Құқық қорғау саласы түбегейлі өзгереді
Ел қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп, мемлекеттің бейбіт те тыныш дамуына кепіл болып отырған полиция қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсету – үлкен көрегенділік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында Ішкі істер қызметінің ел қауіпсіздігі жолында атқарар жұмысының жаңа кезеңге өтіп, жаңаша бет-бейнеге ие болатынын атап өтті.
Ол өз сөзінде құқық қорғау саласын түбегейлі реформалау – ең өзекті мәселелердің бірі екеніне ерекше назар аударды. Әсіресе полицияның мемлекеттің күштік құрылымы ретіндегі бейнесі артта қалып, ол ендігі кезекте азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет ететіні елдің сала қызметкерлеріне деген сенімі мен құрметін арттыра түседі деген ойдамыз.
- Бірінші кезеңде 2020 жылдың соңына дейін Әкімшілік полиция қызметі комитетінің жұмысын қайта құру қажет. Мұны жүйесіздікке салынбай, сапалы орындау керек. Полиция жұмысының нәтижелілігі жалпы полиция қызметінің беделімен айқындалады. ІІМ реформалауға алдағы үш жылдың көлемінде 173 миллиард теңге қарастырылады. Бұл қаржы сала қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, тұрғын үй жалдауға, ХҚКО қағидаттары негізінде полицияның фронт-кеңселерін салуға жұмсалады, - делінген Жолдауда.
Қоғамның басты құндылығы – адам болса, билік пен қоғам арасында азаматтардың барлық өтінішіне назар аударатын мемлекетті құру бүгінгі күннің басты мақсаты екенін атап өтті. Халықпен кері байланыс орнату олардың өтініштерін сөзбұйдаға салмай, тез, әділ шешілуіне мемлекеттік органдар бас¬шыларының назарын аударды.
Бұған қоса, Президентіміздің Жолдауда құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтіп, егеменді елдің тегеурінді әскерін қалыптастыру міндеті тұрғанын жеткізді.
Сәл артқа шегініп тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанның Қарулы Күштері де елмен бірге дамып, елмен бірге заманауи талаптарға сай жетіле түскенін көрдік. Елбасының Жарлығымен 1992 жылы құрылған Қарулы Күштер алғашқы бес жылда біраз қиыншылықты бастан кешірді. Әскери кадрлар жетіспеді. Ескі техника, жанармай тапшылығы қолбайлау болды. Соның бәріне төзіп, шыдамдылық көрсетіп, тұйықтан шыға білдік. Қазақстанның әскери тарихында осы алғашқы қалыптасу кезеңдері алтын әріптермен жазулы тұр.
Ел қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп, мемлекеттің бейбіт те тыныш дамуына кепіл болып отырған полиция қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсету – үлкен көрегенділік. Әсіресе сапалы жұмыс істеу үшін аса қажетті саналатын жалақы мен тұрғын үй мәселесінің оңтайлы шешілуі салаға деген қызығушылықты арттырып, қызметкерлердің ынтасын күшейтері анық.
Тұрдалы Шералин, Жамбыл облыстық полиция департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы