Қазақтан шыққан тәңірші: Мұсылман сатқын дегенді білдіреді
Ассалаумаликум деген сөз қазаққа өте жат. Ал мұсылман деген сатқын деген мағынаны білдіреді. Бұл туралы имаммен сөз таластырған тәңірші Тоқтар Абыз Аман Тасыған жүргізетін "Сәлем" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Өзін жазушы, ақын, суретші, композитор, ғалым деп таныстырған Тоқтар Абыз тәңіршілдікке бет бұрғанына 40 жыл болғанын айтады. Оның айтуынша, қазақтардың ата діні - тәңіршілдік.
"Араб миссионерлері қазақ жеріне келгенде дейін ата-бабамыз "Ассалаумаликум" деген сөзді білмеген, олар бір-бірімен "Ар ма" деп амандасқан", - дейді ол.
Қазақ Құдайын емес, ең бірінші Арын сұраған...
- Ассалаумаликум деген сөз қазаққа өте жат. Ол біздің дүниетанымызға келген араби, құрани түсінік. Оған дейін қазақтар: «Армысың, бармысың, ар ма» деп амандасқан. Иә, қазақтар кез келген азаматтан ең бірінші арын сұраған? Онда да оның өз әдебі болған. Бірінші сұқ саусағын жүрегіне тақап «Ар ма» деген, содан соң қол алысқанда бас бармақтарын айқастырып, қысып амандасқан. Өйткені бізде Қызыр ата деген бар. Соған сенген халықпыз. Ал сол кісінің бас бармағында сүйек болмаған, - дейді Тоқтар Абыз.
Сондай-ақ ол ислам діні қолданысына ешқандай наразылығы жоқтығын айтады. Бірақ ол Қазақстандағы қазіргі исламның сипатын таза сауатсыздық деп санайды екен.
Мұсылманмын емес, мүмінмін десін...
"Құрани тілмек айтсақ, біз муминбіз, мүсілімбіз. Солай деп айту керек. Мысалы, біздің Тәңірлік ұғымда мұсылман деген сатқын деген мағынаны білдіреді. Мысыман, мұсылман, масылман деген Тәңірлік дүниетанымда 3 қағидат бар. Қазақтың сөз құрылымында сөзді қадап айту, безеп айту және орап айту деген амалдар бар. Сөзді орап айтуды ғылымда полимром дейді, ал сөздің ішіне енуді генеметика дейді. Ол философиялық термин. Осы жағынан алғанда, мұсылман деген сөзді кері оқысаңыз намлысұм деген сөз шығады, яғни сұм, сатқын деген. Сондықтан егер өзін таза исламшы санайтын адам "мүмінмін, мүсіліммін" десе, оған қуанар едім. Бірақ олар оның орнына қазақтың сөзін кіргізіп жіберген.
Пайғамбар деген де қазақтың сөзі. Исламда Мұхаммедті, Абадты нәби дейді. Міне, сол терминімен айтсын. Мұхаммед пайғамбар емес, нәби десін. Ал пайғамбар десе келеке еткені болады. Сол Құранда айтылады: "Ей, Мұхаммед менің айтқанымды өзгеріссіз жеткіз" деп. Яғни, араб тілінде жеткіз деп тұр. Осыны түсіндіру керек қазаққа. Мен өз басым исламды сол күйінде жеткізсе, оған тынышпын. Ал оны жаңағыдай қазақ сөзөдерімен араластырып, бытықы-шытықы қылатын болса, одан не қадір бар?..", - дейді ол.
Жаназада қайтыс болған адамның қайта өмірге келуі сұралады
Тәңіршілердің өз әдебі мен амалдары бар екен. Ол исламнан көбірек алшақ жатыр.
"Исламшылар жыл сайын Меккеге қажылыққа барса, ал тәңіршілер өз мекеніне барады, яғни туған жерінде - ата-бабаларының басына барып, зиярат жасайды. Бұл – парыз. Бірақ осыны көп қазақ ұмытты қазір. Тәңіршілерде жоқтау, қидым айтылады. Ол айтылмаса адамның жаны сыртқа шықпайды деген наным-сенім бар.
Қайтыс болған адамның үшін, жетісін, қырқын, жүзін, асын береді, одан кейін 3 жылға шек қойылады. Бұдан кейін сені сағынбаймын деп айтады.
Тәңіршілерде жаназа көкейден шығарылады. Адамның өміріне байланысты. Қазақтың дүниетанымында Өмір, Тағдыр, Пешене, Жазмыш, Озмыш, Тауқымет, Талайым деген бар. Адамның құлдырау сатысы исламда жоқ. Жаназаны ақиясы шығарады.
Бізде жанат деген түсінік жоқ. Біз ол адамды ұрпағынан қайта тууды сұраймыз. Ол арада Тәңірге, қайтыс болған адамға қатысты мадақтау айтылады. Біздің жоғалып кеткен жаназа, жоқтаулар өнер туындысы секілді ауыздан-ауызға өтіп, осы күнге жеткен. Халықтан халыққа тараған. Мақтан ретінде оны айтып жүрген. Мысалы, Аманның бәленше қайтыс болғанда шығарған жаназасы қандай, жүректен жүрекке жетті деп айтылып жүреді көпке дейін", - дейді зерттеуші.
Тәңіршілдер тек бір әйел ғана алады
Тоқтар Абыздың айтуынша, Аруақ екі жерде болады. Біріншісінде өз денесімен бірге кетеді. Сондықтан қазақтар зиярат етіп, тәу жасайды ата-бабасының басына. Екіншісі өз ендігінде қалады. Қазақ дүниетанымда сол ендікке ие болу үшін еркекке елу үйден, қызға қырық үйден тыйым салынған.
- Ең алғаш аналық пен аталықтан пайда болған клетканы тәңіршілер Аруақ деп атайды. Тәңіршілер Аруаққа сыйынады, бірақ табынбайды. Менің ұрығымда жеті атам бар, сондықтан оны кім көрінгенге апарып салуға менің рұқсатым жоқ. Тек бір әйел ал, соған тудырт ұрпақты, бер ұрықты жалғастыру үшін. Бізде 4-5 әйел алу деген жоқ. Егер өмірден озса, онда еріксіз аласың екінші әйелді. Тәңіршілерде жұмақ, тозақ деген сөз бар. Бірақ оның мағынасы исламдағыдай емес. Мысалы, тозақ ол тозып қалған клетка. Ұрпағы бұзылған, өзін жаман қып тастап кеткен адам. Ал жұмақ деген өте таза клетка. Ол аруақтың тазалығы сонша, оны көруге болады, суретке де түсіруге болады, - дейді тәңірші.