2019 жылы әлеуметтік жауапкершілік бойынша 1,2 млн жұмысшының жалақысы өсті - министр
Үкіметте баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов биыл 1,2 млн жұмысшының жалақысы өскенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Министр еңбек заңнамасын жетілдіру мақсатында еңбек мәселесі бойынша заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілгенін айтты. Заң жобасында жұмыскерлерге лайықты еңбек жағдайларын жасау бөлігінде жұмыс берушілердің міндетімен жауапкершілігін арттыру, еңбек шарттарын электрондық форматқа аудару және тағы басқа мәселелер қарастырылған.
"Бүгінде елімізде жүргізіліп отырылған саясат халықтың әл-ауқатын және оның табысын көтеруге бағытталған. Осы мақсатта, биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге ұлғайды", — деді Нұрымбетов.
Жыл басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мыңнан астам кәсіпорын 1,2 млн өз жұмысшы жалақысын 32 процентке көбейтті (46 мыңнан-61 мың теңгеге дейін).
Қазіргі таңда, елімізде орташа жалақы 182 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда екенін баса атап өтті.
"Соңғы 3 жылда жалақы берешегінің өтелуі бойынша оң үрдіс байқалуда. Атап айтқанда, 2018 жылдың басымен салыстырғанда жалақы берешегі 34%-ға немесе 740 млн теңгеге төмендеді. Жыл басынан берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 1 мың 200 ұйғарым беріліп, 136 млн теңгеге айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, 5,1 млрд теңге ағымдағы берешегі өтелді", - деді ол.
Сондай-ақ министр биыл елімізде орын алған 9 еңбек дауы жайына да тоқталды.
Соңғы 7 жылда еңбек жанжалдары үш есеге төмендеді. Биыл республика бойынша 9 еңбек жанжалы орын алды.
"Еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі – жұмыс беруші мен жұмысшыларр арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеу мүмкін болатын ұжымдық шарттар жасасу", — деді Біржан Нұрымбетов.
Бүгінгі күні ірі және орта кәсіпорындардың 96,7 проценті ұжымдық шарттармен қамтылған.
Еңбек тәуекелдері картасы аясында ағымдағы жылдың қараша айында мониторингпен 170 мыңнан астам жұмыскері бар тәуекел аймағында орналасқан 359 проблемалық кәсіпорын қамтылды.