Жаңалықтар тізбегі
0

Түркістан: қазақтың рухани астанасы һақында

informburo.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.12.2019 18:13 informburo.kz
Түркістан бір жыл ішінде ғана адам айтса нанғысыз жетістікке жетіп үлгерді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп өзгерту, Түркістан қаласын облыс орталығы ету туралы қаулыға қол қойған еді. Тарихи шешім жасалғалы өңірдің өмір айтарлықтай түрленіп, оның экономикалы-әлеуметтік жағдайы гүлдеген еді.

Осы орайда біз Қазақстанның әр өңірінің зиялы азаматтарынан бір ауыз пікір сұрап, жаңа жоба бастаған едік. Кезекте Алаштың алғашқы астансы Семейдің бір туар азаматтарынан келіп түскен пікірілер легі:

Медет Божан, ф.ғ.м., қоғам белсендісі:

"Түбі түркіні біріктіру ұлы мақсат. Түркістан – соның бастауы сияқты"

Жылдар өткен сайын Елбасының бұл шешімінің тарихи маңызы арта бермек. Бұл –ақиқат қой. Түркістан бір жыл ішінде ғана адам айтса нанғысыз жетістікке жетіп үлгерді. Бұл біздің қуатты экономикамыздың патенциалын айғақтайды деп сенемін. Бір өңірді осылай түрлендірсек, біздің мемлекет әлі талай бастауды еркін бағындырады деп сенемін.

Түркістан облысы деп аталуы Советтер кезіндегі тарихи сананы жаныштау саясатының, яғни тұтас түрік халықтарына мәдени, ұлттық һәм өркениеттік өзек қызметін атқарған георграфиялық атауды халық жадынан аластап, оны әкімшілік аудан деңгейіне дейін аясын тарылтқан саясаттың салдарынан арылу ісі мен үшін. Осы орайда Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры мақаласындағы келтірілген жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мəдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық жəне шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі əрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мəн беру керектігі туралы пікір қатты ұнады.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысына қарасақ Түркістан облыс болып шығуы көрегенді саясаттың нақты айғағы іспеттес.

Тіпті Патшалық Ресей тұсында әкімшілік-территориялық басқару тәсілінде Түркістан генерал-губернаторлығы аталып келген Орта Азиядағы түрік халықтарының "жерұйығы" саналатын географиялық атауды халық жадынан өшіру саясаты орын алғанын айтыңыз.
Облыс орталығы (уалаят) шартты атау болып, Түркістан брендін енді Түрік халықтарының интеграциясына және ішкі-сыртқы туризмге тиімді пайдаланған дұрыс. Мұстафа Шоқай Түркістан мұхтарияты дегенде осы географиялық өңірлік аймақтық атауды негізге алғаны және бар.

250 млн-ға жуық түрік халықтары туризм үшін салмақты цифра. Осы әлеуетті пайдалану керек деп ойлаймын. Неше түрлі фестивальдар, көкпар секілді түрік халықтарына ортақ спорт түрлерін, Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің дүрбесін зиярат жасауды насихаттау керек. Екінші Мекке, Ахмад Сәни (Екінші Ахмет) түрік халықтарының діни-рухани жадында бар ұғым. Мұны қажылық секілді діни парыз ретінде емес, мәдени қалыпта насихаттау, туризмге серпін беруі тиіс. Осыған сай инфраструктура, әуежай салу маңызды. Түркиядағы Мәулана Румидің зиярат орны сияқты мысалы. Шеб-и арус секілді туған күнін Европа мен Азияның яғни төрткүл дүниеден келіп тамашалайды. Сол сияқты дүниелерді қайта реставрациялау қажет. Оған әлеуеті жететін Ясауи ілімін зерттеуші академиялық сала мамандары бар. Түріктерден Түркиядан тәжірибе алуға болады.

Сөз соңын түйіндесек. Алар үлгі де, берер тәжірибе де жетіп артылады біздің сапарда. Түркістан қазақтың тарихын жаңғырдып, санасын азат ететін ұлы бастама болғай.

Біржан Ахмер, ф.ғ.м., ақын:

"Түркістан – оянуға әрекет қылған ұлы рухани сілкіністің жемісі деп білемін"

Тарихи шешім. Сөзсіз жалпыұлттық қолдауға ие болды. Түркістан өз алдына облыс болғаны – рухымыздың оянуына түрткі болады. Бұл біздің рух ұйқыда жатты деген сөз емес. Рух жаңғырысы келді. Бұлқынды. Түркістан – оянуға әрекет қылған ұлы рухани сілкіністің жемісі деп білемін. Бұл Елбасының ең ұлы шешімдерінің бірі деп сенемін сондықтан.

