8 жылға сотталған Салтанат Құсманқызының ісіндегі шикіліктер

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2019 22:38 видеодан кадр
Бұл істі төрт ай бойы жан-жақты зерттеген Өмірбек Еркешов 12 томдық қылмыстық істен көптеген заңсыздықтарды анықтапты.

Чан Вэй – қылмыстық істі бақылап, басқарып отырған. Салтанат Құсманқызының ісін төрт ай бойы жан-жақты зерттеген Өмірбек Еркешов осылай деді.

Естеріңізге сала кетсек, Салтанат Құсманқызы "Ас-Ай" және "Минметалс Қазақстан" ЖШС кассасынан 77 млн 400 мың теңгені "ұрлап кетті" деп айыпталып, 8 жылға сотталған еді. Көп жылдардан бері есеп-қисап саласында, салық бөлімдерінде жұмыс істеген экономист 12 томдық қылмыстық істен көптеген заңсыздықтарды анықтапты.

- Істі зерттеу барысында Салтанаттың үстінен арыз жазған Чан Вэй бұл компанияларда бір күн де жұмыс істемеген. Анығында, жұмыс істегені жайында бір құжаттан көрмедім. Тіпті, Чан Вэй қызметкер ретінде зейнетақы қорымен келісім шартқа да отырмаған. Істе ондай құжат жоқ. Оның үстіне, мына жағдайға да назар аудару керек: компаниялардың нақты директоры Асқар Жакулин 2016 жылдың 2 ақпанында қайтыс болады. Ал Чан Вэй болса, сол жылдың 1 ақпанында компанияларды басқаруға Жакулинның атынан сенімхат әкеледі. Сотқа сол сенімхатты өткізген. Өзіңіз ойлап қараңызшы, қатерлі ісіктің ең соңғы, төртінші сатысында, бар болғаны бір күн ғана өмірі қалған адам қалайша сенімхат береді? Ондай адамдар аурудан азап шекпеуі үшін есірткісі бар морфин сияқты дәрі қабылдап, бұл дүниеде не болып жатқанын сезбейді де! Олар мұндай сенімхатты жазбақ тұрмақ, өлім халінде жатады. Нотариустар да ес-түсін білмейтін адамға қол қойдырып, мұндай құжат жасамайды! Ал Чан Вэй болса, күйеуінің ертең өлетінін біліп, бір күн бұрын сенімхат жаздырып алып тұр! Бұл ақылға қона ма?! Тергеуші мен сот сол сенімхаттың өзін сараптамаға жіберуі керек еді. Өйткені, "Асқар Жакулин" деген жерге "А" деп қол қоя салған. Ол қолды компаниялар директоры қойды ма, басқа қойды ма, белгісіз. Істі зерттеу барысында ең басты мына мәселеге назар аударуы керек еді: заң бойынша, қайтыс болған кісінің артында қалған мұрагерін анықтағанша, марқұмның меншігі басқарушы компанияға өтеді. Туыстарының жақындығына байланысты артта қалған мұра бәріне тең дәрежеде бөлінеді. Бұл мәселе заң бойынша 6 айға созылады. Яғни, заң талаптары сот арқылы Чан Вэйді "Асқар Жакулиннің заңды мұрагері" деп танымайынша, марқұмның мұрагері болып, талап-арыздар бере алмайды. ХҚО орталығында есептерді тіркеу картасы болады. Чан Вэй ол картада да директор ретінде тіркелмеген. Бірақ 2016 жылдың 16 ақпанында Салтанаттың үстінен сотқа арыз береді. Тергеуші мен сот осы мәселені мүлдем ескермеген. Түсінікті тілмен айтқанда, Чан Вэй заңды түрде мұрагер болмай тұрып, Асқар Жакулиннің компаниялары атынан Салтанаттың үстінен арыз жазған. Тергеуші осы мәселені анықтап алмай тұра арызды қабылдап, оны сотқа жеткізген. Сот та бұл мәселені ескерместен, соттап жіберді. Бұл өте сорақы қателік! Заң бойынша тергеуші арызды қабылдамауы керек болатын! Сот та мұндай шикі істі кері қайтаруы керек еді.

