Бөлшек саудаға қазақстандықтар шамамен 10 трлн теңге жұмсады
Қазақстандағы бөлшек сауда қарқынды дамып келеді – 5 жылдағы өсім шамамен 80%-ды құрады. 2019 жылдың он бір айында қазақстандықтар бөлшек сатып алуға шамамен 10 трлн теңге жұмсады, деп хабарлайды zakon.kz finreview.info-ға сілтеме жасап.
Ірі нарықтардағы инфляцияның өсуімен, ақша-несие және қаржы саясатындағы өзгерістермен, сондай-ақ валюталық девальвациямен сипатталатын әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы көптеген дамушы және дамыған елдерде экономиканың баяулау қаупін тудырады. Қазіргі экономикалық құлдырау экспорт пен сыртқы инвестициялар ағынына айтарлықтай әсер ететіні анық. Нәтижесінде өнеркәсіптік сектордың өндірістік қуаттылығы едәуір төмендейді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы өнеркәсіп өндірісі мен тау-кен секторының Қазақстан экономикасына әсер ету деңгейі әлсіреп бара жатқаны байқалды. Алайда көтерме және бөлшек сауданың әлеуеті артып келеді, бұл тұтыну нарығының дамуын көрсетеді.
Мәселен, соңғы бес жыл ішінде Қазақстандағы бөлшек сауда көлемі 78,3%-ға өсті. Сондай-ақ, 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда бағаның өсуі 25,7%-ды құрады, ал тауарларды тұтыну бойынша тұрғындардың кірісі бірден 40,7%-ға өсті.
Биыл сауда көлемі он бір айдың қорытындысы бойынша 9,95 трлн теңгеге жетті. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5% -ға жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, ағымдағы жылы орташа айлық тауар айналымы шамамен 1 триллион теңгені құрады, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 840 миллиард теңгені құраған.
Бөлшек сауда құрылымына сәйкес, оның негізгі бөлігі немесе 68,2%-ы азық-түлікке жатпайтын тауарлар болып табылады. Сонымен қатар, киім сатып алуға кеткен шығын мөлшері жаңа көліктерді сатып алуға кеткен шығынмен салыстырғанда екі есе жоғары. Мәселен, 2018 жылы қазақстандықтар киімге 963,7 миллиард теңге жұмсаса, ал жаңа көліктерге 447,8 миллиард теңге жұмсады.
Азық-түлік тауарларына келетін болсақ, қаражаттың үштен бірі немесе 948,4 млрд теңге ет өнімдері мен сусындарға, оның ішінде алкоголь сатып алуға жұмсалды.
Әдетте сауданың негізгі көзі жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілері болып табылады – олар тауар айналымының тиісінше 41,5% және 30,5%-ын құрады. Сауда-саттықтың жалпы көлеміндегі орташа кәсіпорындардың үлесi 19,4% -ды, ал iрi кәсіпорындардың үлесі небәрі 8,6% -ды құрады.
Тауарлардың көп бөлігі Алматы (31,2%) және Нұр-Сұлтан (11,5%) қалаларында, сонымен қатар Қарағанды (8,8%) және Шығыс Қазақстан (8,7%) облыстарында сатылды.