Түркістанның өз басына облыс болғаны үшін күллі қазақ қуанды деп ойлаймын. Бұл біздің ұлттық санамыздың өскенін көрсетеді. Себебі елге де, жерге де қарамай барша қазақ әлеуметтік желі беттерінен сүйіншілей хабарлағанын көзіміз көрді.
Елбасының бір ғана шешімі елдігіміздің туын екі елі биіктетіп қойғандай әсерде қалдым. Ендігі тақырыпқа қарай ойыссақ:

Қазіргі таңдағы Түркістан облысының құрылу мәселесіне келген кезде бірнеше көзқарас тұрғысынан қараймын. Әлбетте, сырт көзге облыстың атауы ауысып қаланың атауынан облыстың атауына ауысқан процедура тәрізді көрінуі мүмкін. Себебі, бәрібір де бұрынғы оңтүстік Қазақстан облысының халқы қазір тікелей Түркістан облысының тұрғындары болып есептеледі.

Мемлекет басшысының, үкіметтің қолға алып жатқан түрлі бағдарламалары бұрынғыша жалғасын таба береді деп ойлаймын. Өңірдің ең басты ерекшелігі демографиялық қуатының өте жақсы болуында. Яғни, Шымкент қаласын қоспағанда қазір облыста, шамамен, 2 млн-нан астам тұрғын бар. Халқы саны бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Сондықтан, "Рухани жаңғыру", "Бес әлеуметтік бастама" тәрізді бастамаларды жүзеге асыру бұл өңірде қалыпты жүруі керек. Әлбетте, бұл бағдарламалар жеке-жеке қарастыратын болсақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасы ол жақта осы күнге дейін тәуір деңгейде жүзеге асып келе жатты. Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлының "Ұлы Даланың жеті қыры" атты мақаласын да осы тұста ескеруіміз керек. "Рухани Жаңғыру" бағдарламасының қанаты іспеттес бұл еңбектің қай қырынан алсақ та түрлі үлесі Түркістаннан басталады деп сенемін. Себебі Ұлы дала Түркістаннан бастау алуы тиіс.

Бір жылдам астан уақыт өтіпті. Жемісі осы. Жеңісі де осы жаңалықтар. Алдағы уақытта осы қарқынынан қалмаса Түркістан халықаралық маңызы бар ақалаға айналады деп сенгемін.

Дана Қажығалым, ф.ғ.м.:

"Түркістан – руханият шамшырағы. Сонымен қатар елдің экономикалық тірегі де бола алады"

Иә, бұл күнде Түркістан облысының өткені мен бүгіні һәм болашағы туралы болжамдарды жиі кездестіріп жүрміз.Сөзсіз мойындауымыз керек. Түркістан бұл шешімсіз ақ руханият шамшырағы еді. Сонымен қатар ол ішкі туризмнің де алпауыт қабылдаушысы болды.
Соңғы бір жарым жыл ішінде Түркістанның еңбекқор жұртының жұмыла жасаған жұмысының қорытындысы оңай аңғаруға болады. Өңір еліміздің рухани ғана емес экономикалық тірегіне айналып келеді. Оның ішінде аграрлық саласын ескеріп көріңіз.

Қазіргі таңда жаңа кәсірорындар мен шаруа қожалықтарына инвестиция тарту арқылы облыстың аграрлық жұмыстарын сапалы жолға қоюға болады деп есептеймін. Келелі істің бастамасы, көптеген жобалардың проектілері қарастырылып жатыр. Түркістан облысына тиесілі жерді игеріп, қазба-кең байлықтары бар жерлерге үлкен шаруа қожалықтарын құрып, өңдіріп жатқан шикізатты шетелге экспорттамай, өзіміздің елімізде өңдіріп дайын материал-тауарды нарыққа шығаруға әбден болады. Қазақстан Республикасының экспорттық және импорттық тауар айналымның басым көпшілігі осы аграрлық өнімдер құрайды. Сүт, тері өнімдері, ет, еттен жасалатын тағамдарды, бидай және басқа жерден өңдіріп алар өнімнің, яғни, аграрлық шикізатқа жататын тауарларды тиімді бағаға шетелдің нарығына, әлемнің сауда-саттық орындарына шығаруға мүмкіндік туып жатыр. Демек, шетелден келер инвестицияның басым көпшілігі осы аграрлық салаға жұмсалуы бек абзал. Қазақстан әуелден аграрлық мемлекет. Сондықтан, нарыққа бейімделу, оның ішінде әлемдік нормаға сай дайын өнім, сапалы өнім, біздің ең басты жұмыс-мәселеміз. Санға емес, сапаға жұмыс істейтін, брендтік деңгейді бірінші орынға қоятын әлем нарығы осы тұрғысынан әлі де алда келе жатыр. Білікті кадрлар мен білімді мамандардың біздің елде жұмыс істеп, шаруа қожалықтарының, кәсіпорындарының жұмыс сапасын арттыруға, тәжірибе алмасу үшін шақырту керек.

Иә, бір жылда осындай жетістікке жеткен өңір он жылда қандай жетістікке жетеді деп ойлайсыз?

Рауан Қабидолдин, ақын "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі:

"Барлық ұлылық тарихқа оралудан басталады"

Қазақтың қазақтығын іздесең Түркістанды айналып өтуі мүмкін емес. Тарихтың қай кезеңінде де елдігіміз бен руханиямыздың алтын тірегі осы бір Тұранның киелі атырабынан бастау алады. Сондықтан Елбасының осы шешімі туралы алғаш естігенде елең ете қалдық. Барлық ұлылық тарихқа оралудан басталады себебі.

