланды. Жозе Мануэл Баррозу (Португалия), Иво Йосипович (Хорватия), Бронислав Коморовский (Польша) және Ив Летерм (Бельгия). Міне, осы белгілі де белді төрт мемлекеттік қайраткер - «Астана Клубы» төртінші отырысының мәртебелі меймандары деп хабарлайды zakon.kz.
«Астана Клубы»-ның ұйымдастырушылары Елбасы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры және Елбасы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат Институты екенін еске саламыз.
Негізгі шетелдік қонақтардың бірі Хорватия Президенті (2010-2015) Иво Йосипович «Астана Клубының» ашылуында сөз сөйлейді. Жиын Еуразияны дамыту үшін күрделі түйіндерді шешу, аймақта ынтымақтастықты дамыту және өткен жүз жылдықтың тәжірибесін ұғыну мәселелерін талқылауға арналады.
Йосипович өз мемлекетінің еуропалық интеграцияға өту кезеңінде қол жеткізген жетістіктерімен тарихқа енді. Халықаралық аренада саясаткер әлемнің HWPL Комитетіне (Бүкіләлемдік келісім және рухани мәдениет Комитеті) халықаралық құқық бойынша мүше ретінде белгілі. Сонымен қатар «Соғысты тоқтату және бейбітшілік туралы декларация» (DPCW) ресми жариялаған кезден бастап осы құжатты қолдаушылардың бірі болып келеді. Йосипович бұл декларацияны қолдап қана қоймай, оның танылуына көп күш жұмсап, барлық халықаралық-құқықтық көп сатылы процедуралардан өтіп, БҰҰ деңгейінде талқылануына қол жеткізді.
Иво Йосипович мансабы жоғарылап, өрлеген кезеңде бірнеше халықаралық жобаларда жұмыс істеді. Сондай-ақ ол Еуропа Кеңесінде сарапшы болды. 2003 және 2008 жылдары Парламент депутаты болып сайланды. 2009 жылғы 20-маусымда Хорватия президентінің лауазымына кандидат болды. Бұл саяси жарыс кезінде қарсыластарынан озып шықты. Йосипович сайлауалды науқанын «Жаңа әділдік» ұранымен өткізді. 2010 жылғы 11-қаңтарда Хорватияның Орталық Сайлау Комиссиясы президенттік сайлаудың екінші айналымында Йосиповичтің жеңісі туралы жариялайды. Ол басқарған кез Хорватияның Еуропалық кеңеске кіруі бойынша келіссөздер референдумының сәтті жүргізілуімен аяқталды. Сондай-ақ Йосипович халықаралық қылмыстық құқық бойынша Хорватия жетекші мамандарының бірі ретінде де әлемге әйгілі.
Еуропа комиссиясының төрағасы (2004-2014), Португалияның Премьер-министрі (2002-2004) Жозе Мануэл Баррозу «Еуразияның шиеленіскен уақыты: геосаяси тығырықтан шығатын жол бар ма?» алғашқы панельдік сессиясының жұмысына қатысады. Басқа сарапшылармен бірге ол Еуразия кеңістігіндегі қарама-қайшылықтарды талқылайды.
Португалия Әлеуметтік-демократиялық партиясы (PSD) Құқықтық орталығының бұрынғы басшысы, әрі заңгер Баррозу алғаш рет 1985 жылы Португалия парламентіне сайланып, Ішкі істер министрінің көмекшісі болып тағайындалды. Ал 1992 ж. Баррозу Португалияның сыртқы істер министрі болып тағайындалды және осы лауазымда бола тұрып, 1994 жылы Португалия үкіметінің атынан ЕО және Ресей арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 2004 жылғы маусымда Еурокомиссияның төрағасы лауазымына тағайындалу үшін премьер-министр лауазымынан кетеді. Баррозудың төрағалығы кезінде Еурокомиссия құрамына Румыния мен Болгария кірді. Сондай-ақ ЕК Түркияның да кіруі туралы келіссөздер жүргізілді. 2006 жылы European Voice журналы Баррозуды «Жылдың еуропалық адамы» деп атады. Ол саясаттану, халықаралық қатынастар және Еуропалық интеграция мәселелері бойынша көптеген жарияланымдардың авторы болып табылады. Қазіргі уақытта «Goldman Sachs International» банктың жетекшілерінің бірі.
Баррозумен қатар жаппай геосаяси тұрақсыздық мәселелері және оларды шешу жолдары туралы пікірталасқа белгілі саясаткер, Польшаның Президенті (2010-2015) Бронислав Коморовский де қатысады.
Коморовский 2010 жылғы сайлауда президенттік лауазымға «Азаматтық платформа» партиясынан сайланады. Ол сайлауға дейін осы партия төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген еді. Саяси қызметін 1989-1990 жылдары саяси ұйымдар және қауымдастықтармен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Министрінің аппарат басшысы ретінде бастаған. 1990-жылдардың басында Демократиялық уния, содан кейін «Либералдық-демократиялық конгресспен» бірікен соң Еркіндік Уния христиандық-демократиялық партиясында қызмет атқарды. Сондай-ақ Коморовский екі ұйымда да бас хатшы лауазымында жұмыс істеді. Кейін Польша ұлттық қорғаныс министрінің және Польша Сейм Маршалы лауазымында қызмет атқарды. Иван Франко атындағы Ұлы Витовт университеті және Львов мемлекеттік университетінің құрметті докторы болып табылады. Варшава университеті тарих ғылымдарының магистрі дәрежесі бар.
Сонымен қатар «Астана Клубы» жұмысының шеңберінде Қазақстанға IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгияның Премьер-Министрі (2008, 2009-2011) Ив Летерм келуді жоспарлап отыр. Летерм мырза сессияны ашып, басты спикерлердің бірі болады. Ол Еуразияның өзара әрекеттесу институттарын дамыту және төніп тұрған қауіптермен күрес әдістерін талқылауға қатысады.
Ив Летерм қазіргі уақытта Демократия және сайлау жүргізу бойынша көмек көрсету мәселелері жөніндегі Халықаралық институтта (International IDEA) Бас хатшы қызметін атқарады.
1981 ж. Летерм Левен Католиктік университетінде құқықтануды меңгерді. Кейін Гент университетіне оқуға түсіп, оны 1983 жылы саясаттану бойынша бакалавр дәрежесімен аяқтады. Бір жылдан соң құқық ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. Ал 1985 жылы Мемлекеттік басқарудың магистрі дәрежесіне (МРА) ие болды. 2008 жылы премьер-министр болмас бұрын федералдық үкіметте вице-министр және бюджет, көлік және институционалдық қайта құру бойынша министр лауазымында қызмет атқарды.
2009 жылы Сыртқы істер министрі қызметіне келіп, сол жылдың 25- қарашасында премьер-министр лауазымына қайта тағайындалды. Летерм премьер-министр қызметін атқарған кезде Бельгия Еуропалық одақта төрағалық еткен еді.
Айта кету керек, жыл сайынғы “Астана клубының” 4-ші отырысы Қазақстанның бас қаласында 12-13 қараша күндері дәстүрлі түрде “Назарбаев орталығында” өтеді. Биылғы “Астана клубының” жұмысына әлемнің 33 елінен, соның ішінде Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония сияқты елдерден 50-ден астам спикер қатысады.