Пандемия кезінде ораза ұстауға бола ма?
Елдегі карантин режимі сәуір айының соңына дейін жалғасатын болды. Шетелдік тәжірибені ескерсек, бұл әлбетте дұрыс шешім. Алайда, күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының жайы не болмақ?
Исламның бес парызының бірі небәрі екі аптадан кейін басталады. Дін өкілдері бір ауыздан халықтың ауыз бекітуі я бекітпеуі өз еркінде десе, дәрігерлер асығыстық танытпауға шықыруда. Өйткені иммунитет түсіп кетсе, қауіпті вирус ешкімді аямайды дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айы 25 сәуірде, яғни тура екі аптадан соң басталады. Қарасақ, елдің есін шығарған пандемияның да басылатын түрі жоқ оған дейін. Осы қауіпті инфекцияны жұқтырған отандастарымыз көбейіп барады. Қалалар да бірінен соң бірі карантинде жабылып жатыр. Алайда бес парызының бірін өтеуге әркімнің-ақ бар таласы. Вирусқа қарамай, ауыз бекітем деушілердің қалың биыл қарасы. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ниеттеніп отыр. Қатарында сексеннің сеңгіріндегі Кама әжеміз де бар.
Кама Нығметова, зейнеткер:
Алла тағала ораза ұстауды адам баласына парыз еткен. Ораза ұстаған адамның жанының тәнінің тазалығына былайша айтқанда денсаулыққа пайдасы өте көп. Елдегі қиындыққа қарамастан бес уақыт намаз оқып, ораза ұстап, осы індеттен аман шығуға тілекші болайық.
Алайда, дәл қазіргі кезеңде мұндай шешімдң дәрігерлер аса қүптай қоймайды. Осындайда ақ халаттылар асығыстық жасамай, жақсылап ойланып алуға кеңес береді. Өйткені таңның атысынан, күннің батысына дейін ішіп-жеуден бас тарту иммунитеттің әлсіреуіне алып келуі мүмкін дейді. Бірақ, дін өкілдері мұндай пікірмен әсте келіспейді.
Кеңшілік Тышқан, дінтанушы:
Қазіргі осы ахуалда оразаны ұстамау немесе ораза ұстаған жағдайда иммунитет құлап қалады немесе ораза ұстаса ауруға ұшырып кетуі мүмкін деген пікірмен келіспеймін. Өйткені нақты ораза иммунитетті әлсіретеді деген пікірге де сыни қарауға болады. Басқа мұсылман елдерінде де бұл мәселе қаралатын болады. Біз енді мұсылман мемлекеті ретінде олардың да пікіріне қарайтын боламыз.
Діни басқарманың Ғұламалар кеңесі де кеңесіп, бір шешімге келмеді әлі. Бірақ, олар денсаулығы жақсы, өзіне сенімді жандар ораза ұстай берсе болады дегенге келтірді. Ал тиісті пәтуаны келер аптада ғана шығарамыз дейді. Мұндайда ауыз бекітем деушілердің құлағына алтын сырға. Иммундық жүйем түсіп кетпесін десеңіз, диетологтың кеңесіне құлақ түріңіз.
Аңсаған Аллабергенқызы, диетолог:
Қатық, құрт, ірімшік өнімдерін қолданғандарымыз дұрыс. Өйткені олардың құрамында болгар таяқшалары бар. Ал ол өз кезегінде ішек құрлысының жұмысын жақсартады. Сонымен қатар жеңіл желпі сорпалар, асыра сілтеп тамақтанған да дұрыс емес. Өйткені асқазанымыз кішірейеді. Ол кішірейгенде оны толтырып оған қосымша салмақ түсірудің қажеті жоқ.
Алайда, бұл бәріне бірдей жаға бермейді. Қалай болғанда да, кей жандардың денсаулығын қатерге тікпесі үшін ораза тұтпағаны абзал дейді маман.
Аңсаған Аллабергенқызы, диетолог:
Асқазаны ауыратын, ішек құрылысы ауыратын немесе қысқа өте иммунитеті әлсіреп, қайта-қайта жиі ауырғандар жандар болса, оларға ораза ұстамаған абзал.
Осылайша, күллі мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айының жайы не болатыны әзірге басы ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Анығы, халыққа ораза ұстауға рұқсат берілсе де, қазақ туған-туысының басын қосып жылда жасайтын ауызашарлар биыл азаятын тәрізді.