Өткеніңді ұмытсаң – өшкеніңнің белгісі дейді дана қазақ. Ендігі кезек Түркістан облыс болғалы атқарылу керек жұмыстар айқын ғой. Соның басты критериі осы - агроөнеркәсіп деп санаймын.

Түркістан облысының аграрлық мәселесі бірінші орында тұр. Сондықтан түйткілді аграрлық шаруашылық күн тәртібінен түспес үшін, шетелден келер инвестицияның басым көпшілігін кәсіпорындық инфрақұрылымға салуымызға болады. Халықтың көптеп қоныстанған жерлерге зауыт-фабрикаларды орналастырсақ, уақыт өте келе жергілікті адамдардың тәжірибесі жиналып, еңбек нарығында сапаға жұмыс істейтіндей деңгейге көшетін болады. Әрине, еңбектің сапасын да арттыру шарт. Жұмыскерлердің, әсіресе аграрлық саладағы жұмысшылардың біліктілігі жерден алынар өнімнің сапасына тікелей байланысты болып келеді. Қазіргі кезде әлемнің аграрлық саласы көбіне-көп автоматтандырылған жұмысқа көшіп жатыр. Адамның еңбегін барынша азайтқанымен, оған үйер жауакершіліктің азаймауы - өнімнің алынуына әсер етеді. Кез-келген өнімді алу үшін, сол өнім жайлы ғалымдардан артық білуіміз абзал. Өндірістік тәжірибені қажет ететін аграрлық салада да ғылымның әкелер пайдасы орасан зор. Сондықтан шетелден мамандарды шақыра отырып, қазір ұстаздық етіп жатқан профессор, академиктердің аграрлық жобаларын бір қарап шығу артық етпейді деп есептеймін.

Бұл атқарылу керек салалардың бір қыры ғана. Десе де осы бір аз ғана уақыт ішінде біз адам сенгісіз жетістікке қол жеткізді. Оны да ұмытпауымыз керек. Түркістан экономикалық жағынан да, мәдение жағынан да елге импульс бере алады. Оған оның табиғи ресурсы да, адам ресурсы да жеткілікті.

Манарбек Сатыбалды, ф.ғ.м., ақын:

"Түркістан – ұран емес. Түркістан – ақарылған еңбектің айқын жемісі бұл күнде"

Киесінен киік үркіп сүрінген деген сөз бар қазақта. Ол осы даланың топырағына берген баға болса керек. Елбасының осыдан шамамен екі жыл бұрын шығарған жарлығы бүгінде өз жемісін беріп үлгерді. Түркістан осыншама аз уақыт ішінде өз алдына облыс болды. Қанша қиындықтар бар еді. Кадрлық мәселе, әкімшілік тараптағы сұрақтар. Тұрғын-үй мәселесі. Десе де өңірдегі атқарушы билік пен саяси тұлғалардың біліктілігінің арқасында бұл белес оңай бағындырылды.

Түркістан қаласы еліміздің рухани астанасы болып есептелгендіктен, осы орайда мәдениет саласын көтеру керек деген ойдамын. Ақпараттық заманның ағымына ілісер ел боламыз десек, рухани жағын да дамытуымыз шарт. Дәуірлер алмасып жатса да, қасиетті Түркістан өзінің ішкі рухын жоғалтқан емес. Білім мен ғылымды ұштастыра білген қаншама әлемдік деңгейдегі ойшылдар бұл аймақта өсіп, өз еңбектерін берген. Қазақ халқы өзінің фальклерын ауыздан-ауызға, ұрпағына жаттатып бергенмен көптеген құнды дүниелер қазіргі ұрпаққа жеткен. Бабаларымыздан калған аманатты келер толқынға сол таза, құнды, бағалы түрде жеткізуіміз керек деп есептеймін.

Тарихи жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап, тек өзіміздің еліміздегі халыққа ғана емес, шетелден келген демалушыларға, қызығушыларға жағдайын жасап сапалы әрі таптырмас экспонаттарды назарларына қоюға болады. Әлемдік мәдени аренаға шығарып, тарихын, әңгіме-аңыздарын түсінікті етіп жеткізу алдағы тұрған мақсаттардың бірі болып қалмақ. Шетелдегі көрерменге олардың өздерінің жасап жатқан дүниесі қызық емес, жаңа мәдениетке, жаңа салт-дәстүрмен оларды таңғалдыруға бек мүмкін. Қазақ халқының эпостық жырлары, күй-әндері, әңгіме-әпсаналары, ұлттық ойындары, кесене-мазарлары, қасиетті де киелі жерлері, табиғаты мен ата-бабаларымыздың тұрмысы әлдеқайда қызығырақ болады деп ойлаймын.

Ой түйіні мынау. Түркістан – ұран емес. Түркістан – ақарылған еңбектің айқын жемісі бұл күнде. Өңірдің өмірі гүлдене берсін.

Аян МЕЙРАШ

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: