Биыл Жамбыл облысында 5 жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылды
"Жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ. Өңірде жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы қарқын алып келеді. Бұл бүгінгі ұрпақтың білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын таба білетін білімді, сауатты маман болып шығуы үшін жасалған қадам. Облыста 2019-2020 оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілді. Оның біреуі үш ауысымды, біреуі апатты жағдайдағы және үшеуі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешіп отыр. Атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық, Байзақ ауданы Ақшолақ станциясындағы 120 орындық, Шу қаласы Тоғай алқабындағы 300 орындық, Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық, Меркі ауданы Қазақ-Дихан ауылындағы 120 орындық орта және бастауыш мектептері жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастағалы отыр", - деді өңір басшысы Асқар Мырзахметов құттықтау сөзінде. Бұл туралы Zakon.kz Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі кезде өңірдегі үш ауысымды мектердің мәселесі толығымен шешілген. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова айтып берді.
- Жыл соңына дейін тағы 4 нысан пайдалануға беріледі. Қалған апатты және орын тапшылығы бар мектептердің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Оның 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қарастырылған. Бүгінде 15 білім нысанының құрылысы жүргізілуде, - деді Р.Тұрмағанбетова.
Айта кетерлігі, биыл Жамбыл облысында білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Ағымдағы жылы білім жүйесін қаржыландыруға 130 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 млрд. теңгеге артық (2017 жылы – 107,8 млрд. тг.). Оның 5,1 млрд. теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қаралған.
Облыста білім саласы жаңа оқу жылында бірнеше жаңалықтармен ерекшеленбек. Атап айтқанда мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны 545-ке жетті. Онда 55207 бала тәрбиеленуде. Өңірде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 3-6 жас аралығында 98,6%-ға артса, жыл соңына дейін 100%-ға қамтылады.
Мектепке дейінгі білім мекемелерінің желісін кеңейтудің бір жолы – жекеменшік әріптестікті тарту. Сондай-ақ биыл өңірде 2194 орындық 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жекеменшік балабақша үлесі 31,4% құрады. Бүгінде облыстағы 171 жекеменшік балабақшада 14984 бала тәрбиеленуде.
Бұдан басқа, балабақшаларға "Қолма-қол ақшасыз төлем" жобасы енгізілуде. Қазіргі уақытта 150 балабақшаға енгізілді. Мұнда ата-ана төлемақысы терминалдар арқылы қабылданып, тамақтануына жұмсалған қаражаттың есебі мен ас мәзірі портал арқылы жарияланады.
Облыста 442 жалпы білім беретін мектепте 222 мың бала білім алады.