Сайрам жерінде ежелгі құдықтың орны табылды
Түркістан облысында жол салып жүрген жұмысшылар аяқ астынан ежелгі құдықтың орнын тауып алды. 20 метр төмендікке қазылған тереңдік әзірге не мақсатқа арналғаны белгісіз. Және ол біреу емес, 4 жерден қазылыпты. Әрқайсысының қашықтығы да әртүрлі. Қазір, осыған байланысты, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған. Сансыз баптар мекені, Сайрам жерінен табылған ескі құдықты археологтар зерттеуге кірісіп кеткен. Олар оқиға орнында алғашқы болжамдарын айта бастады ма?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Тереңдігі шамамен 20 метрден асатын құдықтың төменгі тұсы топырақ болғанымен, тек үстіңгі қабаты ғана таспен өрілген. Ал, айналасы небәрі жарты метрді құрайды. Ерте заманда қазылғаны көрініп тұр.
"Табылған құдықтардың арасы әртүрлі. Үшеуінің арақашықтығы шамамен 1 метрден боласа, соңғысы 50 метрде жатыр. Бір қызығы, бұлардың барлығы үлкен жолдың бойынан табылған".
Алғаш табылған уақытта төрт құдықтың беті әлденемен жабық болған. Алайда, жұмысшылар қақпақты ашқанымен, қайта жаппаған. Соның кесірінен, толассыз жауған жаңбырдан үшеуінің іші суға толып тұр. Тек, біреуінің аузы бекітулі болғандықтан, іші таза әрі құрғақ.
Әзірге, бұлардың неге арналғанын ешкім білмейді. Сондықтан, тұрғындар өзінше, топшылап жүр.
Атабек Моминов, Сайрам ауылының тұрғыны:
"Мына құдықтардың істегені су ішу үшін. Ана жер, мына жердің барлығы бұрын істелген құдықтар. Потому что, суды басқа қай жақтан алып келген дейсіз?".
Алымтай Теміров, Сайрам ауылының тұрғыны:
"Құдық болуы керек. Таспен өріп шыққан ғой. Түсіп кетпесін деп қойған ғой оны, дұрыс па? - Өте терең!".
Александр Подушкин, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, профессор:
"Әдетте, Орта Азиядағы құдықтардың ернеуі кірпіштен өрілетін болған. Ал, бұл кәдімгі тастан қаланған. Сондықтан, біз мұны тарихи құнды дүние деп айта аламыз. Оның үстіне, осы арқылы Сайрамның ежелгі сырлары ашыла бастады. Құдық шағын ғана. Бірақ, бұл жерден кезінде мыңдаған адам су ішті емес пе".
Сондай-ақ, құдық маңынан 18-ші және 19-ші ғасырларға тиесілі көне ыдыстардың сынықтары табылды. Бізге беймәлім сүйектер де шықты.
"Бұл ненің сүйегі деп ойлайсыз? - Оны білмеймін. Біреулер адамның сүйегі, - дейді. Малдың сүйегі болса, аппақ, шіріп кетеді. Адамдікі, міне, сап-сары. Жамбас сүйегі".
Жалалхан Ибрагимов, Сайрам ауылының тұрғыны:
"Кәленов мектебінің артын қазғанбыз. Ханкөбіктегі ескі туелттің орнын іздеп тапқанбыз. Соны қазған кезде, бұрынғы қылыш шыққан. ескі заттар шыққан, монеталар, пеш шыққан".
Осы күні құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған. Зерттеу жұмыстары аяқталғанша, тағы біраз, тарихи дүниелер табылуы да бек мүмкін.