Жаңалықтар тізбегі
0

Ғылым – қоғам дамуының басты индикаторы

Қыздар университеті, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.05.2020 04:09 Қыздар университеті
Бүгінде Білім және ғылым министрлігі жариялайтын 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми конкурсқа университетте 56 ғылыми жоба жоспарланып, жұмыстар талапқа сәйкес дайындалуда.

Ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы "Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз" деген. Хәкімнің ұлағатқа айналған осы сөзінің мәні уақыт өткен сайын көмескіленбей, есесіне мағынасы артып келе жатыр. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда ғылым саласына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, елеулі қолдау көрсетіліп келе жатыр. Қазақстанның бұл тараптағы мақсаты – ғылымның дамуына жаңа қарқын беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыттарды қабылдау және отандық бизнестің ғылыммен тығыз байланыста болуына ықпал ету. Бұл орайда елімізде бірқатар істер жүзеге асырылып, нақты жұмыстар жасалуда.

75 жылдық төл тарихында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті білікті педагог кадрларын даярлаумен қатар, қазақстандық ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде оқу орны зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру және оны халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында алыс-жақын шет елдердің ғалымдары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, қазіргі күнде университет ғалымдары 28 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылатын гранттық жобалар да іске асырылуда. Зерттеушілер шетелдік әріптестерімен бірлесіп бірқатар жетістіктерге де қол жеткізіп үлгерді.

Университеттегі жоба орындаушылары мен жас ғалымдары жақында Германия, Ресей, Франция, Түркия, Польша, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттеріндегі іргелі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде тағылымдамалардан өтіп, біліктіліктерін жетілдіріп қайтты.

Химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Матаевтың жетекшілігімен орындалып жатқан ғылыми жоба Ұлыбританияның Кембридж университетіндегі Кавендиш зертханасының профессоры Монту Саксена мен Ресейдің Сібір федералды университетінің Физика институтының меңгерушісі Г. Патриннің қатысуымен орындалуда. Жақын арада аталған ғалымдар нақты табысқа қол жеткізеді деген сенімдеміз.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылымды басқару жүйесінде бірқатар өзгерістер болатынын атап өткен болатын. Ведомство басшысы бұл салада әлі де жетілдіруді қажет ететін бірнеше негізгі бағыт бар екендігін мәлімдеді. Олар ҰҒК жұмысын жаңғырту, ғылымды мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру, мемлекеттен тыс қаржыландыру үшін ғылымның тартымдылығын арттыру және ғылыми кадрларды даярлау сапасын түбегейлі дамыту.

Министр атап өткен мәселенің бірі ғылыми жобалар жайында. Бұған дейін ғылымға арналған конкурстар 3 жылда бір рет өткізілсе, бұдан былай олар жыл сайын өткізіліп тұрмақ. Жобаларды іске асыру мерзімі 3 жылды құрайтын болады. Осы мақсатта Қыздар университетінің профессор-оқытушыларымен гранттық жобалармен жұмыс жасауға арналған бірнеше семинарлар ұйымдастырылды. Мәселен, шара аясында Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің жетекші ғалымы Джахит Челик педагогикалық оқу орнының ғылыми жоба орындаушыларына, ұстаздар мен жас ізденушілерге арнап арнайы семинар өткізді.

