Алматы жолдарын салу кезінде ЖЭО-2 қалдықтары пайдаланылмақ
Алматы қаласының экология департаменті мен ҚазжолҒЗИ өкілдері ЖЭО жұмысы нәтижесінде пайда болатын күл-қоқыс қоспаларын қайта пайдалану мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды zakon.kz.
"Жылу энергетикалық кешенінің қалдықтары – өнеркәсіптің түрлі салаларында, сондай-ақ, жолдарды салу кезінде қолданылатын әмбебап материал. Топырақты бекемдеу кезінде тұтқырлағыш компонент ретінде пайдаланылатын күл цементті 20% үнемдеуге көмектеседі. Мәселен, Қазақстанда 5 жыл ішінде жолдарды салу кезінде өнеркәсіптік қалдықтардың шамамен 8 млн тоннасы пайдаланылған" делінеді ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарламасында.
Батыс Еуропада ЖЭО қалдықтарын жол құрылысында қолдану проблемасын шешуде анағұрлым прогрессивті жұмыс атқарылуда. Францияда осы қалдықтарды «құрғақтай» бөлу арқылы пайдаланса, АҚШ-та ұшпа күл мен гидрожою күлі құрылыста қолданылады. Оңтүстік Африкада ұшпа күл түрлі цемент түрлерімен күшейтіліп, жол құрылысына арналған топырақты тұрақтандырғыш ретінде кәдеге жаратылады екен.
Алматылық экологтар мен жолшылар күл-қож қалдықтарын қайта пайдалану мүмкіндіктері, зертханалық сынамалар мен жол салу кезінде қоспаның тиісті құрамын таңдаудың қажеттігі тақырыптарын талқылады. Жоба күл үйінділерінің көлемін азайтып, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етпек.
Еске салайық, алдағы 5 жылда республикалық маңызы бар жолдарды салу және қайта жаңарту кезінде өндірістік қалдықтардың 5,3 млн тоннасы пайдалынылады деп жоспарлануда.