Қазақстанның сыртқы борышы 467,6 млн долларға қысқарды
2019 жылғы 1-жартылдықтың қорытындылары бойынша төлем балансының ағымдағы шоты дефицитпен қалыптасып, 1,9 млрд. АҚШ доллары болды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Ағымдағы шот дефициті мұнайдың әлемдік бағасының сыртқы конъюнктурасының нашарлауы аясында сауда балансының профицитінің төмендеуіне себепші болды. Тауарлар экспорты 28,6 млрд. АҚШ долларына дейін 0,8%-ға ұлғайды. Бұл ретте, мұнай және газ конденсаты экспортының құны (ресми экспорттан 57,7%) келісімшарт бағасының төмендеуі есебінен 6,6%-ға қысқарды.
Тауарлар импорты 17,2 млрд. АҚШ долларына дейін 7,2%-ға өсті. Импорттың өсуі жабдықты, көлік құралдарын, отын-энергетикалық кешенді жаңғырту үшін металдардан жасалған бұйымдарды сатып алуға байланысты инвестициялық тауарларды әкелудің, инфрақұрылымдық және басқа да жобалардың ұлғаюына, оның ішінде мұнайгаз секторындағы өндірістік қуаттың кеңеюіне себепші болды.
Шетелдік тікелей инвесторлардың кірістері 2019 жылғы 1-жартыжылдықта 10,8 млрд. АҚШ долларына дейін 2,8%-ға төмендеді. Бейрезиденттердің тікелей инвестициялардан түскен кірістерінің жартысынан астамы еншілес қазақстандық кәсіпорындарды қаржыландыруға бағытталды.
Қаржы шоты бойынша (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) таза әкетілу 3,7 млрд. АҚШ доллары болып қалыптасты, бұл резиденттердің шетелдік активтерінің өсуіне байланысты.
Тікелей инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі бейрезиденттердің кірістерін қайта инвестициялаумен, резиденттердің өзінің шетелдік еншілес ұйымдарының капиталын алумен, сондай-ақ шетелдік үлестес компаниялардың қазақстандық кәсіпорындардың алдындағы өздерінің борыштық міндеттемелерін өтеумен қамтамасыз етілген 3,7 млрд. АҚШ доллары болды.
ҚР Ұлттық қорының және басқа да резиденттердің активтерінің өсуі, сондай-ақ қазақстандық банктер мен кәсіпорындардың міндеттемелерді өтеуі портфельдік инвестициялар бойынша 4,2 млрд. АҚШ долларындағы таза әкетілуге алып келді.
Басқа инвестициялар бойынша 3,3 млрд. АҚШ долларындағы таза әкетілу резиденттердің шетелдік шоттардағы активтерінің ұлғаюымен, мемлекеттік басқару органдарының және банктердің ұзақ мерзімді кредиттер мен қарыздар бойынша міндеттемелерді өтеуімен, сондай-ақ ҚР Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша халықтың қолындағы қолма-қол шетел валютасының (ҚШВ) өсуімен қамтамасыз етілді.
Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 28,2 млрд. АҚШ доллары болып бағаланды, бұл қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 7,2 айын қаржыландыру қажеттілігін өтейді.
2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 158,3 млрд. АҚШ доллары немесе ІЖӨ-ге 87,7% (жылдың басынан бастап 0,8 пайыздық тармаққа жақсару) болды.
Сыртқы борыш құрылымында бұрынғысынша фирмааралық берешек (63,3%) басым тұр, корпоративтік сектордың байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышына 25,1%, мемлекеттік сыртқы борышқа (Үкімет және Ұлттық Банк) – 8,0%, банк секторының сыртқы міндеттемелеріне (ЕДБ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ) - 3,6% тиесілі.
Еліміздің сыртқы борышы 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта 467,6 млн. АҚШ долларына қысқарды.
Мемлекеттің сыртқы борышы мемлекеттік сыртқы қарыздарды өтеумен ішінара теңестірілген тәуелсіз еурооблигациялардың нарықтық құнының өсуі есебінен 323,0 млн. АҚШ долларына ұлғайып, 12,6 млрд. АҚШ долларын құрады.
Банк секторының сыртқы міндеттемелері бейрезиденттер депозиттерінің өсуі және шетел банктерімен спот келісімшарттарының өсуі есебінен 79,9 млн. АҚШ долларына қысқарып, 5,7 млрд. АҚШ долларын құрады, ол еурооблигацияларды («Қазақстан Халық Банкі» АҚ) және «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-тың қарыздарын өтеумен орны толтырылды.
Корпоративтік сектордың үлестес емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы өзгерген жоқ (99,8 млн. АҚШ долларына ұлғайып, 39,7 млрд. АҚШ долларын құрады), себебі төлем балансының операциялары (еурооблигацияларды өтеу, сыртқы қарыздарды төлеу) қазақстандық эмитенттердің еурооблигацияларының нарықтық құнының өсуімен теңестірілді.
Фирмааралық берешек ірі өндіруші және көлік компаниялары шетелдік тел ұйымдардан тартылған кредиттерді өтеуі нәтижесінде 810,6 млн. АҚШ долларына азайып, 100,2 млрд. АҚШ долларын құрады.
Талдамалық мақсатта сыртқы борыш құрылымында бірінші жартыжылдықта 1,7 млрд. АҚШ долларына азайып, 2019 жылғы 1 шілдеде 21,0 млрд. АҚШ долларын құраған мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы (мемлекеттік сектор капиталына 50%-дан астам тікелей немесе жанама қатысатын банктер мен ұйымдар) жеке бөлінеді.
Қазақстан Республикасының таза сыртқы борышы 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта 806,1 млн. АҚШ долларына ұлғайып, 47,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл ретте мемлекеттік және банк секторлары қалған әлемге қатысты таза кредиторлар, ал корпоративтік сектор таза қарыз алушы болып табылады.
Анықтама үшін:
Төлем баланысының алдыңғы бағалауымен салыстырғанда 2019 жылғы 1 жартыжылдықтағы ағымдағы шот мемлекеттік органдардың деректерін және респонденттердің есептерін жаңарту есебінен біраз жақсару жағына қайта қаралды.
Фирмааралық берешек тікелей инвесторлар, еншілес және тел кәсіпорындар алдындағы міндеттемелерді білдіреді және оның 66,5%-ы 2019 жылғы 1 шілдеге Қазақстан аумағында ірі мұнай газ жобаларын іске асыратын шетел компаниялары филиалдарының сыртқы борышынан тұрды.
Таза сыртқы борыш борыштық құралдар бойынша сыртқы активтерді шегере отырып, борыштық құралдар (сыртқы борыш) бойынша сыртқы міндеттемелерді білдіреді.