Бүгінде Білім және ғылым министрлігі жариялайтын 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми конкурсқа университетте 56 ғылыми жоба жоспарланып, жұмыстар талапқа сәйкес дайындалуда. Сонымен қатар 2020 жылға оқу орны өз тарапынан гранттық қаржыландыру конкурсын өткізді. Конкурсқа 14 ғылыми жоба ұсынылып, нәтижесінде 4 ғылыми жоба барлық талап бойынша үздік деп бағаланды. 2019 жылы Қыздар университетінің профессор-оқытушыларының 700-ге жуық ғылыми еңбегі мен 15 монографиясы жарық көрді. Оқу орнының ғалымдары 12 қорғауға алынған құжатқа ие болды. Оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында "Scopus, Web of Science базаларында ғылыми ақпаратты іздеу тәсілдері" бойынша ғылыми семинарлар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Биылғы жылы индекстелген басылымдарда 160-қа жуық жарияланым шығару жоспарлануда. Сондай-ақ білім алушылардың ғылыми белсенділігін арттыру мақсатында жыл сайын "STARTUP TOMIRIS" байқауы ұйымдастырылады. Осы орайда айта кетейін, бүгінде университет бойынша 8 стартап жоба іске асырылуда. 2020 жылы университет бойынша стартап жобалардың санын 35-40-қа жеткізу көзделуде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев педагогикалық білім беру саласына әлемдік бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу үшін ерекше белсенді, ойы ұшқыр, танымы кең және азаматтық ұстанымы жоғары педагогтар дайындау міндетін қойды. Аталған маңызды мақсатты негізге ала отырып, Қазақстан жас ғалым-педагогтары Қауымдастығын құру туралы бастаманы қолға алған болатынбыз. Осы аз уақыт аралығында Қауымдастық еліміздің педагог мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру мен ғылым саласындағы болып жатқан бірқатар бастамаларды іске асыруға атсалысты. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, білім мен ғылымды ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының білім беру саласына енуіне ықпал жасау. Осыған орай 2018 жылғы 26 сәуірде Қыздар университетінде Қазақстан жас педагог-ғалымдарының бірінші республикалық форумы өтті. 2019 жылы осы шараны еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орындарының бірі – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жас ғалымдары ұйымдастырды. Қызылордағы "Болашақ" университеті эстафетаны қабылдап алып, биылғы дәстүрлі форумды Сыр елінде өткізбек.

Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында Қыздар университетінің жас ғалымдары Ұлттық аударма бюросымен бірлесіп "Қазақстанның Ашық университеті" жобасына қатысып, онлайн курс дәрістерін OpenU білім беру платформасына орналастырды. Сонымен қатар курстар мен дәрістер университеттің YouTube желісіндегі ресми арнасына да орналастырылуда. Бұл бастама жастардың интеллектуалдық деңгейін арттыруға бағытталған. Университеттің Хабаршысы журналына мақала қабылдау талаптары күшейтіліп, редакциялық алқа құрамы шетелдік жетекші ғалымдармен толықтырылды.

Алдағы уақытта университеттің ғылыми-зерттеу жұмысын әрі қарай арттыру мақсатында бірқатар нақты жұмыстар жоспарланып отыр. Күні бүгінде олардың бірқатары орындалуда.

Біріншіден, жалпыуниверситеттік ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін аумақты ортақ тақырыпты Ғылыми кеңесте бекітіп, оқу орнының ғалымдарын соған жұмылдыру (қаржыландыру мүмкіндігін университеттің есебінен қарастырудың көзін тауып).

Екіншіден, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту (зертханаларды, арнайы кабинеттерді заманауи қондырғылармен жабдықтау және құрылғылардың санын арттыру.

Үшіншіден, оқытушылар мен ғалымдарды ғылыми қызметпен мақсатты айналысу үшін қолайлы жағдай жасау (шығармашылық күнді кеңінен тарату, материалдық ынталандыру).

Төртіншіден, оқытушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеру.

Бесіншіден, профессор-оқытушылар құрамының, магистранттар мен докторанттардың зерттеу және сандық дағдылар бойынша білімдерін арттыру мақсатында жүйелі түрде семинарлар мен тренингтер өткізу.

Алтыншыдан, Химия және биология кафедрасының ғылыми әлеуетін ескере отырып, университеттің академиялық беделін арттыру мақсатында Химия және Биология мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес ашу. Бұл мәселе жуырда оң шешімін тапты.

Жетіншіден, Қыздар университетінде білім берудегі технологиялар трансферлеу орталығын құру. Бұл орталықты құрудағы басты мақсат – оқу үрдісіне зерттеу нәтижелерін енгізу.

Сегізіншіден, шетелдік жетекші ғылыми басылымдардан электрондық және баспа жазылымдарын сатып алу.

Тоғызыншыдан, "Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Хабаршысы" журналын "Scopus" базасына енгізу.

Отандық жетекші жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін көтеру бағытында қолға алып отырған және жоспарлап отырған жұмыстардың нақты нәтижесі алдағы уақытта шығады деген үміттеміз. Және ең бастысы атқарылған істердің сапасы басты назарда болады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында "Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік.." деп атап өткен болатын. Сөзімнің соңында қандай жағдай болмаса да бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін білім мен ғылымды дамыту жолында аянбай еңбек етуге әрқашан дайын екендігімізді айтқым келеді.

Нұрғали АРШАБЕКОВ,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: