Профессор Абдуалы: Елбасының мақаласы халқымыздың тарихи шежіресін орнықтыруға жол ашады
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірініші проректоры т.ғ.д., профессор А.Абдуалының Елбасы Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын қолдау аясында
"Ұлттық төлтума дүниетанымның салтанат құруы" атты тақырыпта білдірген пікірі
"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры", - деп аталатын мақаласы қазақ халқының ғасырлар қойнауынан бастау алатын, тек-тамыры, мәдени-рухани болмысы жалпы адамзаттық тарих пен мәдениеттің құрамдас бөлігі бола отырып, оған қосқан өзіндік үлесін ерекшелеп көрсетуге негізделген. Мақала арқылы қазақ халқының мәдениетін, рухани болмысын таныту, этникалық тарихын жан-жақты саралай отырып, әлемге заманауи сұранысқа сай цифрлық өркениет жағдайында қайта жаңғырту ісі ұсынылып отыр.
Әр ұлттың тарихи даму сатыларында қалыптасқан биік танымы мен талғамы арқылы сақталып, сұрыпталған бай мәдениеті адамзат баласы мәдениетінің негізін қалады. Сондықтан да, адамзат баласының бай мәдениеті әртүрлілігімен және әртектілігімен ерекшеленеді. Л.Н. Гумилев айтып өткендей "Әрбір этностың өзіндік ішкі құрылымы және өзіндік қайталанбас қасиет-бітімі болады". Осы қайталанбас ұлттың рухани өзегі өзінің дүниежүзілік мәдениетке қосқан үлесі арқылы, уақыт сынына төтеп беріп, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, төлтума дүниетанымдық көзқарасымен ұлтжанды өзегі мықты болашақ ұрпағын тәрбиелейді.
Еуразия даласында орналасқан Ұлы Даланың өзіндік тарихы бар. Ежелгі дәуірден бастау алатын Қазақстан тарихының кезеңдеріндегі ерекшелік – көшпелілір мәдениетін қалыптастыруы болды. Жабайы тарпаңды қолға үйретіп, желдей жүйткіген жылқы шаруашылығының негізін қалаған халқымыздың бай мәдениеті әлемдік өркениетке қосқан зор үлесі. Салт атты көшпелілер өркениетінің Еуразия ойкуменінде үш мың жылдық тарихы бар.
Қазақстанның байырғы тұрғындарының тау-кен өндірісін дамытуы, адамзат өркениеті барысын түбегейлі өзгертті. Әлемді мойындатқан ежелгі сақтардың даналық өрнектері "аң стилі", "Алтын адам" жалпы адамзаттық мәдениеттің асыл нұсқасы болып табылады.
Шығысында Қытай қорғаны мен батысында Темір қақпа (Дербент) арасында біртұтас мемлекет құрған түркінің айбынды азаматтары "Басы барды – иірдік, тізесі барды – бүктірдік" деген сөздерін тасқа қашап қалдырды. Түркі жазуының негізін қалады. Бүгінгі Шығыс Түркістаннан бастап Жерорта теңізіне дейінгі аймақта тұратын отызға тарта түркі тілдес ұлтты өрбітті.
Адамзат баласы қашанда нақты материалдық жағдайлар мен мүмкіндіктерге орай өзінің тарихын жасайды. Халық өмірі тек экономикалық, әлеуметтік, рухани әрекеті арқылы қалыптасып қоймайды. Сонымен қатар, материалдық және рухани әркеттің бөлінбес сыңары сияқты эстетикалық таным-түсінігі де шыңдалып отырады. Сол қоғамдық тарихи тәжірибе аясына өтетін саналы әрекеттің арқасында адамдар өзін өзі түлетеді.
Бұл мақаладан түйіндегеніміздей, жинақталған мұраларды ғылыми айналымда ұлттық төлтума көзқарас негізінде тарихи сабақтастықта зерделеу, заманауи негізде насихаттау арқылы тек –тамырымызды танып білуге тағы да мүмкіндіктер туындады. Оның негізгі ұстанымы да осында Қазақ халқының Еуразия халықтарының ішіндегі ең көне халықтардың бірі екендігін көрсету. Ал, бұл халықтың өткен тарихын жан-жақты сабақтастықта қарау арқылы оның болашақ мәдени-рухани болмысын, ұлттық идеолгиясын шыңдауға жасалып жатқан игі іс.
Мақала арқылы Елбасы халқымыздың тарихи шежіресін, этноегенетикалық арқауын, рухани төлтума дәстүрін тереңнен тарта отырып, әлемге кім екендігімізді танытуы, ұлттық тарихымызды заманауи сабақтастықта қарауды міндет ете отырып, прогрессивті мұраларын бүгінгі дамуымыздың ұлы көшіне теңдестіруі – кейінгі ұрпаққа жаһандану заманында жұтылмайтындай болашақтың тұғыр тасын берік орнықтыруға жасалған ұлы қадам дерсіз.