Ақтөбеде есік алдындағы жерге таласқан көршілер соттасып жатыр
Дәретханадан дау шықты! Есік алдындағы жерді бөлісе алмай, ақыры бір-бірін сотқа берген құдайы көршілер соттың шешімін естіп, тіпті есеңгіреп қалған. Енді дәрет сындыратын жер таппай қалатын болдық деп уайымдап жүр. Ал екінші қабаттың тұрғындары болса, соттыкі әділ шешім екеніне сенімді.
Тараптардың тартысы немен тынды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
"Бәрін алып тастаса, қайда барамыз? Кімнің үйіне барамыз? Қай жерге? Көшеге шығуға болмайды".
"Сексеннен асқан шағымда дәретхананың азабын көремін" деп ойламаппын дейді Тұрсын апа. Жиырма жылдан бері тұратын үйінің есік алдындағы аядай жерінен дау шыққалы зейнеткерде маза жоқ. Құжаттарының бәрі заңды көрінеді. Соған сүйеніп, бірінші қабатта тұратын ол, есік алдында бау-бақша салып, дәретхананы қойыпты. Енді соның бәрін сүріп таста деген талаппен келіспейді.
Тұрсын Қабаева, қала тұрғыны:
"Туалетті алып тастасын дейді. Мына жердің бәрін алып таста дейді. Бәрі Үкіметтің бергені, қағазы бар".
Екі қабатты ескі үй 1976 жылдары тұрғызылған. Бастапқыда жатақхана ретінде салынып, кейін үйге айналған. Бірінші қабаттағылар жан-жағын қоршап, дәретхана салып, кейін еңбектері сіңген аумақты сатып алып, заңдастырыпты. Бір қызығы бастапқыда әкімдіктегілер де, көршілері де қарсы болмаған. Кикілжің өткен жылы басталыпты. "Екінші қабаттағы 3 пәтердің қожайындары бізді сотқа берді" дейді бірінші қабатта тұратындар.
"Бізде бәрі заңдастырылған. Жерді сатып алып, құрылыс салып, көгалдандырдық. Салығын төледік. Қаншама тер төккенде, соның бәрін алып кетейін деп тұр бізден".
"Екінші қабатта тұратын 3 пәтер сотқа берген. Олардың айтқаны - біздің кесірімізден үйге су құбырларын тарта алмай отыр, өрт бола қалса, көліктерге кедергі келтіреді екен".
Үйдің тұрғындары алдағы күнді қорқынышпен күтіп жүр. Өйткені, соттың шешімімен, дәретхананы бір аптадан соң сүріп тастайтынын айтты. Онымен келіспегендіктен тұрғындар аппеляциялық шағым түсірген. Қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін барамыз деп.
Үйдің тұрғындары алдағы күнді қорқынышпен күтіп жүр. Өйткені, соттың шешімімен, дәретхананы бір аптадан соң сүріп тастайтынын айтты. Онымен келіспегендіктен тұрғындар аппеляциялық шағым түсірген. Қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін барамыз деп отыр. Ал екінші қабатта тұратындар көршілерінің пікірімен келіспейді. Үй ортақ болғаннан кейін, ауладағы жер де теңдей болуы тиіс деп санайды. Ал үйдегі дәретхананы пайдаланайын десе, құбыр жүргізе алмайды.
Ермек Жарасова, қала тұрғыны:
"Ақбұлақ " су кіргізейін десе, мына айнала жиналмай, су кіре алмай тұр ғой ішке, айналаның бәрін қоршап алған. Енді ішке су кіргізейін десе, мыналар бергісі келмейді. Бізге тиесілі жердің бәрін мына 3 үй бөліп алған".
Қалалық жер қатынастары бөліміндегілер аталған жер учаскесі 2003 жылдары жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін ресімделгенін растады. Алайда, өткен жылы ол аумақ ортақ үлестік меншік деген ұйғарым шығарыпты.
Ислам Ізбасқанов, қалалық жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
"Біздің оформление ортақ үлестік меншік дедік, ол дұрыс. Себебі, 2 этаждың адамдары да тұрып жатыр. Олардың құқығы да бұзылмауы керек. Сол үшін тұрғындар өздері шешеді. Қандай құрылыс болады. Далада туалет тұру керек болса, өздері шешеді".
Әкімдіктегілер үйдің қоршауын сүріп тастамайтынын айтты. Ал дау-дамайдың соңғы нүктесін сот қоятын болады.