Сот барысында жап-жас қызды 77 миллион 400 мың теңгені ұрлап кеттің деп айыптады. Ал енді сіздерге дәлел ретінде келтірген сол 9 шығыс ордерінің жалған екенін дәлелдеп берейін. Біз мұндай құжатпен күнде жұмыс істейміз. Бір қарағанда-ақ ненің қайда тұрғанын жақсы білемін. Осы салада жұмыс істегеніме 30 жылдан асты. Сот барысында кассир бұл құжаттардың жалған екенін былай дәлелдеп берді: адвокат кассирден "сіз осыншама ақшаны Салтанат Құсманқызына өз қолыңызбен бердіңіз бе?" деп сұраса, кассир оған: "жоқ, мен қолыма ондай ақша ұстаған да емеспін, Салтанатқа берген де емеспін!" деп жауап берді. Бухгалтер де дәл солай жауап берді. Екеуі де 77 миллион теңгені көрмеген! Ал шығыс ордерлеріне "маған қол қой дегесін қол қойып бердім" деп тұр! Енді әлгі "ақша алды" деген 9 шығыс ордеріне келейік. Мұнда ақшаны 2014 жылдың 17 желтоқсанынан бастап, 27 желтоқсанға дейін біртіндеп бердік деп жазылған. 10 млн теңге беріп, "айналайын, мынаны долларға айырбастап келші" деп жібергендей. Олардың айтуынша, Салтанат үш күн бойы аттап бассаң сүрінетін Алматыда айырбастау орнын таппай жүріпті. Үшінші күні "ендеше, мына ақшаны тағы да айырбастап келші" деп тағы да 15 миллион теңге беріп жібереді. Сөйтіп-сөйтіп, бұрынғы ақшаларды қайтарып бермесе де 9 рет Салтанатқа ақша беріпті-міс! Бұл ертегіге пара-пар әңгіме ғой! Оған кім сенеді? Ал сот пен тергеуші "сеніп" отыр! Одан кейін мына "қызыққа" қараңыз. Директор қаржы айналымын орынбасарына немесе экономистке сеніп тапсыра алады. Ол үшін сенімхат береді. Бірақ сенімхатпен қол қойған құжаттарының тұсында заң талаптары бойынша қол қойған адамның аты-жөні жазылуы керек. Мына жағдайда тіпті де олай емес. 9 шығыс ордеріне Жакулиннің орынбасары Мархабат Шакреева қол қояды да, "аты-жөні" деген тұсқа Асқар Жакулиннің аты-жөнін жазып қояды. Яғни, 9 шығыс ордері заңға қайшы болғандықтан, мұның тоғызы да жалған құжат болып шығады! Мәселе ақша туралы болғандықтан, тергеуші адвокаттың өтініші бойынша ең болмаса 2014 жылға осы компаниялардың қаржылық айналымына бухгалтерлік сараптама жасауы керек еді. Соншама, 430 мың долларды кассада немесе үйде ұстаудың не керегі бар еді? Яғни, бұдан шығатын қорытынды: аталған компаниялар долларды жинап алып, елден сыртқа шығарып жатыр деген сөз! Әйтпесе, мұншама қаржыны компаниялар өзінің есеп-шотында теңгемен сақтауы керек еді ғой! Бұл іспен прокуратура айналысуы керек! Кассирдің айтуынша, кассада оншама ақша болмаған. "Ас-ай" және "Минметалс Қазақстан" компаниялары жалған құжат жасаумен айналысқан. Бұл қып-қызыл қылмыстық іс! Бұл қылмыстық істі Чан Вэй басқарып отырған! Олар осы әрекеттері үшін Чан Вэйді қылмыстық жауапкершілікке тартуы тиіс! Жалған құжат жасау Атыраубаеваға да, Шакрееваға да керек емес. Ол тек, Чан Вэйге ғана керек болды. Бұл компаниялардың асты-үстін "сілкілеп", жақсылап тексеру керек!

Осы істің кесірінен бір отбасының шаңырағын шайқалтып жіберді. Салтанаттың әкесі жағдайды көтере алмастан қайтыс болып кетті. Өзі айықпас ауыр кеселге шалдықты. Анасы күнде ауруханаға түседі. Бұл істі бұлай жауып қоя беруге болмайды! Қазақстан қоғамы ертең ұятқа қалмас үшін назар аударады деп сенемін!

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: