Мұнай бағасы 50 доллар болатын күн де алыс емес - сарапшы
Әлемдік мұнай нарығындағы баға соғысы қашан аяқталуы мүмкін және бұған қандай факторлар ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы болжамымен Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының басқарушы директоры Олжас Төлеуов Tengenomika телеграм-арнасында бөлісті, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазіргі мұнай бағасына қатысты соғыс ешқай тарапқа тиімсіз: Ресейге де, Сауд Арабиясына да, АҚШ-қа да. Сондықтан, біз бұл шиеленіс жақын арада аяқталады деп болжаймыз. Оның үстіне мұнай нарығының ұсынысқа толып кетуі салдарынан тікелей зардап шеккен түрлі тараптар "баға соғысына" нүкте қоюға тырысып, белсенділік таныта бастады, - деп жазды Олжас Төлеуов.
Сарапшы Ресейдің мұнай секторындағы барлық ықпалды ойыншылар Мәскеудің ОПЕК + келісімшартын бұзу әрекеті мен Сауд Арабиясымен қақтығысқа жол беруін қолдай бермейтінін айтады. Атап айтсақ, ең ірі жекеменшік мұнай компаниясы "Лукойл" және оның вице-президенті Леонид Федун Ресей мен ОПЕК арасындағы келіссөздерді қайта жаңғыртуды жақтап, мұнайдың қазіргі бағасы 25 доллар сұмдық деп санайды. Сондай-ақ, Лукойлдың бағалауы бойынша, егер Сауд Арабиясы мен Ресей ОПЕК + келісімшартын қалпына келтіре алатын болса, коронавирустық пандемияны да ескергенде, мұнайдың бір баррелінің құны шамамен 50 долларға қайта оралуы мүмкін.
Өз кезегінде бірқатар америкалық сенаторлар да мұнай компанияларының мүдделерін қорғап, қазіргі жағдайға алаңдап, АҚШ билігін баға соғысына араласуға шақырып жатыр. Қазірдің өзінде олар Сауд Арабиясының елшісімен келіссөздер жүргізіп жатыр, сонымен қатар Трамптан Иранды сабақ ете отырып, ірі тұтынушыларға өткізбес үшін Сауд Арабиясы мен Ресей мұнайына эмбарго енгізуді сұрайды. Сонымен қатар, АҚШ мұнай өндірісін азайтуға итермелейтіндей Ресейге қатысты санкциялар саясатын қайта жаңғыртып, оны нығайту мәселесін қарастырып жатыр.
Міне осылар бар және мұнай бағасы құлаған сайын Ресейдің өзі де экономикада туындаған проблемаларға төтеп беру қауқары сарқыла түсуде. Осы жағынан алғанда, "баға соғысы" таяу күндері ОПЕК + жаңа келіссөздерін жасау немесе оларсыз аяқталуы мүмкін. Оның үстіне Қытай COVID-19 індетін жеңгенін ресми түрде жариялап, экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге кірісті. Сондықтан мұнай бағасының қалпына келуі әбден мүмкін. Бұл жерде мәселе уақытта ғана. Қалай болғанда да, осы сценарий іске асса, онда Қазақстан экономикасына және теңгегетүскен қысым бірте-бірте айтарлықтай төмендейді, - деп жазды Олжас Төлеуов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Brent бағалары 17% -ға өсіп, бір баррелдің бағасы 25-тен 29 долларға жетті, ал рубль АҚШ долларына қатысты 2,6% нығайды.