Ауылшаруашылығы министрі: "Әр шаруашылықтан - бір көлік - бір адам" тізімі жасалады
Сапархан Омаров Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің блок-бекеттердегі жүріп тұруын бақылап, аймақтағы көктемгі дала жұмыстарының дайындық барысымен танысты. Министр жұмыс сапары аясында "Ясная Поляна" және "Жатва", "Жаңа-Ай" ЖШС, "НурСх" және "Найдоровское" деп аталатын шаруа қожалықтарына бас сұқты, деп хабарлайды zakon.kz.
Облыс басшылығы министрге блок-бекеттерден ауыл шаруашылығы мақсатындағы жүк көліктерінің кедергісіз өтуі бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды. Басқа өңірлердегідей ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жүріп-тұруы, көктемгі егіс науқанын кедергісіз жүргізу шаралары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен әзірленген біріңғай жүйе негізінде жүзеге асуда.
Қарағанды қаласынан қосалқы бөлшектерді жеткізу үшін әкімдіктердің ұсынысы бойынша тізім жасалды. Бұл тізімге мыңға жуық шаруашылық енгізілді. Барлық деректер тексеру бекеттеріндегі планшет базасына тіркелді. Енді, фермерлер "Qoldau" жүйесі арқылы облыс орталығына жол жүруге өз өтінімдерін электронды түрде жолдауға мүмкіндік алуда. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша министр республикадағы көктемгі егіс науқанының атқарылуына түсініктеме берді.
- Біз биылғы егіс жұмыстарына дайындық кезінде коронавирустың пандемиясына байланысты мәселелер болады деп күттік. Алайда, бүгінгі таңда біз бірігіп барлығын штаттық режимде ұйымдастырдық. Несие беру, жанар-жағармай, тұқымдар, тыңайтқыштар – мұның бәрі фермерлерге жеткізілді, техника дайындығы жақсы. Шағым тек блок-бекеттердегі өткізу режиміне қатысты болды. Осыған байланысты Министрлікте ауыл шаруашылығы техникасын тексеру-бекеттерінен өткізудің ерекше алгоритмі әзірленіп, облыс әкімдіктеріне жіберілді. Сондай-ақ, министрлікте және әрбір облыста Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің мәселелерін уақытылы шешу үшін жедел әрекет ету штабтары құрылды. Түсініспеушілікке жол бермеу үшін, интернет байланыстың кейбір жерлерде қолжетімсіздігі ескеріліп, рұқсаттаманың екі түрі - электрондық және қағаз түрінде іске қосылды, - деп атап өтті Сапархан Омаров.
- Егер тағы ескерілмей қалған мәселе болса, біз оларды жедел шешетін боламыз. Көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу Үкіметтің басты басымдықтарының қатарында, - деп толықтырды АШМ басшысы.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, аймақта егіс көлемі 1 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артық. Негізгі үлкен аумақты дәнді және бұршақ дақылдары алады - бұл шамамен 900 мың га. 2020 жылы аталмыш дақылдар өткен жылдармен салыстырғанда 32,5 мың гектарға артық егіледі.
Майлы дақылдар мен жемшөп алқаптары 8 мың гектарға - сәйкесінше 28 және 65 мың гектарға дейін ұлғайды. Қалған аудандарға картоп пен көкөністер егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына 10 мыңнан астам трактор, 193 себу кешені және 6 мыңға жуық тұқым себуші жұмылдырылады. Қазіргі уақытта тракторлар 98%, тұқым себушілер - 99%, себу жүйелері - 100% дайын. Облыс диқандары тұқым және тыңайтқыштармен толықтай қамтамасыз етілген. Арзан дизель отынын жеткізу жалғасуда, қазір 1,7 мың тонна немесе жалпы көлемнің 16% фермерлерге жөнелтілді.
Қарағанды облысындағы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 2,8 млрд. теңге бөлді. Бүгінгі таңда 2,2 млрд. теңгенің 68 несиесі берілді. Қосымша облыс бойынша 2,5 миллиард теңге көлемінде субсидия түрінде мемлекеттік қолдау қарастырылған. Қарағанды облысында ауыл шаруашылық жүктері бар көлік құралдарының кедергісіз өтуі үшін алгоритм жасалыпты. Аймақта ауылшаруашылық техникалары мен қосалқы бөлшектерді жеткізу қызметтері жұмыс істейді. Қарағандыдан қосалқы бөлшектерді жеткізу үшін әкімдіктердің ұсынысы бойынша жаңа форматта "әр шаруашылықтан - бір көлік - бір адам" тізімі жасалады. Бұл деректер бақылау-өткізу пункттеріндегі планшет базасына енгізіледі.