ҚР Президенті жанындағы ұлттық кеңес құрамына кімдер кіретіні белгілі болды
ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның толық мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
ҚР Президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (бұдан әрі – Ұлттық кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау болып табылады.
3. Ұлттық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.
2. Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері
4. Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері:
тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу;
жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау;
жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;
өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.
3. Ұлттық кеңестің құрамы
5. Ұлттық кеңес оның төрағасынан, орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады.
6. Ұлттық кеңестің төрағасы (бұдан әрі – Төраға) Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.
7. Төраға:
Ұлттық кеңестің қызметіне жалпы басшылық жасайды;
Ұлттық кеңестің отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;
Ұлттық кеңес төрағасының орынбасарына, мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді.
8. Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.
Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.
9. Ұлттық кеңестің шешімдерімен қоғам дамуының жекелеген салалары бойынша жұмыс топтары құрылуы мүмкін.
Жұмыс топтары Ұлттық кеңестің құрамынан құрылады.
10. Ұлттық кеңестің мүшелері:
Ұлттық кеңестің жұмыс жоспары, оның отырыстарының күн тәртібі мен мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
Ұлттық кеңестің отырыстарына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға;
Ұлттық кеңестің отырысында қаралатын мәселелерді қоғамда талқылауға және түсіндіруге қатысуға құқылы.
Ұлттық кеңестің мүшелері өздерінің өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге құқығы жоқ.
Ұлттық кеңестің мүшелерінде Мемлекет басшысы қол қойған, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесінің куәлігі болады.
11. Ұлттық кеңестің хатшысы:
Ұлттық кеңестің жұмыс жоспары жобасының әзірленуін қамтамасыз етеді;
оның отырыстарының күн тәртібі жобасын жасайды;
Ұлттық кеңес отырыстары материалдарының, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларының дайындалуын ұйымдастырады;
Ұлттық кеңес мүшелеріне Ұлттық кеңестің кезекті отырысының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;
жекелеген жұмыс түрлерін жүзеге асыру үшін сарапшыларды, ғалымдарды және мамандарды белгіленген тәртіпте тартады;
өңірлерде көшпелі консультативтік кеңестер өткізеді;
Төрағаның тапсырмалары бойынша өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Ұлттық кеңестің қызметін ұйымдастыру
12. Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді.
Ұлттық кеңестің отырыстары жалпы пленарлық және тақырыптық болып бөлінеді.
Ұлттық кеңестің отырысында мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар деп есептеледі.
13. Ұлттық кеңестің шешімдері оның отырысына қатысып отырған мүшелерінің дауыс беруі арқылы жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Отырысқа қатысушылардың дауыстары тең болған жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Төраға жекелеген мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың өзге тәртібін өзінің қалауынша белгілеуге құқылы.
14. Ұлттық кеңестің шешімдері Төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
15. Ұлттық кеңестің ұсынымдарын алған мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер оларды қарайды және қабылданған шешімдер туралы Ұлттық кеңеске Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте хабарлайды.
16. Ұлттық кеңесте талқыланатын мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері мен Ұлттық кеңестің отырыстарында қабылданған шешімдер жұртшылықтың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіледі, сондай-ақ Интернет желісінде орналастырылады.
17. Ұлттық кеңестің отырыстарына Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңестің мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
5. Ұлттық кеңестің қызметін қамтамасыз ету
18. Ұлттық кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
19. Ұлттық кеңестің жұмыс органы:
Ұлттық кеңес қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
жүктелген міндеттерді орындауға қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардан сұратады және алады;
жұмыс топтарының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
Ұлттық кеңес қабылдаған шешімдердің орындалу барысына бақылауды жүзеге асырады;
Ұлттық кеңестің қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.